Мамырдың 31-і саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Бұл күнге арнап әдейі Үндеу жасаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге саяси баға беру үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Осыған орай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразовпен сұхбаттасқан едік:
– Өзіңізге белгілі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан халқына мәлімдеме жасап, 1993 жылы басталған жұмысты аяқтау үшін Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді. Бұл әрине, еліміздің тарихы үшін қуанышты шешім. Тарихшы ретінде бұл іс қалай басталуы керек деп ойлайсыз?
– Бұл шешім нақты іске асу үшін ең алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің архивтері ашылуы керек. Бұған дейін бұл екі архив те зерттеушілер үшін жабық болды. Өйткені, аталған екі мекеме де Кеңес өкіметінің заңды мұрагері ретінде айыпталған азаматтардың тергеу материалдарын зерттеушілердің қолына берер емес. 58 баппен айыпталған Алаш қайраткерлері құжаттарының өзін ІІМ-інің архив қызметкерлері зерттеушілерге бермей отыр. Ал бұл баппен айыпталған тұлғалар сонау 1993 жылы ақталған еді. ҰҚК-нің архивіндегі 59 баппен (қолына қару алып, кеңес өкіметіне қарсы шыққандар) айыпталған тұлғалар әлі күнге дейін ақталмады. Олардың құжаты зерттеушілер үшін мүлде жабық.
– Архив тәртібі бойынша кез келген құжат белгілі бір мерзімнен кейін зерттеушілердің көруіне рұхсат етілмей ме?..
– Әрине, кез-келген құжат 40-50 жылдан кейін зерттеушілерге ашық болуы керек. Өркениетті елдерде құпия құжаттар 40 жыл өткен соң (мемлекеттік аса маңызды құжаттардан басқа) ашылады. Ал бізде керісінше, Кеңес өкіметінің құлағанына 30 жыл болса да, Қазақстанда терроризм жасаған большевиктердің қылмысын айқындайтын құжаттар ашылмай отыр. Ондайда не күтуге болады?.. Елімізде жаппай террор жүргізген кеңестік билікті кім және не себепті қызғыштай қоритыны түсініксіз?
– Сонда архив ашылмаса комиссияның пәрмені әлсіз болайын деп тұр ма?
– Комиссия құру ең оңай іс. Ал, сол комиссияның қандай құзыреті болады. Арxив, әсіресе ҰҚК-нен ІІМ-не берілген арxив құжаттарына толық және шектеусіз қарауға комиссияның құқығы болу керек. Олай болмаса бәрі бос әуре. Науқаншылдыққа айналады. Сондықтан, Комиссия атқаратын істің Концепциясы бекітілуі керек. Ол Комиссия үшін барлық арxив ашылып, шектеу қойылған құжат болмауы тиіс. Полиция қызметкері ІІМ-не бағынышты Департаменттердегі арxивтегі құжатты толық қарауға кедергі жасамауы керек. Сонау 1990 жылдары М.Қозыбаев бастаған комиссия тарапынан атқарылған жұмыс жалғасын тапқаны абзал. Ол комиссияға да жартылай ғана мүмкіндік берді. Соның өзінде қаншама тарихи шындық ашылды. Сол комиссия құрамында жұмыс істеген М.Қозыбаев, К.Нұрпейіс, Қ. Алдажұманов, М. Қойгелдиев, Т. Омарбеков және т.б. сол құжаттар негізінде қаншама құнды еңбектер жазды. Әлі де ғылыми айналымға енгізіп келеді. Ал тіпті қажет болса, сол комиссия тұжырымдамасы негізінде жаңасын дайындаса. Кеңестік биліктің қазаққа жасаған қиянаты толық ашылуы үшін барлық құжаттар арнайы ортақ бір қормен Орталық мемлекеттік, ал облыстағылары облыстық архивке жүйелі өткізілсе дұрыс болар еді.
– Тарихшылар бұдан бұрын осы мәселені көтерді ме?
– 2013 жылы «Тарих халық толқынында» атты бағдарлама тұсында президентке Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Президентінің архивіндегі «с» грифі (құпия белгісі) қойылған қорларды ашу мәселесін көтеріп, ел тарихын кемел жазу үшін аталған қор материалдарын жабық режимнен шығаруды сұрағанбыз. Өкінішке қарай, бұл хат жауапсыз қалды.
– Енді құрылар комиссия құрамы сіздің ойыңызша қалай жасақталып, істі неден бастағаны жөн?
– Ең алдымен, парламент 59 баппен айыпталғандарды ақтау туралы заң қабылдауы керек. Осыдан кейін аталған жабық мекемелердегі құжаттар ҚР Мемлекттік орталық архивке өткізілуі тиіс. Егер ол құжаттар Орталық архивке өтпесе ІІМ-і мен ҰҚК-нің архивтері жабық мекеме ретінде, түрлі сылтау айтып, зерттеушілерге құжаттарды ашуға толық мүмкіндік бермейді.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Назым Дүтбаева
Парақшамызға жазылыңыз