//

Айсұлу ТҰРСЫНБАЙҚЫЗЫ, әлеуметтанушы: Онлайн ем қабылдап жатқандар еш статистикаға кірген жоқ

4154 рет қаралды

Қазіргі  Қазақстан қоғамы қандай күй кешіп жатыр? Оның себебі неде? Әлеуметтанушылар қазіргі жағдайға қандай баға береді? Осы сауалдарды тарқату үшін әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызымен тілдестік. 

ҚАЗАҚСТАН ПАНДЕМИЯҒА ТЫМ ЕРТЕ ДАЙЫНДАЛЫП ҚОЙДЫ

 – Қоғамның қазіргі сипатын әлеуметтанушы ретінде қалай сипаттайсыз? Хаос деп бағалауға бола ма?

– Дәл қазір Қазақстан қоғамы дүрбелең, хаос кезеңді басынан кешіп жатыр. Өйткені, адамдар арасында да, билік пен халық арасында да сенімсіздік шкаласы өте ұлғайып кетті. Кез келген жағдайға сенім азайды. Мұндай жағдайда адамдар не істерін білмей, қоғамда хаос пайда болады.

 – Пандемияға дайын болған әлеуметтің сипаты мен дайын емес әлеуметтің сипатын нақты мысалдармен айтып бере аласыз ба?

– Менің ойымша, Қазақстан пандемияға тым ерте дайындалып қойды және сол бастапқы кезеңмен пандемия бітетіндей алғашқы бір-екі айға барлық күшті жұмылдырып қойды. Ең қызығы, ол кезде Қазақстан бұл вирустың шегіне жетпеген еді. Күннен күнге вирус аздап қана таралып жатқан. Қазақстанда вирус енді ғана өршіді. Біздің билік қаржылық жағынан да, басқа жағынан да өзінің мүмкіндігін ерте жұмсап, дәл қазіргідей вирустың өршу кезеңіне дайын болмай қалды. Бүкіләлемдік пандемияның әр мемлекетте таралу толқынына, уақытына дәл баға беріп, соған сай әрекет ете алмады. Біздің халықтың пандемияға дайындығы жаппай азық-түлік сатып алумен ғана көрінсе, ал ақпарат тарату ісі үрейлі, қорқынышты түрде жеткізілді. Ол да бір жағынан дұрыс шығар, бірақ, Covid-19 туралы ақпарат сауатты түрде, жан-жақты жеткізілмеді. Яғни, күн сайын БАҚ тан ауру жұқтырған адамдардың санын айтып, вирус тіркелген ошақты оқшаулап жатқанын аса бір үреймен жеткізіп, бұл вирусты тым қауіпті аурудай көрсетті. Бұл халықтың бойына тек үрей туғызғаны болмаса, ковид туралы жан-жақты білуге көмектескен жоқ. Мәселен, о бастан бұл вирус тұрғындардың 80-90 пайызында жеңіл өтуі мүмкін екенін және адамдардың өз иммунитетін күшейтуі тиіс екенін айту керек еді. Бізде керісінше, Қазақстанда бұл вирусты 3500 адам жұқтыруы мүмкін деген болжам айтты. Халық осы ақпаратты естіген соң бұл вирус бізді сол 3500 адаммен ғана айналып өтетіндей болып санасына сіңіріп алды. Алайда, пандемия белгілі бір арнамен ағып өтетін өзен емес. Бұл вирус біздің қоғамға диффузиялық түрде өте кең тарап кетті. Бастапқыда Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының орталық көшелерінен ғана табылса, кейін әр ауданға, облысқа, ауылдарға жетті. Қазір тіпті бұл аурумен халықтың 70 пайызы ауырып шығады деген болжам да бар.

Пандемияға дайын қоғам тек ақпарат арқылы халық арасында үрей тудырып қана қоймай, емделу жолдарына да сақадай сай тұруы керек еді. Шынын айтқанда, халықтың көбі ковидті немен, қалай емдейтінін білген жоқ. Кейін әр адам өзі сырқаттанғанда ғана әлеуметтік желі арқылы, интернет арқылы емделу жолын тауып, өздері емделіп кетті. Тіпті шалғай ауылдардағы дәрігерлер қазірдің өзінде ковидті қалай емдейтінін жетік білмейді. Пртоколдар да кейін таратыла бастады. Еліміздің әр тұрғыны ковидке шалдығуы мүмкін, шалдыққан жағдайда былай істейсіздер деген нақты алгоритм болған жоқ.

Көпшіліктің төтенше жағдай жарияланған уақыт пен карантинді шатастыруына қандай себеп бар деп ойлайсыз?

 – Ақпараттың дұрыс таратылмауынан халық төтенше жағдай алынып тасталған соң  вирус та таралуын тоқтатады дегендей пікірде болды. Себебі, Қазақстанда вирус жұқтырған адамдар саны 3500 ден аспайды, вирусты таратпауға барлық жұмыс атқарылып жатыр, біз мұнымен күресуге сақадай саймыз деген мазмұндағы сөздер түрлі инстанция өкілдерінің аузынан шыққан соң, халық төтенше жағдай біткен соң тым еркінсіп, вирустың таралуын өршітіп алды. Осы кезеңде биліктің бұл күреске еш дайын болмағаны өз-өзінен анықталды. Ең өкінішісі, қазірдің өзінде карантин талаптарын сақтап жүрген адам аз. Өзі ауырып жүрсе де, қоғамдық орындарға баратын, маска тақпайтын адам өте көп. Мұның барлығы халыққа ақпараттың дұрыс жетпегенін және ақпараттандыруға бөлінген қыруар қаржының желге ұшқанын көрсетеді.

– 16 мамырдан бері ковидке байланысты әлеуметтік зерттеу жасалды ма? Олар қандай қорытындыға келді?

– Менің білуімше, республиканы қамтыған әлеуметтік сауалнама жасалмады. Пандемияның кәсіпкерлерге қалай әсер еткені жөнінде «Атамекен» Ұлттық палатасы және шағын ұйымдар ғана сауалнама жүргізді. Алайда, бүкіл халықтың әлеуметтік жағдайын көрсететін кешенді зерттеу жасалған жоқ.

АУЫЛДАРДА ДӘРІХАНА АШУ КЕРЕК

– Әлеуметтің карантин талабын сақтамауына қандай себеп бар деп айтар едіңіз?

– Оған себеп, халықтың санитарлық сауаты төмен. Ең өкініштісі, билік тарапынан атқарылған шараларды заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да сезінбей отыр.  Себебі бюджеттен ақша бөлінгенімен ол тиісті жерге түгел жетпей отыр. Қазір бұл тұрғыда қоғамдық бақылау күшейді, дегенмен халық арасында сенім әлі де аз.

Қазақстан халқының 43 пайызы ауылда тұрады. Алайда, ауыл мен қала халқының өмір сапасы айтпаса да түсінікті. Тіпті ауыл мен қаладағы  медициналық мекемелердің, қызметкерлердің, дәріханалардың сан айырмашылығы жер мен көктей. Ауылдағы тұрғындардың жас жағынан ерекшелігі ол жақта көбіне қарт адамдар тұрады. Олардың ковидтен басқа жанама аурулары бар, оны емдемей жүргендер қаншама?.. Соның барлығына ковид соққы болайын деп тұр.

Ковидпен күреске бөлінген қыруар қаржының бір бөлігіне ауылдарда емханалар, дәріханалар ашуды ұсынар едім.

Сонымен қатар, Телеграмм каналда дәрігерлердің сұрақ-жауап деп аталатын каналы бар. Сондағы онлайн ем алып жатқан адамдардың барлығы есепке алынып жатқан жоқ. Социолог ретінде мені телеграмм каналы және басқа да әлеуметтік желілер арқылы дәрігерлерден ковид симптомдары бар деген тұжырым естіп, онлайн ем қабылдап, не статистикаға енбей, не толыққанды ем алмай жатқан адамдардың жағдайы қатты алаңдатады.

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар