Қоғам түзелуі үшін өнердің тілімен көп шындық айтылып-ақ жатыр. Бірақ адамның ниеті бұзылғасын бетін бері қарату қиын…
Бұл заманда кім өзін жындымын дейді. Бірақ “жынды” болмау үшін “аш бәледен қаш бәле” боп кеткендер қаншама?..
Кино саласында әлеуметтік фильм деген ұғым бар. Мына “Дурак” фильмі сондай екен. Көркем деуге келмес, өйткені адал болғаны үшін сұп-сұр өмір кешетін кейіпкердің өмірі түк те көркем емес. Біз кинодан көп күтетін романтика да жоқ мұнда. Тек өзгенің дүниесіне қол сұқпайын деп, өзекке тебілген шарасыз отбасы бар. Олардың бар айыбы “түлкі заманды тазы болып шала” алмай қалғаны. Өзі білген, қауіп еткен шындықты тобырға түсіндіре алмайды, өйткені олардың оны түсінуге не сауаты, не ниеті жоқ. Ал байлар оның шындығын түсінгенімен өздері көгендеулі.
Түлкі болып заманына икемделген кейіпкерлердің де жаны тыныш емес, өзіне таяқ тиер уақытта қорыққанынан одан үлкен былыққа батып шарқ ұрады. Олар да шарасыз еді, айыбы “жынды” болғысы келмегені, сүреңсіз күй кешкісі келмегені. Жынды болса шындығын не байға не кедейге ұқтыра алмай бейшара күйге түсер еді.
Арғы бергі тарихта әр халықтың өнері қоғам сипатын кейде осындай натурализммен, кейде абсурдпен, кейде көркем бейнелермен жеткізіп -ақ жүр. Тек оны әркім әрқалай түйсінеді. Мәселені әркім өз білгенінше шешкісі келеді.
Бабалар көп айтқан ынсап, обал – сауап деген ұғым адам санасынан сетінеп кетпесе екен. Әлемді сұлулық емес, қанағат құтқарады.