//

Коронавирус жұқтырдым ба, жоқ па: әлі күнге білмеймін

1575 рет қаралды

Елімізде 16 наурыз төтенше жағдай жарияланды. 19 наурыз күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы карантинге жабылды. Бұл 2 қалада білім алып жүрген студенттер өз үйлеріне қайта бастады. Соның бірі Алтын – Ақтөбе қаласының тумасы. Алматыдан үйіне асыққан Алтын Ақтөбеге келгенімен отбасының қасында бір айға жуық бола алмаған. Ауруханада жатып оқуын қашықтан жалғастыруға мәжбүр болды.

«COVID-19» бар/жоғына қарамады

Алматы карантинге жабылған соң, бірден Ақтөбеге жол тарттым. Карантиннің бастапқы кезінде бірінші Алматы мен Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырғандар анықталды. Ақтөбеге келгенде ол нәрсеге қатты мән берген жоқпын. Үйге келгеніме оншақты күн өткен соң ыстығым көтеріліп,  қатты ауыра бастадым. Не екенін, қандай ауру екенін түсінген жоқпын. Жедел жәрдем шақырдым. Менің Алматыдан келгенімді білді де, қалай ауырып жатқаныма қарамады. «COVID-19» инфекциясымен күресетін, арнайы жабдықталған мамандар келді. «Бірінші мені тексеріңіз, тест өткізем» деп айта алмадым, себебі қарсылық көрсетуге болмайды. Полиция қызметкерлерін шақырып шу шығарғанша барайын деп ойладым. Ауруханаға келгенімде өте көп құжат толтыруға тура келді. Мені Ақтөбе облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезінің «Шағала» санаториясына әкелді. Мен барғанда палатада орын болмады. Біз дәлізде (ойын алаңы) 10-шақты адам бірге жаттық. Бұл он адамның бойында вирус бар-жоғы белгісіз. Алайда бәріміз бірге жатырмыз, сол жағы түсініксіз әрі қорқынышты.

«COVID-19» анықталды

Ол жер бықсып тұр, жағдай жоқ. Тіпті кейбір емделушілердің төсектері қосылып тұрды. Бір кезде арамыздан бір адамды алып кетті. Сұрастырсақ сол кісі коронавирусқа тесті оң шығыпты, яғни COVID-19 инфекциясын жұқтырып алған. Мен қатты қорқып кеттім, қалайша бәрімізді бір жерге орналастырды? Айналамдағы адамдардың бірі қақырып, бірі жөтеліп, бірі дем ала алмай жатыр. Өзім де ауырып жүрмін, алайда қасымдағылар одан да ауыр деңгейде. Кешірім сұраймын әрине, бірақ ол жерде жиіркенішті еді. Тыныс алудың өзі қиын.

Мүмкін коронавирус, мүмкін тұмау

Кейін бізді палатаға ауыстырды. Палатада 3 адам болып жаттық. Менің дене қызуым бірде көтеріледі, бірде түседі. Денем қақсап ауырады, әсіресе түнде қатты қиын болды. Алайда маған ешқандай дәрі-дәрмек бермеді. Барлық емделушіге ортақ фурацилин қойып қойған, басқа дәрі жоқ. Дәрінің барлығын үйден алғыздым, бастапқыда әкелген сол дәрілерді қабылдап сәл тәуір болдым. Кейін дәрігерлер С дәруменін беріп, бірнеше укол салды. Коронавирусқа алғашқы тестті тапсырдым. Оның жауабы шамамен бір аптадан кейін шықты. Анализ нәтижесі түсініксіз, нақтылық болмады. Екінші анализдің қорытындысы да дәл солай болды. Үшінші тест нәтижесі ғана коронавирус жұқтырмағанымды растады. 14 күн өтті, мен шығуым керек еді, бірақ бір себептерге байланысты аурухананы толығымен жауып тастады. Ешкімді кіргізбейді және шығармайды. Сонымен ауруханада қалып қойдым. Барлық адам бірге жатқаннан кейін коронавирус жұқтырған ба, сау ма біле алмайсың. Арамызды бір кісі барып дәрігерлерге ескерткеннен кейін ғана бөлек жатқызды. Ауруханада бір ай жатып үйіме қайттым. Сол кезде мен COVID-19 инфекциясын жұқтырдым ба, әлі күнге дейін нақты білмеймін. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар