Мамырдың 11-інде төтенше жағдай аяқталмақ. Халық бұрынғыдай қалыпты өмірге көше бастайды. Дегенмен өмір бұрынғыдай болмайды. Біріншіден коронавирус бүкіл әлемнің экономикасының быт-шытын шығарды. Екіншіден, бұған дейін қалыптасқан өмір ағымы, адамдардың өмір туралы түсінігі өзгерді.
Әлемдік экономистердің болжауы бойынша эпидемиядан зардап шегетіндер дамушы елдердің экономикасы. Африканың көптеген елін пандемия кезінде аштық жайлап барады. Бұл дағдарыс 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан асып түспек. Кейбір экономистер бұның салдарын екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан кем болмайды деп болжайды. Oxfam, Лондондағы Королевва колледж және Австралия ұлттық университетінің жаңа зерттеуі бойынша, коронавирус салдарынан жарты миллиард адам аштыққа ұрынуы мүмкін.
Жұмысшылардың көбі ақысыз демалысқа жіберілді. Үкіметтің төлеп отырған ең төменгі жалақы көлеміндегі жәрдемақы жыртыққа жамау болмасы анық. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер табыс көзінен айрылып отыр. Шағын және орта бизнестен кейін ең ауыр зардап шегетіні – туризм саласы дейді мамандар. Өйткені пандемия ауыздықталып, шекаралар ашылғаннан кейін де, бұрынғыдай шетелге ағылатын туристер болмайды. Биыл жазғы демалыста шекаралардың ашылуының өзі екіталай. Ашылған күннің өзінде саяхаттарды халықтың қалтасы көтере алмайды. Доллар қымбаттап, теңге құнсызданып кетті, оның үстіне халықтың кірісі тоқтап тұр. Қазақстанның өзінде жұмыссыз қалатындардың саны 4 миллион деген болжам айтылуда.
Сарапшылар дағдарыстан бірінші болып шығатындар транспорт, коммуналдық төлемдер, әуе қатынастары, шаштараздар, сұлулық салоны екендігін айтады. Оның үстіне коронавирус кейбір жұмыстың кеңсеге барудың мүлдем қажет емес екендігін танытты. Жұмыс берушілер ақша үнемдеу мақсатында кеңсе қызметкерлерінің біразын қысқартуы мүмкін.
Оның үстіне пандемия кезінде төл теңгеміздің құлдырауы да жығылған үстіне жұдырық болатын түрі бар. Теңгенің құлдырауы мұнай бағасына тікелей ықпал ететіні айтпаса да түсінікті жайт. Әсіресе шикізатқа тәуелді Қазақстан қазынасы бүгіннің өзінде біраз босап қалғанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар, бюджетке түсетін салықтар да тоқтап тұр. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында бюджетке 378 миллиард теңге түспеген.
Тағы бір маңызды мәселе – еліміздің экспорттаушы емес, импорттаушы мемлекет екені. Сол себепті де, сырттан әкелінетін тауарлардың бәрі қымбаттайды. Сондықтан отандық өнімді шындап қолға алатын кез келді.
Әлемнің дамыған мемлекеттерінің де экономикасы әжептәуір зардап шеккені белгілі. Еуростаттың мәліметі бойынша, Еуропа одағы елдерінің экономикасы да әлсіз экономикалардың қатарын толтыруда. 2020 жылдың алғашқы үш айында ЕО экономикасы 3,5%-ке қысқарған. Еуропаның орталық банкі еуро зонасындағы елдердің ІЖӨ (ішкі жалпы өнімі) 12%-ға төмендейді деген болжам жасайды. Демек жыл соңында 2 трлн еуроға кемиді деген сөз, оның үстіне дәл осындай қаржы вируспен күреске жұмсалады. Дегенмен, бай мемлекеттер кедей елдердің экономикасын сауықтыру үшін арнайы стратегия жасап жатқан көрінеді. Ең бастысы, дамыған елдер кедей елдерге жиыны ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 191% құрайтын қарыздарының 2020 жылға тиесілі үлесін кешіру көзделіп отыр. Oxfam дайындаған «Бәріне арналған экономикалық көмектің жоспары» атты құжат дайындаған. Осы құжат бойынша $2,5 трлн бөлінбек. Бұл көмекке зәру делінген 85 кедей елдің тізімі жасалып, әлемді коронавирус зардабынан құтқару жоспарлануда. Қазақстан бұл тізімге ене ме, енбей ме, әзірге белгісіз. Белгілісі – әлемде екі мың миллиардердің байлығы 4,6 миллиард адамның табысынан артық екені.
Есен Байнұр.
Парақшамызға жазылыңыз