//

Жағдайы бақылаудан шығып кеткен министрлік: Цой дағдарыс менеджері бола ала ма?

2097 рет қаралды

Елдегі эпидемиологиядық жағдай ушығып барады. Әлеуметтік желіде түсініксіз тұмаумен ауырып жатқандардан аяқ алып жүргісіз. Көбінің айтуына қарағанда, ауруханаларда орын жоқ, дәріханаларда дәрі жетпейді. ПЦР тестісін тапсырайын десе, ол да жоқ. Осындай жағдайда елдің Денсаулық сақтау министрінің ауырып қалғаны да, жағдайды бақылаудан шығарып алғандай. Он күннен астам ауырып жатқан Елжан Біртанов елдегі пандемиялық ахуалдың қиындап бара жатқанын өзі де мойындаған.

Елжан Біртанов 2017 жылдан бері Денсаулық сақтау министрі болып істеп келді. Жұрт оны іскер басшы, кризис менеджері деп бағалауда. Дегенмен Біртановтың коронавирус эпидемиясына қарсы нақты жоспары болған жоқ. Ол дағдарыстан шығудың оптимальды жолдарын ұсына алмады. Ел есінде ол коронавирусқа қарсы күреске бөлінген 13 миллиард долларды (6 триллиондай теңге) тиімсіз жұмсаған министр ретінде қалатын болар.

Қазіргі елдегі жағдайды сараптай келе, қаржы тиімсіз жұмсалды деп сараптауға негіз бар. Мәселен, бүкіл Қазақстан көлемінде дәрі-дәрмек тапшы. Қорғаныш костюмдері жетіспейді. ПЦР тестілер (оның өзі ақылы) жетіспейді. Коронавирус инфекциясының белгісі бары, жоғы, пневманиямен ауыратындардың өзін ауруханалар қабылдаудан бас тартып жатыр, жедел жәрдем кемінде бірнеше сағатсыз келмейді.

Елдегі ақпарат құралдары пандемияның ушығып, жағдайдың бақылаудан шығып кеткені жайында дабыл қағуда. Осы тұста Елжан Біртановты ауыстырушы Алексей Цой кім? Ол ушыққан жағдайды реттей ала ма? Алексей Цой 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының Медицина академиясын, Қазақ мемлекеттік медицина академиясының аспирантурасын, Ұлы Британияның Sells College (Лондон) бітірген.

Ұлттық ғылыми медицина орталығының Ішкі медицина орталығында жетекші ғылыми қызметкер, Қайта қалпына келтіру және трансплантология орталығының аға ғылыми қызметкері, хирург-эндоскопист қызметтерін атқарған. “Еуразиялық респираторлық қоғам” АҚ бас хатшысы, ҚР Президенті іс басқару басқармасының заманауи медицина технологияларын енгізу орталығының директоры.

Президенттің іс басқару басқармасының Медицина орталығының бастығы, Астана қаласының №1 қалалық ауруханасының бас дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі, Денсаулық сақтау вице-министрі қызметтерін атқарған.

Қазақ өткелде ат ауыстырма дейді. Бірақ, ат ауыстырмасқа шара да болмай қалды. Эпидемия ушыққан сәтте жас, энергиясы тасыған Алексей Цойдан халықтың күтер үміті көп. Әсіресе, қазіргі бақылаудан шығып кеткен жағдайды реттеу үшін бірқатар шұғыл шаралар қажет-ақ. Әуелі, барар жер, басар тауы қалмаған пациенттердің мәселесін реттеп, дәрі дәрмекті көбейтіп, тестіні қажетті деңгейде жеткізуді қолға алу керек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар