Негізі келесі жазбам Ұлы Британиядағы этностарға арналуы керек еді. Бірақ оған біраз уақыт керек. Кәдімгі пәлсапалық тұжырым, өзіндік қорытынды жасауға тура келеді. Емтихан уақыты жақындап қалғандықтан, оны кейінге ысыра тұрғанды жөн көрдім. Әзірге осы аптаның басында өткен “Аза тұту күні” жайлы жазбама назар аударыңыздар.
Аза тұту күні
Remembrance day – Аза тұту күні. Бүгін Британияда I және II дүниежүзілік соғыс құрбандарын аза тұту күні. I соғыста Британия 1 млн, II соғыста 500 мың солдатынан айрылған екен. Неге бүгін? Өйткені, 1918 жылдың 11 қарашасында Британия, Франция, Ресей және Германия арасында бейбіт келісім жасалып, I дүниежүзілік соғыс аяқталған. Бұл күні сағат 11-де барлық адам істеп жатқан жұмысын 2 минутқа тоқтатып, құрбан болған боздақтарды 2 минут үнсіздікпен еске алады. Соғыста жеңіске жетуші болмайды, құрбандар болады. Барлық құрбанның аруағына мың тағзым.
Дюнкирк оқиғасы
Британияға келгелі мені таңқалдырған бір дүние – ұзын сонар кезек. Кез келген жерде, тіпті автобусқа мінерде де, есіктен шығарда да ешкім алдыға ентелемейді. Кезек ұзаққа созылып бара жатса, біздегідей ешкім дау тудырмайды. Аспан айналып жерге түсіп кетсе де, кезегін күтіп тұрады. Осы тәртіп Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Британ және Франция әскерилерінің басым көпшілігінің аман қалуына септігін тигізіпті. 1940 жылы Еуропаны аса бір зор қарқынмен жаулап келе жатқан немістерге қарсы Франция мен Британияның одақ құрғанын білесіздер. Одақтастар Гитлерге қарсы қалай тұруды ойластырып үлгермей, Гитлердің аяғы Францияға да жетеді. Францияның солтүстігіндегі шағын қала Данкирк (Dunkirk) мүлдем немістердің қоршауында қалады. Қала қоршауда, артта тек теңіз. Осы жағалаудағы 400,000 адамның тірі қалуы неғайбыл. Азық-түлік таусылған, оқ – дәрі түгесілген, ауру-сырқау, жараланған әскерлер, күні – түні бомбаланған қала. 51миль жерде жағалау бар. Бірақ оған жету үшін кеме керек. Солдаттарды құтқарып алуға 200 кеме, 700 қайық келген екен. Қайықтардың келесі жағалауға жету мүмкіндігі өте төмен. Сонда да жағалауда солдаттар аса бір шыдамдылық танытып, кезегін күткен. Алға тек жараланған, ауру-сырқау адамдар жіберіліп отырған. Сол кезде Британияның Премьер-министрі боп жаңадан сайланған Уинстон Черчилль “Динамо операциясын” ұйымдастырады. Британияның қара халқынан қайықтарын Данкирк жағалауына жеткізуін сұрайды. Ағып тұрған оққа қарамастан адамдар жерлестерін құтқаруға жұмылады. Нәтижесінде 400000 адамның 338 мыңы құтқарылады. 62 мың адам мерт болады. Гитлерге қарсы алғашқы операцияның сәтті болуы одақтастарды да, солдаттарды рухтандырады.
Есенгүл Кәпқызы, жалғасы бар
Парақшамызға жазылыңыз