//

Бір жолда 256 адамды қабылдайтын күндізгі стационар ашылмақ

1887 рет қаралды
Фото: Риа Новости

Маусым айының соңы мен шілденің ортасына дейін елімізде Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны артты. Жедел жәрдем шақырғандарға үлгермей, ауруханаларда орын жетпей, жұрт дәрі-дәрмек іздеп сабылып, үйде емделіп жатқандар укол, система алу үшін медбике іздеп әуреге түсті. Бұл кезде көрші Қырғыз елінде күндізгі стационарлар жұмыс істеп жатқан еді.

13 шілдеде ФБ қолданушысы еліміздің белсенді азаматы Нұраддин Садықов өз парақшасында «…бұл дертке шалдыққанның барлығын ауруханаға жатқызуға мүмкіндік жоқ (оны айтпасақ та белгілі). Сондықтан, ауру деңгейі орташа және жеңіл науқастарды емдейтін күндізгі стационар (КС) ашуға әрекет етіп жатқан кәсіпкер, кәсіпқой спортшы, дәрігер Ерлан Нурпеисов ағамыздың бір жағынан болыссақ деп шештім» деп жазған еді.

Мінбер.кз тегін емдеу орнын ашу ісіне жұмылған Нұраддин Садықовтан тегін емдейтін күндізгі стационардың қашан ашылатыны жайлы сұрады.

Нұраддин САДЫҚОВ, Тегін емдейтін стационар ашу ісінде бастамашы топтың мүшесі:

Көмек ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға керек

Күндізгі стационар ашу туралы бастаманы ең алғаш кәсіпкер, кәсіпқой спортшы, дәрігер Ерлан Нурпеисов ағамыз көтерді. Ел ішінде вирус жаппай тарап жатқан уақытта белсенді азаматтардың оттегі концентраторына ақша жинап жатқанын көріп мен де халыққа көмектессем деп ойладым. Былтыр Арыс қаласындағы жарылыста қаржы жинап, зардап шеккен халыққа көмектескен азды-көпті тәжірибеме сүйеніп бір істі бастасам деп жүр ем. Ақша жинап қана қоймай тікелей араласып, басы-қасында жүретін болса деп ойладым. ФБ желісінен Ерлан Нурпеисов ағамыздың күндізгі стационар ашсам деген жазбасын оқып, бірден ол кісіге хабарласып, ұйымдастыру ісіне атсалысқым келетінін айттым. Бірден іске кірістік, бастамашыл топ құрылды, ол топқа Әкім Тұрсын есімді дәрігерді шақырдық.

Кез келген медициналық қызметті бастау үшін лицензия алу керек екенін білгенде аздап тығырыққа тірелгендей болдық, себебі оған көп уақыт керек. Содан бастамашы топ дайын клиниканың лицензиясын пайдалану туралы ой тастап, солай етуге келістік. Сөйтіп, Әкімнің әріптесі, білікті дәрігер Талант Омаров есімді азаматтың «Шаңырақ» ықшам ауданында орналасқан «Талант К» клиникасын тауып, бастамашыл топқа ұсындық. Әрине, бұл ұсыныс көп талқыға түсті. Біз бұл талқыда Алматы қаласындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың көбі осы ауданда тұратынын және тегін көмек нақ сол әлеуметтік аз қамтылған топқа керек екенін айтып, өз ойымызды қорғап шықтық.

Клиниканың басшысы 22 шілде күні Алматыда болатындықтан келісім-шартқа қол қою сол күнге белгіленді.

Клиника тек күндіз ғана емес, 24 сағат жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Егер адам одан көп келіп жатса, (Құдай оның бетін әрі қылсын) штат санын көбейту мүмкіндігін де қарастардық.

Дәл қазір ем қабылдауға келетін 8 лекке (қазіргі есеппен бір лекте 256 адам деп ойлап отырмыз) қызмет көрсететін медқызметкер бар. Егер одан көп маман қажет болып жатса, бізбен жұмыс істеуге келіскен ерікті дәрігерлер бар. Оларға жұмыс жүктемесінің көптігіне қарай ақы төлейміз. Стандартқа сай айлық төленеді, жеке қорғаныш құралдары беріледі. Сыйақы жағы да ойда бар, оны біздің топтағы қаржыгерлер қарастырып жатыр. Стационарға қажетті медициналық құралдар мен түрлі аппараттарды алу жөнінде Ерлан Нурпеисов мырза демеушілермен келісті. Одан басқа да қажетті заттарды алуға көмектесеміз деп хабарласып жатқан азаматтар өте көп. Осы аптаның соңына қарай істі бастасақ, көмектесем деген жұртқа тағы да сауын айтамыз.

Қазір еліміздің өзге аймақтарындағы азаматтар да қаржы тауып күндізгі стационар қолға алғысы келсе, осы алгоритммен жұмыс істеуге болады екен. Сонда бюракратиялық кедергілерге тап болмайды. Біздің бастаманы Алматы қаласының әкімдігі қолдап отыр, ондағы азаматтармен Ерлан мырза тікелей байланысып келісім жасап жүр. Ерлан мырзаның айтуынша, әкімдік стационарға дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарын беруге уәде етіпті. Стационардың құқықтық мәселелерімен Леонид Демьянов есімді заңгер айналысады, бастамашы топта 70 шақты белсенді азамат бар.

Қазір біздің www.covidkomek.kz атты сайтымыз жасалып жатыр, осы  арқылы жеңіл және орта деңгейдегі сырқаттар стационарға тіркеліп тегін ем қабылдай алады. Анализ алатын кабинет пен рентген аппаратын алу да жоспарда бар. Емделу уақыты бір апта деп ойлап отырмыз, осы бір аптаның ішінде 256 адамды емдесек, ойға алған істің жүзеге асқаны…

Бастамашы топ

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар