//

Қасымжомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 11 мамырдан бері вирустың таралуы 7 есе өсті

2165 рет қаралды

29 маусымда коронавирус індетінің өршіп бара жатқанына орай Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдерінің басын қосып жиын өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Covid-19 пандемиясын ауыздықтау үшін арықарай не істеуге болатынын ортаға салды.


Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті.
– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деген Мемлекет басшысы бірқатар өңір басшыларына сөгіс және ескерту жариялады.

– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке цифрландыру саласындағы жұмыстарға салғырт қарағаны үшін ескерту берілді.
Мемлекет басшысы Ведомствоаралық комиссияның шұғыл әрі қатаң үйлестіру жұмыстарын қамтамасыз етуге, оның орындалуына мониторинг жүргізуге және бақылауға қауқарсыз болып отырғанын айтты.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар