////

18 жыл бойы Қазақстан азаматы атана алмай жүр

11975 рет қаралды
2

Қазақстан Республикасының азаматы атану қаншалықты қиын. Кейбіреулер үшін бұның аса қиындығы болмауы мүмкін, алайда Қытайдан 2002 жылы оралған Абдурасол Зохра үшін тура 18 жыл бойы азамат атану қияметке айналып келеді. Зохра азамат атану үшін құзырлы органдардың талаптарының бәрін орындап келеді. Өкінішке қарай, оның өтініші әлі орындалған жоқ. 

Түсінікті болу үшін бәрін басынан баяндайық. 

Зохра 2002 жылы Қытайдан Қазақстанға жолдасы Апызұлы Асқармен бірге қоныс аударған. Жолдасы келген бетте Қазақстан Республикасының азаматтығын алады, ал ұлты ұйғыр болғаны үшін Зохраға үш жыл тұрақты тұру қажет деген талап қойылады. Ол ықтияр хат рәсімдейді. Өкінішке қарай, Зохраның жолдасы  2005 жылы қайтыс болып кетеді. Екі баласымен жесір қалған Зохра (кішісі жолдасы қайтыс болған соң қырық күннен кейін дүниеге келген) содан бері Қазақстан Республикасының азаматы атана алмай жүр. Екі баласы да Қазақстанда дүниеге келген, қазір үлкені он алтыға толып азамат атанып отырса, қызы он бес жасқа келді. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылына келген ол бірнеше рет азаматтық алуға өтініш жазған.

Зохра маған 2012 жылы жазылған арызына келген жауапты көрсетті. «2012 жылдың желтоқсан айында енем Бакри Фатима менің азаматтық алуыма көмектесуін сұрап арыз жазған еді. Сол хатқа Алматы облысы Көші-қон полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ә. Әбдіқалиевтің қолы қойылған №20-5/13801, 24.12.12 нөмірмен жауап алдым. Сонда: «2006 жылғы 10 қазандағы №198 «ҚР Президентінің жанындағы азаматтық туралы Ережесі» туралы ҚР Президентінің Жарлығының 3 тармағының 17 тармақшасына сәйкес ҚР азаматтығын алу үшін ҚХР азаматтығынан бас тартқаны туралы анықтама тапсыруы қажет» делінген.

Зохра онымен тоқтамайды, 2013 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі, Көші-қон полициясы комитетіне өз атынан арыз жолдайды. Ол хатқа 2013 жылдың 27 ақпанында  №8/6-49-ЖТ-А-414 нөмірлі жауап алған. Хатқа төраға орынбасары С. Сайынов қол қойған. Ондағы азаматтық беруден бас тартудың себебі жоғарыдағы хатпен мазмұндас. Зохра бұл хатты алғаннан кейін, Қытай халық республикасының азаматтығынан бас тарту мақсатында ҚХР-дың сол кездегі төрағасы Ху Цзинтаодың атына арыз жазады. Ол хатына «егер өзге мемлекеттің азаматы атансаңыз, Қытай сізді автоматты түрде азаматтықтан шығарып тастайды, одан бұрын азаматтықтан шығару қарастырылмайды» деген жауап алған. 

Амалы таусылған Зохра нағашыларын паналап, Павлодар облысына қоныс аударады. Бұл жақтан да бағын сынап көрмек болған ол Павлодар облысындағы «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне көмек сұрап хат жазады. Төрағаның орынбасары Ы. Исаев қол қойған 2019 жылдың 16-сәуірдегі жауап хатында олар Зохраның Қытай азаматтығынан шығуы қажеттігін ескерткен.

Келесі жылы Зохраның Қытай төлқұжатының уақыты аяқталады. Әзірге екі ай үзілістен кейін кешікпей аяқталатын тұрақты тіркеуінің мерзімін созуға қол жеткізді. 

Өзінің жағдайын баяндап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына да хат жазған екен. Төтенше жағдай килігіп, екі ай күтуге тура келген. Өзін телефонда ДҚҚ заңгері деп таныстырған Мұрат Әбішұлы Зохра Абдурасолдың жағдайынан хабардар екенін, неге осы күнге дейін азаматтық ала алмай жүргенін түсіне алмай жатқанын айтып, маусымның 5-іне кездесуге шақырып отырғанын жеткізді. Ол қалайда көмектесетінін айтты. 

P.S. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша, Қазақстан Республикасының азаматтығына үміткер шетел азаматы Қазақстан Республикасы аумағында бес жыл тұрақты тұруы тиіс, Қазақстан азаматына үйленген немесе тұрмысқа шыққан жағдайда ол мерзім үш жылға дейін қысқарады. Қытай Халық Республикасы өзге елдің азаматтығын алған азаматтарын азаматтықтан автоматты түрде шығарады. Өзге елдің азаматы атанбай тұрып, ол елдің азаматтығынан шығу мүмкін емес. 

Ал Зохраның Қазақстан азаматынан туған екі баласының үлкені ҚР азаматы, екіншісі  әлі он алтыға толмағандықтан, азамат атанып үлгермеген. Былтыр қызы Қырғызстанға олимпиадаға бармақшы болғанда, паспорт алуға арыз берген екен: «анасы азаматтық алса бірге алсын, былай, он алты жасқа толғанын күтеді» депті. Зохра 15 жыл бойы екі баласына төленетін жәрдемақымен күнелтіп келеді. Өзгелерге тиесілі 42500 теңгеге де қол жеткізе алмаған. 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар