//

Тұманды Альбионда (жалғасы)

2039 рет қаралды
1

Алдағы жазбаларымның бірінде Ұлы Британияның құрамында Шотландия, Уельс, Солтүстік Ирландия және Англия деген төрт этностың бар екенін айтқан едім. Бүгін солардың тарихына аздап тоқтала кетуді жөн санап отырмын. 

Шотландия

Ұлы Британияның солтүстігіндегі Шотландия осы аталған төрт халықтың ірісі саналады. Орталығы – Эдинбург. Негізгі тілі – scottish. Бірақ бұл тілде сөйлейтіндер қазір өте аз. Осы өңірдің байырғы халқы – (celtic) кельттердің мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ағылшындардың өздері түсіне бермейтін scottish English акцентінде сөйлейді. 2014 жылы  Ұлы Британиядан бөліну туралы референдум өткізді. Бірақ халықтың басым көпшілігі Ұлы Британия құрамында қала беруді жөн көрді. Шотландияның өз Парламенті, сот жүйесі және бүкіл Ұлы Британияға жарамды болса да, өзіндік банкноттары бар.






Олардың тарихшы ғалымы Dr William Knoxтың пікірінше, ежелгі Шотландия төрт тайпалық одақтан құралады. Олар: Angle, Briton, Pict және Gaels (немесе Scoti), әрі төрт түрлі тілде сөйлеген. Тек біздің дәуіріміздің 6 ғасырында бүкіл ел Латын тілінде сөйлей бастаған. Ол Романдардың келуімен тікелей байланысты. Романдардан кейін викингтер келіп біраз билік құрады. Бірақ олар да романдар секілді, көп тұрақтамайды. Ал біздің дәуіріміздегі ХІІІ ғасырда Шотландия мен Англия арасында жан алып, жан беріскен соғыстар басталады. 1320 жылы Шотландия өзінің тәуелсіздігін жариялайды. Бірақ ұзақ жылғы текетірестен кейін 1707 жылы Шотландия мен Англия арасында бір тудың астында және бір  Парламенті бар одақ құру жөнінде келіссөз жүргізіледі. Шотландия Англиямен бір федерация құруды мақсат тұтады, бірақ Англия оған келіспейді. Аталған келісім бойынша, Шотландияның өз шіркеуі және заң жүйесі болатын болады. Сөйтіп, 1707 жылдың 1 мамырында бұл келісім қабылданады. 

Шотландияда бұдан кейін де ұлттық қозғалыстар толастаған емес. 20 ғасырдың басында ұлттық қозғалыстар қайта жанданады. Сөйтіп, 1928 жылы Шотландияның Ұлттық партиясы құрылады, 1934 жылы оның атауы Scottish National Party деп өзгертіледі. 1945 жылы Scottish National Party құрамынан алғаш рет Парламент мүшесі сайланады. Ал 1974 оның саны он бірге жетеді. Ал 1999 Шотландияның өз Парламенті жасақталады. 2011 Шотландия ұлттық партиясы басым дауыспен жеңіске жеткенімен, 2014 жылғы референдумда жұртшылықтың көбі Британия құрамында қала беруді жөн деп шешті. Қазір Шотландия халқының саны 5.3 миллион. 

Уельс (Wales) 

Ұлы Британияның Солтүстік батысында орналасқан Уельс (Wales) жайында не білеміз?

Уельс тілі (Welsh) де кельт тілінің бір бұтағы болып саналады. Біздің дәуірімізге дейінгі 600 жылдары пайда болған. Негізгі пайдаланушылары Бритонио аралдарының тұрғындары. Сол себепті Бритонио (Brythonic) тілі деп те айтылады. Бұл тіл Бритониялықтардың ғана емес, Breton және Cornish тайпаларының да тілі. Бұл заманда Кельт тілі біраз континенттің тіліне айналған. Оның сөйлеу аумағы қазіргі Түркия территориясына дейін жеткен. 

Шотландтармен салыстырғанда Уельс тарих сахнасында жеке мемлекет ретінде ұзақ ғұмыр сүрмеген. Уельс тілі 11-12 ғасырда сол заманның игі жақсыларының сөйлеу тіліне айналған. Билеушілер бұл тілді қарапайым халықты басқару құралына айналдырады. Уельс тілінің дәуірлеген шағы – шамамен 1000-1536 (www.historic.uk.com) жылдар. Осы жылдары тарихи дастандар жазылып, Уельс халқының ұлы шайырлары өмір сүрген. 

ХV ғасырда Англия мен Уельс арасында бірігу туралы келіссөзге қол қойылады. Уельс тілі биліктің, саясаттың тілі болудан қалады. Тіпті қарапайым халықтың өзіне уельс тілін пайдалануға тыйым салған замандар болған екен. Сөйтіп тіл өзінің маңызын жоя бастайды. Осы кезеңде ағылшын тілін үйренушілер қатары артады. Уельстіктер ағылшын тілін білген алғашқы жерлестерін ‘Sais’ деп атаған екен. Бізде орыс тілін білген алғашқы қазақтарды “оқығандар” деп атаған секілді ғой. Қазір бұл сөз ұнатпаған ағылшындарына қарсы қолданылады екен. 

Уельс тілінің тарих бетінен жойылып кету мүмкіндігі 1682 жылы болжанған екен. William Richards деген кісі “Englished out of Wales” деген фразаны қолданған. Оған себеп адамдар балаларына уельс тілінде ат қоюды азайтып, білімді ағылшын тілінде бере бастаған. (https://www.walesonline.co.uk/lifestyle/fun-stuff/28-fascinating-things-you-should-10411205 ). Дәл сол мезетте Thomas Jones те уельстіктердің тарих сахнасынан ығыстырылатынын айтқан. Ағылшындандыру саясаты баяу, бірақ кеңінен жүргізіліп келді. Дегенмен, жүз был бойы Уэльс тіліндегі әдеби шығарма  толассыз жарияланды, соның нәтижесінде ХVІІІ ғасырда Уельс әдебиеті дамыған бірнеше елдің қатарында болды. Griffith Jones мектептерде Уельс тілінде дәріс беріп, уельс әдебиетін оқытуға барынша зейін қояды. 

1921 жылы Уельстің кейбір өңірлерінде, мәселен, Llanddeiniolen, Caernarfon деген өңірлерінің  56%-ы тек уельс тілінде сөйлеген. 1930 жылдары тек уельс тілін білетін 100 мыңдай адам болған. 

Бүгінде уельс тілін әрбір бесінші адам сөйлейді. Тіпті кейбір аймақтарында әрбір оныншы адам ғана біледі деген статистика бар. 

Ultra-wide angle view of the Harlech Castle with Mount Snowdon in the background. Harlech Castle, Gwynedd, Wales.

1950 және 1960 жылдары саяси партиялар Уельстіктердің ұлттық санасын оятуды мақсат етеді. Кардиф қаласы Уельстің орталығына айналады. Өз ұлттық жалауларын қабылдайды. Уельс тіліне мемлекеттік статус беріледі. 1980 жылдан бері Уельс тілі мектептерде міндетті пән ретінде үйретіледі. Бірақ ол тілде сөйлеушілер тым аз.

(жалғасы бар)

Есенгүл Кәпқызы 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Өте жақсы. Ана атауларды қазақша айтылуымен жазып отырсаң құба құп болар еді. Біз ағылшынша білмейміз ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар