Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы коронавирус эпидемиясы кезінде мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы қандай қызметтерге тапсырыс берді және ірі ойыншылар кім?
Порталда Қазақстанда алғашқы коронавирус тасымалдаушысы пайда болған Наурыздың 13-інен бастап бүгінге дейін жиыны 5 миллиардтан астам теңгенің 45 келісім шарты бар. Оның 8-іне өзгерістер енгізіліп, 8-і орындалған. Ал 13 812 000 теңгенің бір келісім шарты жасалмаған.
“Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы” коммуналдық мемлекеттік мекемесі ең ірі көлемдегі келісім шартты «Hyundai trans auto» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасаған. Келісім шарт құны – 1 487 500 000 теңге (шамамен 3 718 750 доллар). Шамамен 4 миллионға жуық долларға 35 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған. Әрбір көліктің құны – 42 500 000 теңге (яғни 105 мың АҚШ доллары).
Одан кейінгісі «IT Alliance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Әуелі 549 746 000 теңгенің келісім шартын Мамырдың 6-сында жасаған, бұл сомаға 74 тепловизор сатып алу жоспарланған. Кейін мамырдың 29-ында тағы да осындай сомаға тағы да 74 тепловизор сатып алу туралы қосымша келісім шарт жасалады. Бір тепловизордың құны – 7 429 000 теңге (шамамен 18,5 мың АҚШ доллары).
“Кумсуат Фарм” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мемлекеттік сатып алулар порталында Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасымен 5 келісім шарты бар. Барлығы да бір сатып алушымен жасалған. Ешқандай ашық конкурс өткізілмеген. Барлық келісім шарттың құны – 817 миллион теңге. Төрт келісім шарт бойынша мекеме құны 7500 теңге тұратын обадан қорғайтын бір реттік қорғаныс костюмдерін сатып алуы керек. Демек бұл мекеме – 783 миллион теңгеге 104 мыңнан астам костюм сатып алуға келісім шарт жасасқан. Ал 34 миллион теңгеге респираторлық масканың 23 мың данасын сатып алуды жоспарлаған. Біреуінің құны – 1500 теңге.
Бір реттік обадан қорғайтын костюмдерді (комбинезон) сатып алуды тек “Кумсуат Фарм” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана өз мойнына алмайды, сонымен бірге “DEMEU TRADING” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де 658 миллион теңгеге келісім шарт жасасады. Олар да 7500 теңгеге 87мың комплект алуды жоспарлаған.
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы “Жоғары медициналық колледжі” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны
білім беру қызметтерін көрсету үшін тек биылдың өзінде 1миллиард 645 миллион теңгенің 4 келісім шартын жасаған. Соның 1 миллиард 300 миллиондай теңгесі Денсаулық сақтау саласында кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлауда білім беру қызметтерін көрсетуге арналса, 353 миллион теңгесі Техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандар даярлау саласында білім беру қызметтерін атқаруға арналған. 275 миллион теңгенің келісім шарты төтенше жағдай кезінде жасалған.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің “Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның Алматы қалалық филиалы денсаулық сақтау саласында ақпараттық-сараптамалық, эксперттік және консультативтік көмек көрсету қызметтері үшін 134 миллион теңгенің келісім шартын жасаған. Негізгі мақсаты – Алматы қаласындағы денсаулық проблемаларын талдау, ақпараттарды жинау және профтексеру өткізу.
Ал 111 миллион теңгенің келісім шартын жасаған жеке кәсіпкер «КАДИРОВ БОЛАТХАН КАБИЕВИЧ» карантиндік режимдегі жұқпалы және уақытша ауруханалардағы адамдарды және карантин кезіндегі медицина қызметкерлерін тамақтандыру (күніне 3 рет) қызметін көрсетуді өз мойнына алады. Қызметтің техникалық ерекшелігінде Қағанат асханасының ас мәзірі ғана көрсетілген. Қанша мерзімде тамақтандыру қажеттілігі келісім шартта көрсетілмеген. Тек бір жолғы қызмет деп көрсетілген. Провизор қызметкерлерін тамақтандыруды өз мойнына алған келесі жеке кәсіпкер “Галимова Р.А” 100 миллион теңгеге келісім шарт жасаған. Қызметтің қысқаша мазмұны – Алматы қаласы бойынша карантин режиміндегі инфекциялық және провизорлық стационарлардағы тұлғаларға арналған тамақтану қызметі (3 рет) деп аталған.
Алматы қаласынан тыс жерде тұратын медицина қызметкерлерін және карантинде тұрған медициналық қызметкерлерді орналастыру орындарына уақытша орналастыру қызметін мойнына алған «Майтенов» жеке кәсіпкері мен Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы тағы да 100 миллион теңгенің келісімін жасаған. “МАК – СЕРВИС ЛТД” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де карантин кезінде медицина қызметкерлерінің уақытша орналасу орындарында орналастыру үшін 74 миллион теңгенің келісім шартын жасаған.
Медициналық қызметкерлерге арналған тамақ (күніне 2 тамақтану, қонақүйлердегі таңғы асты ескере отырып)
Медицина қызметкерлерін Алматы қаласында уақытша орналастыру және екі уақыт тамақтандыру қызметін мойнына алған “World Trade Center Almaty” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы қызметтері үшін 60 миллион теңгеге келісім шарт жасасқан.
Демек медицина қызметкерлерінің Алматыда тұруы және тамақтануы үшін 460 миллион теңге жұмсалып отыр.
Біз ең ірі сатып алушылардың келісім шартын сарапқа салып отырмыз. Дегенмен порталда бұдан өзге де келісім шарттары бар. Олардың құны біз сарапқа салған сатып алулардан әлдеқайда төмен болғандықтан, әңгіме өзегіне айналдыруды мақсат етпедік.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] […]
[…] […]