Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысына ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бейнеконференция форматында өтіп жатқан жиында адами капитал, яғни білім беру, денсаулық сақтау мәселелері талқыланды.
Осы жиында президент Қ.Тоқаев 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 мектеп, ауылдағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700 –дан астам спортзал салу жоспарланғанын айтты. Бұл мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару оларды қаржыландыру облыстық деңгейде жүзеге асырылады.
Негізінен әлеуметтік салаларды реформалау туралы айтылған жиында мемлекет басшысы бұл бастамалардың Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалатынын айтты.
Осы отырыста Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов
– Үй-ішінің табысы жоғары абитуриенттер грант алмауы керек. Гранттарды табысы төмен отбасылардан шыққан барлық абитуриенттерге 50 балл жинаған жағдайда бере беру керек, деген ұсыныс айтты. Оның ойынша, мұндай қадам әлеуметтік лифттің жұмыс істеуіне жол ашады.
Сондай-ақ, осы кеңестің тағы бір мүшесі Рауан Кенжеханұлы, біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға 3 мыңдай жаңа мектеп қажет. Мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды, дей келе, мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тартуды ұсынды.
Мінбер-ақпарат
Парақшамызға жазылыңыз