Бірнеше күннен бері Шымкентте “TALAS FILM” киностудиясында түсірілген «Жезөкше» атты ролик желіні шулатқаны мәлім. “TALAS FILM” киностудиясының негізін қалаушы Серік Таласовтың бұл видеоны түсіру үшін Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығымен келісім шартқа отырып, бес видео ролик түсіру үшін 6,2 миллион теңгенің келісім шартын жасағаны жайлы www.factcheck.kz сайты жазған болатын.
Көп кешікпей Шымкент қаласы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаевтың бұл роликке қатысты мәлімдеме жасап, бұл роликтің бюджет қаражатына түсірілмегені жайлы ескертті. «Ол видеоны жарыққа шығарған киностудиясымен әріптестік меморандум жасалғанымен, оны түсіру туралы нақты келісім болмаған. Яғни, Жастар ресурстық орталығы тарапынан роликтің сценариі бекітілмеген. Бұл роликке мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Ол ролик “TALAS FILM” киностудиясында өз қаражаттарына түсірілген. Бір айта кетерлігі, роликтің соңында “қолдау білдіреді” деген сөздің орнына “тапсырыс береді” деп жазылып кеткен. Бұл олқылықты байқаған соң, орталықтың логотипін алдырып тастадық. Осы секілді басқа да материалдардың таралмауын қатаң бақылауға аламыз. Біз әйелдердің құқықтарын, отбасылық құндылықтарды, балалар мен жастардың құқықтарын қорғауды дәріптеп, сәйкесінше, ешқандай жағдайда да жеке алынған адамның сырт әлпетіне қарап кемсітуге жол бермейміз”, – деген ол.
«Мінбер» ақпарат агенттігі бюджеттен қаржы алатын мекеме жайлы зерттеуін арықарай жалғастырады. Бұл жолы «ИП Таласов Серик Туребекович» жайлы ақпаратпен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Мемлекеттік сатып алулар сайтында аталған жеке кәсіпкердің 2016 жылдан бері 92816000 теңгеге жасасқан 11 келісім шарты бар. Оның төртеуін ашық конкурс негізінде, жетеуін бір сатып алушы ретінде жеңіп алған. Келісім жасасқан мекемелер: Түркістан облысының «Жастар ресурстық орталығы», Ішкі саясат басқармасы, Түркістан облысы Отырар ауданы Ішкі саясат бөлімі, Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері жөніндегі басқармасы, Түркістан облысы Туризм басқармасы. Ең ірі көлемдегі келісім шарты –Түркістан облысы Туризм басқармасымен 2019 жылдың қараша айында 29 миллион теңгеге жасалған. Келісім шарттың негізгі мақсаты – Түркістан облысының туристік нысандары мен көне қалалардың 3D бейнероликтерін әзірлеу. Ашық конкурсқа сегіз компания қатысқан. Келісім шарт бойынша бұл жұмыстың аяқталу мерзімі 2019 жылдың желтоқсан айының соңы. Бір айдың ішінде осыншама соманы игерудің өзі адамда күдік тудырады.
Келесі ірі көлемдегі келісім шарты – Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығымен жасалған. Келісім құны – 13 300 000.00 теңге. Алайда бұл қаржы аздық етті ме 2018 жылдың 15 қарашасында тағы да осындай сомаға қосымша келісім шарт жасасуды жөн көрген. Ал биыл сәуірдің 30-ында 6,2 миллион теңгеге қысқамертражды роликтер түсіру қызметін жеңіп алған. Техникалық ерекшелігіне қарасаң «Отбасы, жастар тақырыбында 5-10 минут аралығында 5 бейнеролик әзірлеу».
Серік Таласов деген адамның инстаграмда және youtube әлеуметтік желісінде аккаунттары бар. Фейсбук желісіндегі достарының саны 5 мыңға жуық. Бірақ, мемлекеттік бюджеттен алған қаржының есебін ешжерден таппадық.
Парақшамызға жазылыңыз