///

Боран Рахымбекұлы, британиялық дәрігер: Коронавирус толықтай 2022 жылы ауыздықталуы мүмкін

1379 рет қаралды

Боран Рахымбекұлы Қытайда дүниеге келген. Ұлы Британияда тұрып жатқанына 18 жылдың жүзі. Негізгі кәсібі физиотерапевт, көмек көрсету саласында жұмыс істейді. Негізгі пациенттері қарт адамдар. Ұлы Айболдың мамандығы биомедик, Джеймс Кук университеті ауруханасының лабораториясында жұмыс істейді. Боран ағамен әңгімеміз бүгінгі өршіп тұрған коронавирус пандемиясы жайында болды.

– Қазір ел арасында «коронавирус әлдекімдердің ойлап тапқан саясаты. Сол үшін бұған көп сене берудің қажеті жоқ» деген әңгіме жүр. Сіз осы пандемия өршіп тұрған Ұлы Британияда коронавирустан зардап шеккен адамдармен бетпе-бет кездесіп жүрсіз. Осы мәселеге орай не айтасыз?

– Екі айдан бері коронавирус инфекциясымен күресіп жатырмыз. Сонда ел арасында мынадай әңгіме бар екенін естіп, не күлерімді, не жыларымды білмей отырмын. Ұлы Британия Наурыздың 23-інен төтенше жағдайға жабылды. Еуропа елдерінің ішінде Италия, Испания, Франция және Ұлы Британияда жағдай өте ауыр болды. Мен өз басым күнделікті осының арасында жүрмін. Аптасына 37 сағат жұмыс істеймін. Кейде  60 сағатқа дейін жұмыс істейтін кездерім болады. Сенбі, жексенбіні де ұмыттық. Ұлы Британияның Ньюкасл қаласының Фриман (Freeman) және RVI деген ауруханаларындамын.  Басында Британияда да бұған көп мән бермеді. Кейін жаппай сипат ала бастағанда, бұл жұртты қорқыта бастады. Бұл бүкіл қоғам үшін тосын жағдай еді. Тіпті ғалымдардың өзі  бұған жауап таппай қиналуда. Өзге өзге Ұлы Британияның Премьер министрінің өзі ауырып қалды. Бұл өте жұқпалы ауру. Сондықтан бұл ауруға көз жұма қарауға болмайды. 

Ұлы Британияда дәрігер тапшылығы байқалады. Зейнетке шыққан 65 мың медицина қызметкерлерінің бәрін кері жұмысқа шақырып алды. 20 мың ерікті осы салаға көмек қолын созуға келді. 25 мың әскери дәрігер жұмылдырылды, оның үстіне биыл медицина факультеттерін бітіріп жатқан студенттердің дипломын мерзімінен бұрын беріп жатыр. Лондонда 4 мың адамдық ғимаратты осы мақсатқа дайындады, біздің Ньюкаслдің өзінде  1,5 мың адамдық аурухананы босатты. Бұл жағдайдың қаншалықты ауыр екендігінен хабар берсе керек.

– Осы вирустың таралуына Билл Гейтстің қандай қатысы бар деп ойлайсыз? Біздегі әңгімелерге құлақ түрсек, Билл Гейтс вирусты ойлап табушы адамды қаржыландырған, сосын оны Қытайдың Ухань қаласындағы лабораторияға жасап шығуға тапсырыс берген. Өйткені, бұған қарсы вакцинаны бүкіл адамзатқа міндеттеу, сөйтіп ДСҰ арқылы қаржы табу» дегенге саяды. Ұлы Британияда бұған қатысты қандай әңгіме бар. 

– Әрине, осыдан бес жыл бұрын Билл Гейтс осы эпидемияның болатынын болжаған екен. Өйткені бүкіл әлем бүгінімен ғана өмір сүрмейді. Болашақта қандай тәуекелдер болуы мүмкін, оған біз қаншалықты дайынбыз. Сол үшін мұндай әңгімелердің болуы заңды. 

Қытайдың Ухань қаласында француздар салып берген Р4 лаборатория бары да рас. Бұл лаборатория әлемде вирустарды зерттеуімен атақты. Оған өзгені былай қойғанда, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың өзі қаржы құйған. Бірақ, «бұл вирус алдын ала ойластырылған, адамзатты қыру әдейі қолдан жасалып отыр» деу ақылға сыймайды. 

– Ақпарат құралдарының жазуы бойынша, Ұлы Британия коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан екен. Қазір қолдануды бастап кеткен көрінеді. Бұл қалай жүріп жатыр?

– Иә, Британия ғалымдары сәуірдің 24-інде вакцинаның алғашқы партиясын пайдалана бастады. Алғашқы 500 бұл вакцинаны ектіріп үлгерді. Вакцина Британияның атақты Оксфорд университетінде жасалды. Бірақ бұл тек сынақ ретінде жасалып жатыр. Бұны толық сынақтан өткізіп болғанша, бірнеше жыл өтуі мүмкін. Біздегі дәрігерлердің болжамы бойынша, коронавирусты толық жеңіп шығу – 2022 жылға дейін жалғасуы мүмкін. 

-Кейбір Еуропа елдері төтенше жағдай талаптарын жеңілдете бастады. Ұлы Британияның жоспары қандай?

Франция мамырдың 10-ында төтенше жағдайдан шығатынын мәлімдепті, Британия да кейбір жұмыс орындарын аша бастады. Дегенмен, толық ашылуы үшін Қыркүйекке дейін баратын сияқты. Алайда сақтық шаралары сақталатын болады. Бұл жерде тағы бір әңгіме өзегіне айналып жатқан дүние, маска тағу-тақпау мәселесі. Еуропа елдері маска тағуды онша ұната бермейді. Бастысы санитария талаптарын сақтап, қолды жиі жуып жүру керек әрі адамдардың арақашықтық сақтауына қатты мән береді. 

Дегенмен вирустың екінші толқыны қайта айналып соғу мүмкіндігі де айтылып жатыр. Келесі күзде ме, қыста ма, ол қайталанады деген болжамдар бар. 

– Қазақстан үкіметі осы вируспен күнделікті бетпе бет келіп жүрген дәрігерлер үшін қомақты үстемақы тағайындап жатыр. Ұлы Британия ше?

– Біздегі жүйе де, мемлекеттің ұстанымы да өзгеше. Британияда дәрігерлердің айлығы, дәрежесі бұрыннан жоғары. Сол себепті де, ел басына күн туып жатқан бүгінгідей жағдайда қосымша ақы туралы әңгіме айтудың өзі ұят. Коронавируспен тек дәрігерлер ғана күресіп жатқан жоқ, жеткізу қызметіндегілер, халықты азық түлікпен қамтамасыз ету мақсатында сауда дүкендерінде қызмет ететіндер, жол жөндеушілер, электр тогымен қамтамасыз етушілер, бұлардың барлығының рөлі бірдей. Оның үстіне Британияның Денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті халықтың төлеген салығының негізінде жасақталады. Оның есебі бар.

Дегенмен, осы вирусты зерттеу мақсатында 200 миллион фунт бөлінді. Соның 20 миллионы вакцинаны ойлап табу жолына жұмсалып жатыр. Тағы бір айта кетер мәселе, жеке кәсібі тоқтап қалған кәсіпкерлердің айлық табысының 80 пайызы төленіп жатыр. Ол төлемдер төтенше жағдай аяқталғанша сақталады. Банк несиелерін төлеу уақытша тоқтатылды.

– Қазақстанда дәрігерлердің ауруға шалдығу үлесі аса жоғары. Сіздерде дәрігерлердің қорғану, сақтану шаралары қандай?

– Аурудың алғашқы толқыны басталған кезде сақтық шараларын жасауды ескермей, ауруға шалдығып, қайтыс болып кеткендер бізде де бар. Нақты санын білмеймін, десе де он доктор, жиырмадай медбике құрбан болды деп айтуға болады. Сақтану шаралары дегенмен жоғары. Кешеден бері бүкіл тұрғынды тестіден өткізу шарасы қолға алына бастады. Бұған дейін ауру симптомдары барлары ғана тестіден өтетін еді. Өкініштісі, бұл аурудың симптомдары бірден байқалмайды. Ауру анықталғанша, маңайында қанша адамға жұқтырып үлгереді ғой. Сол себепті де, жаппай тестілеудің де өз нәтижесі болуы мүмкін. 

– Сіз коронавируспен ауырып жазылған адамдармен жұмыс істеп жүрмін дедіңіз. Көптеген пікірге құлақ ассақ, онымен ауырған адамдарда иммунитет пайда болады екен. Қайталап ауырмайды дегенге сайса, кейбір ақпарат құралдары қайталап ауырғандар туралы деректерді де айтып жатыр. Сіздің пациенттеріңіздің арасында қайталап ауырғандар бар ма? 

– Әзірге менің пациенттерімнің арасында да, Британияда да қайталап ауырғандар жоқ. Мен өз басым қытай тілін жақсы білетіндіктен, қытай ақпарат құралдарын жіті бақылап отырамын. Ақпараттарға сүйенсек, ол жақта қайталап ауырып жатқандар жеткілікті көрінеді. Демек, бұл әлі нақты емес. 

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар