//

Әйгерім Асқарбаева: Айналам толған күйзеліс. Психологиялық тұрғыдан дайын болуымыз керек екен

1983 рет қаралды
Фото: Риа Новости

Менде қалай басталды? Симптомсыз болғандықтан аса бір науқастанып жатып қалдым деп айта алмаймын. Шамамен 3 күнге жуық ауырдым. Тек әлсіздік басты денемді. Жатқан орнымнан тұрып, су ішу немесе ұялы телефонға жауап беру мен үшін үлкен жұмыс болды. Организмнің шаршағандығынан деп өзімше топшыладым. Ауырып жататын уақыт жоқ. Сондықтан бірден жеке клиникаға барып, системаның екі түрін салғыздым. Дәрігер система салмас бұрын дене қызуымды өлшеді. 36.00. Қалыпты. Үш күн система салғаннан кейін әлсіздік басылғандай болды. Дегенмен тест нәтижесі оң көрсеткішті көрсетті. Бірақ, иіс сезбеу, тамақтың дәмін сезбеу, болмаса жөтелу секілді белгілер мүлдем болмады.

Ауруханаға жаттым.

Ауруханадағы 2-күн. Түнгі 00.00 шамасы. Жедел жәрдем жүйіткіген күйі аурухананың алдына бірден тоқтады. Жүрісіне қарап, ауыр науқасты әкеле жатқанын аңғаруға болады. Сыртқы есік те әдеттегіден қатты қағылды. Суыт. Кімнің келгенін көргім келді. Бірақ “Дәлізге шығуға болмайды”,- деген дәрігердің айтқан қатаң талабы бар. Орындау керек. Ішкі жақтан «қааазір» деген медбикенің дауысын естідім. Артынша есік ашылды. Әлдене гүрс ете түсті. Науқастың құлағанын көзіммен көрмесем де, құлағыммен естідім. Демін ала алмай жатыр. Абыр-сабыр, у-шу. Терезеден қарап тұрмын. Жаңа түскен науқасты палатаға емес, бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Көзіме жас келді. Алладан аман қалуын сұрадым. Біраздан кейін есікті санитар ағай қақты. Таңғы 6.00 де бөлмені тазартады. Ұйқысыз тағы бір таң атты…

Сәлден соң дәрігерім келді. «Неге көзіңіз қызарып тұр? – Жаңа көзіме дәрі тамыздым. – Өңіңіз бозарып тұр ғой? – Білмедім. – Ауырып отырған жоқсыз ба? -Жоқ.». Ары қарай қан қысымымды, температурамды, тамағымды тексеріп жатқан тұста медбике “жаңағы науқас дем ала алмай жатыр”,- деп шақырды. Бөлмеден екі дәрігер де жүгірген күйі шығып кетті. Бұл ауруханадағы өмір мен өлім арасындағы тайталас баяғыда- ақ басталған. Баяғыда… Ел «вирус бар, жоқ» деп бейқам жүргенде-ақ … Қазір тіпті өршіп кеткен. Бірі аяулы анасынан, бірі асқартау әкесінен айырылды. Мұның жақын арада біте қоймайтынына көзім жетті…

Ауруханадағы 4-күн.

Науқастардың жақындары әдетте кешкі 17.00 шамасында көп келеді. Терезе мен темір тордың арасындағы диалогтың ауаны былай:

– Мака, жұмысқа барма. Құрсын. Шығарса шығарып тастасын. Сұмдық екен мына ауру. Жансақтау бөлімінен бірақ шықтым -дейді бірі.

-Суық су ішіп едім тамағымнан ұстады. Анализ тапсырдым. Ертең шығады.

-Вирус жоқ деп елемей, көрмейсің ба қандай жағдайға түскенімді. Пневмония деп шықты анализдің қорытындысы.

– Қайсар, балаларға дұрыстап қара. Далаға шығарма. Қазір вирус қатты жүріп жатыр. Балаларды құммен ойнатпаш – дейді.

– Қу Қытайдан келген қауіп. Аспаннан құстар арқылы дәрі себеді екен. Терезелерді ашпаңдар – деді бірі.

– 42 000 теңгені екінші мәрте бермейді екен ғой. Бар ақшама ет алып тоңазытқышқа салып кеттім. Мен шыққанша жей тұрыңдар, – деді жастау әйел.

– Макос, аз қалды, шыда. Тура 10 күнде шығамын. Үйден шықпаңдаршы. Мына вирус адамды өлтіреді…

Адам аяғы бәсеңсігеннен кейін бірен-саран науқас бір-бірімен әңгімелеседі. Әңгіме сол ауру туралы:

– Диагноз қандай?

-Пневмония.

– Сенікі?

-Барлық анализ теріс шықты. Үш күннен кейін шығамын. Жатырмын дайын тамақты ішіп – деді бірі. Әзілге жақын әйел. Үш баланың анасы. Ауруханаға кім жатқысы келеді дейсіз. Оның өзі аты жаман аурумен… Сонда әлгі келіншек әр науқастың көңілін көтеріп, әзілін айтып қарсы алады. Мықты әйел. Өйткені, мұнда өмірге риза адам жоқтың қасы. Бәрі біреуге өкпелі. Біреулер «Аллаға не жаздым, қайдан жаңылдым» деп көз жасына ерік берді. Бірі қашықтықта жұмыс істеуге рұқсат бермеген бастығын қарғауда. Немесе тіршіліктің соңында жүріп, дертін елемеген өзін кінәлайды. Әйтеуір айналам толған күйзеліс. Дұрыс емделіп, дәрі-дәрмегін уақытымен ішсе, жазылатын ауру ғой. Бірақ көп аға-апайлар депрессияда сияқты. Дұрыс емес. Бір ұққаным, науқастардың көбі бұл ауруға психологиялық түрде мүлдем дайын болмады. Қабылдай алмады. Бірі биліктің саясаты деп сөгеді.

Ауруханадағы 6-күн

Ол кісі басында сенбепті. Вирус денеге әбден тарап, күш алып алғанда бір-ақ келіпті. Үш күн өзі де, дәрігерлер де әбден арпалысты. Кеш екен. Үшінші күні таңға жуық суық хабарды барлығымыз естідік. Алла алдынан жарылқасын… Күнде кешкі 20.00 шамасында қызы келетін еді. Қоршалған тордың ар жағынан анасы жатқан корпусқа қарап ұзақ тұратын. Бұл күн мен үшін ауыр күн болды. Менің бұл жерге келгендегі көрген алғашқы өлім. Соңғысы да осы болса екен. Ал қызының жылаған даусы әлі есімде. Ауруханада емделіп шыққан адам ретінде ұққаным, әр адам баласы бұл дертке психологиялық түрде дайын болу керек екен. Адамның тез жазылып, сауығып кетуіне бірден бір себеп өзіңді, жаныңды, психикаңды дайындау. Өйткені дәл қазір кез келген адам бұл дертке шалдығуы мүмкін. Қашан, қай уақытта қай тұстан келетінін сезбей де қаласыз. Белгілері де құбылып тұр ғой. Көбінесе дәм сезбеу, иіс сезбеу, әлсіреу, дене қызуы көтерілу т.б. Мұндайда ешкімді жазғырмай, келген дертті қабылдап, емді тез бастаған дұрыс. Бастысы күйзеліске түспеу. Кез келген ауру сияқты бұл пәле де жаны шаршаған адамның мойнына мықтап мініп алады екен. Құдай куә, жұқтырыпсыз дегенді естігенде ешкімді кінәламадым, жылағам да жоқ. Алланың маған берген кішкентай сынағы. Алла мұны маған жіберсе, жақсылап қарсы алып, жақсылап шығарып салатыныма сендім. Тәнімде вирустың бар екендігін ойымнан шығарып тастадым. Керісінше бұл 10 күнді өзіме арнадым. Әр өткізген күнімді бағаладым. Жалғыздықтың, жақынның, уақыттың, ең бастысы денсаулықтың қадірін түйсігіммен түйсіндім. Осылардың қадіріне жете алмай жүрген уақытта, Алла кішкентай ғана сынақ беріп түсіндірді. Осылайша 10 күн 10 минуттай өте шықты. Тағы бір түсінгенім, қанша жерден бойыңды әлсіздік басса да, тәбет болмаса да жақсы тамақтану керек екен. Айтпақшы менде пневмония болғандықтан күніне 4 рет шар үрледім. Ондағы дәрігерлер ұлы миссиясын атқарып жүр. Алғысым шексіз. Олар үшін қазір күн мен түннің айырмасы жоқ. Бейбіт күндегі соғыс деп осыны айтатын шығар. Әлем осындай азаматтардың арқасында құламай тұр. Әсіресе, ауруханаға үлкен кісілер көп түскендіктен ұрыс-керіс, өкпе көп. Кейбір кісілер ауру жұқтырғанға сол дәрігер кінәлі сияқты ұрсып, міндетсініп жатқанда ұялып кетемін. Сол дәрігер айлап бала-шағасын көрмей жұмыста жүргенде ол кісі мүмкін қыдырып жүрген де шығар. Бетпердесіз. «Күн ыстықта маска ыңғайсыз, ыстық, дем алу қиын» деп… Ал маған келетін дәрігерлерді мен тек көзінен танып үйренген едім. Өйткені, қырық қабат киім, бәрі жабық. Бір сағат, бес сағат емес, күні бойы осылай. Тыныс алу қанша қиын болса да сөйтуге мәжбүр. Аурудың бар-жоғына әлі күмәнданып жүрген елге ауырып шыққан адам ретінде көргенімді айту парызым деп түсіндім. Ауру бар. Асқынған жағдайда адам о дүниеге аттанады. Ауырмайық!

30.05.2020 – 12.06.2020

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар