//

Келер жылдар, келер айлар,… келер таң….

1032 рет қаралды

Қарашаның 22 күні қайран аға-жеңгем Беделхан мен Жәмиланың қырқы беріледі. Зулаған заман, зымыраған уақыт деген міне осы. Кеше ғана еді ғой, тірі жанға, тіршлік күйбеңімен жүрген адамға түк те білінбейді, қырық күн өте шығыпты. Қос марқұмның жаназасын Зуқа батыр атындағы Райымбек ауылы мешітінен шығарар алдында ағайын, аға-бауырларға «Жаназадан соң, өздерінің сүйіп айтатын, елдің жақсы көретін бір әнін қойып жіберсек қайтеді» деп қалдым. «Оның бәрі келісіммен болады ғой, Бақыт» деді арыдан шолып айтатын Өнерхан аға. Ал Оқан-Құрметбек «Өлеңіңді қырқында оқисың» деді. Міне, Өнерхан аға әлеуметтік желіде аға-жеңгеміздің қырқын жариялаған екен. Менің көкірегіме өлең оралды, соны бөлісейін. Топырақтарың торқа болсын, аға Беделхан, жеңеше Жәмила!

Не жазайын сен туралы, ағатай,

Мақтау деген келмейд саған баға сай.

Көз алдымнан көлбеп өтіп жатқаны-ай,

Бұлғын өзен, Сөңкіл көлдің жағасы-ай.

Сен туралы айтар болсам сөзім көп,

Міне ойды түрпектейді сезім кеп.

Бәрін қойшы тоқталайын біріне,

Не қылайын мылжың сөзді езіп-жеп.

Келер жылдар, келер айлар,… келер таң,

Бақыт-байлық жетегінде нелер сан.

Он жетісі сарша мынау тамыздың,

Үйленген күн Жәмила мен Беделхан.

Содан бері өткен екен қырық жыл,

Қырық жыл бір таусылмайтын қызық жыр.

Әлі күнде сол баяғы қалпында,

Беделхан мен Жәмиламыз қызып жүр.

Қараңдаршы, қос аққудан несі кем,

Бір-біріне деп тұрады кешірем.

Беделхан мен Жәмиланың жұптасы,

Домбыра мен қатар тұрған жетіген, деген болсам… енді…

Беделхан,  қайта келмес жылағанмен,

Тәңір де қайта бермес сұрағанмен.

Домбырам Беделхандай сөйлемейді,

Құлаған құбылтып мың бұрағанмен.

Жәмила енді келмес боздағанмен,

Қауышып кеткен шығар боз ғаламмен.

Жетіген жеті ішекті күйі келмес,

Тиегін арлы-берлі қозғағанмен.

Сүйгені сені мен біз, халық еді,

Бірі – алтын, Бірі – күміс, қалып еді.

Шығарған сол қалыптан өңкей сырттан,

Шашқаны айналаңа жарық еді.

Туадан өнер қуып азаптанған,

Өнерден ләззат алып қанаттанған.

Айдынның аққуынан айнымаған,

Бақытын тапқан жандар азат таңнан….

Қазанның желдеткені қара желі,

Мінгені желден жүйрік қарагері.

Уыстап лақтырғандай қалса керек,

Артында қап қара түн, қала, белі.

Күре жол шыққан күндей  алда жарық,

Барады ә дегенше көзді қарып.

Күрс еткен жалқы дыбыс, жай отындай,

Шағыпты тасты үгітіп, жарды жарып…

Қазақтың жылдам, жүйрік оқтан құсы.

Көрмеген қаймығып та оттан мысы.

Теміртау, Қарағанды арасында,

Ажалдың Қособасы тосқан тұсы.

Десек те өз тағдырың өз қолыңда,

Жәдігөй жатады екен кез жолыңда.

Жарқ етіп, жанып өтті қайран асыл,

Болмайтын жоқ деген сөз, сөз қорында.

Күз қандай көркем еді алуан түсті,

Қойғандай не бір өңге бояп тысты.

Өмір-ай, отқа тиген жапырақтай,

Барасың, барасың-ау, өртеп ішті.

Өмір-ай, бірде балсыз, бірде балды,

Ғұмырдың бара жатыр сиреп алды.

Жүректің жасы айдынға айналған күн,

Қос аққу әнге айналып кете барды.

«Жоқ» демей тұратұғын құрақ ұшып.

Алашын, ағайынын, бәрін құшып,

Толғанып тоғыз ішек күй тартқанда,

Байқамай жібердік пе қатты қысып.

Толғанып тоғыз ішек күй тартқанда,

Байқамай жібердік пе қатты қысып.

Бақытбек Бәмішұлы, 13.11.2019 жыл, Алматы.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

2024 жылдың айшықты оқиғалары

2024 жылы Қазақстанда көптеген маңызды оқиғалар болды. Осы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен АЭС құрылысы талқыланып, су