//

Сөзі мен ісі бөлек министрлік: Қазақстан – интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі ме?

2412 рет қаралды
Сурет: Азаттық

Кеше 29 маусым күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстан – интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі екенін мәлім етті.

Шын мәнінде осылай ма? Пандемия кезіндегі мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері интернет іздеп тау-жотаның басын кезіп кеткеніне бәріміз куә болдық. Былтыр Цифрлы Қазақстан жобасына кең жолақты интернет тарту мақсатында «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы – Қазақстанның Даму Банкі 26,7 млрд тенге көлеміндегі несие берген.

Биылғы пандемия бұл ақшаның желге ұшқанын көрсетіп тұр.

12 маусымда онлайн есеп беру барысында министр А. Жұмағалиев  21 ғасырда интернетті армандап отырған ауылдықтарды қарық қылам деді. Сөзі мен ісі тағы да бір-бірі қайшы.

Бүгінде 117 қалаға, халық саны 250 адамнан асатын 3324 ауылға кең жолақты интернет тартылған дейді министр. Алайда, әлі 2 мыңнан астам ауылда интернет түгілі, мобильдік байланыс жоқ. Жыл соңына дейін 800 аса шағын ауылға мобильдік байланыс орнату көзделген.

Асқар Жұмағалиев кешегі Үкімет отырысында: «Бүгінгі күні дамыған инфрақұрылым цифрлық сауаттың артуына өз әсерін тигізеді. Әсіресе, ауылды елді мекендерді айта кетсек, қазіргі таңда еліміз – интернетке қолжетімділік бойынша әлемде көшбасшылардың бірі. Елдегі интернеттің тартылу деңгейі – 86,8%. Бүгінгі таңда инфрақұрылымды дамыту бойынша елімізде 2 ірі жоба іске асуда. Ол – ауылды мекендерге кеңжолақты интернетті жеткізу. Осының нәтижесінде интернеттің қолжетімділік деңгейі 99,3% жетеді», – деді .

Шалғай ауылдар түгілі мегаполис Алматының іргесіндегі Талғар ауданына қарайтын Қызылқайрат, Талдыбұлақ, Белбұлақ, Тұздыбастау ауылдарының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы Қазақтелеком компаниясының кең жолақты интернетіне зар болып отырғанын жиі жазды.

“10 отбасы бірге өтініш жазыңдар, сонда тартып береміз деген Қазақтелекомның уәдесі өтірік болып шықты. Біз бір көшенің бойындағы 15 отбасы бірге арыз жаздық. Бірақ, өтінішіміз орындалған жоқ” дейді Тұздыбастау ауылының тұрғыны М.Мұқаш.

Мейіржан Әуелханұлы, Мінбер

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар