/

Біз үйде емделіп жатырмыз

2156 рет қаралды

Бұл пандемия Қазақстанда енді таралып жатыр. Бүгін денсаулық сақтау министрі коронавирус эпидемиясын жұқтырғандардың саны 41 мыңнан асқанын айтады. Бірақ бұл тест тапсырғандар. Тест тапсыра алмай жүргендер қаншама? Тест тапсыруды ауырсынып, үйде жатқандар қаншама? Қалай дегенмен, қазір елде түсініксіз тұмау жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі егер тұмау белгілері тым ауыр болмаса үйде жатып емделуді ұсынып отыр. Бірақ, аптекаларда дәрі-дәрімек жоқ. Бүгін денсаулық сақтау министрлігіндегілер енді дәріні уыстап сатып алудың қажеті жоқ. Дәріні көп ішу де зиян деп жатыр. Демек, ауруханаға да келмеңдер, дәрі де алмаңдар деп отыр. Мұндай жағдайда дағдарған жұрт не істеуі керек? Тек бір Алла жар болсын дейміз.

www.minber.kz сайтының авторы Назым Дүтбаева үй жағдайында емделіп жатқанын айтады. Назарларыңызға Назымның басынан өткен жағдайды ұсынамыз.

БАРЫНША САҚТАНУҒА ТЫРЫСТЫҚ

Төтенше жағдай жариялана салысымен тәртіп сақтаған адамның бірі мен едім. Балаларды да аулаға шығармай, үйдің ішін уақытылы хлормен жуып, тұтқаларды антисептикпен екі рет сүртіп жүрдік. Жолдасымның жұмысы қашықтан болған жоқ. Күнде жұмыстан келген сайын балалар оған антисептик дайындап тұрды. Арасында үйге бірді-екілі кісі келсе тұтқаларды дезинфекциялаған да бізбіз. Ол кезде Covid-19 жұқтырғандар Талдықорғанда  тіркелмеген еді. 

Бұл қалада вирус жұқтырған адам төтенше жағдай алынып тасталған соң тіркелді. Біз одан кейін де сақтануды тоқтатпадық. Ең қажет деген заттарды алуға барсақ маскасыз шықпай, антисептиктің кішкентайын қолымызға ұстап алып,  әр затты ұстаған соң, қолымызға сеуіп жүрдік.

Алладан пәрмен келсе еш дәрмен жоқ. Жексенбі 21 маусым түстен кейін қызу көтеріле бастады. Бірден жаман ойға берілмей, сабыр сақтадым. Жолдасым ел ішіндегі сырқаттың ушығып бара жатқанын ойлап, ауылға кеткен балаларды алып келуге кеткен. Балаларды жиып тыныш отырайық деп ойлап ек. Ол да көліктің кондиционерін қосқаннан ба жексенбі кешке қызуы көтеріліп келді. 

Алғашқы күні парацетамол іштік. Балалар бөлек, біз бөлек тамақтанып, барынша оқшауландық. Үлкен ұл оларға бас көз болды. Дене қызуымыз 38,5 тен жоғары кеткенде үрей басталды. Дүйсенбі жедел жәрдем шақырдық. Олар бірден дәрігердің тез келе алмайтынын, әр сырқатқа барған соң көлік те, мамандар да қажетті санитарлық талапты орындап дезинфекциядан өтетінін айтты. Оған іштей дайын едік. Дегенмен дәрігерлер  оранып келсе балалар шоши ма деп те уайымдадық. Жоқ, түстен кейін жас қыз келді, оранбаған екен. Оған қарап, «Шүкір демек, біздің симптом әлгі аты жамандыкы емес екен», – деп топшыладық. Маған жас дәрігер ауруханаға жатасыз ба деп еді, бас тарттым. Балаларға кім қарайды? Әрі вирус жұқпаған болса, ол жақта жұқтырып алуым мүмкін деп топшыладым. Дәрілерді жазып, учаскелік дәрігерге актив беретінін айтып кетті. Тест тапсырыңыздар деген жоқ, демек жағдай аса ауыр емес, шүкір. Дүйсенбі  солай өтті. 

ТЕСТ НӘТИЖЕСІН БІР АПТА КҮТТІК

Сейсенбі 23 маусым 

Сейсенбі үлкен ұл ауыра бастады. Қызуы 38.5. Ол енді бізбен қатар оқшауланды. Үш ұсақ өздері бөлек, біз бөлек тамақтандық. Актив берген соң учаскелік дәрігер хабарласып, арнайы маман баратынын айтты. Келді. Күннің ыстығында ауа өткізбейтін қорғаныш костюм, резеңке етік, резеңке қолғап киген дәрігерді көріп іштей ұялып кеттім. Жолдасым да жаным ашып кетті дейді. Біздің тамағымызды тексеріп, кеудемізді тыңдағанда бетінде шым-шым тер тұрды. Ана киімнің ішінде тұсаулы қалғандай еді. Сөйтіп жүріп бізге ем шара жазып, жұмыстан босату туралы қағаз ашу керек болса, ашайын әйтпесе ақша ала алмай қаласыздар, дегенде тіпті елжіреп кеттім. 

Осынша жылдарда құр даңғазамен өмірге қажет маманның қадірін ұғынбағанымызды анық сезіндім. Біз түгіл үлкен ұл да дәрігердің шым- шым болған бетіне қарап жұмысының қиын екенін ұғынып үлгерді. Мен қашықтан жұмыс істеген соң, контактный санатына жатпайтын болып, жолдасымнан тест алды. Қорытынды бейсенбі шығады деді. 

Сәрсенбі таңертең біздің қатарға қызымыз қосылды. Кешке үшінші ұл қосылды. Бір үйде тұрып оқшаулану аса мүмкін болмайды екен. Оларға учаскелік дәрігерге хабарласып тағы рецепт алдық.  

Жексенбіден басталған сырқат осы үш күн ішінде ойымызды сан-саққа жүгіртті. Алғашқы күндері көзім ештеңені дұрыс көрмей айнала тұманданып кеткендей еді. Шүкір қазір менің бетім бері қарады. Үміт пен күдік қатар тұр… 

Балалардың біріне су, біріне дәрі, біріне тамақ беріп жүргенде өзіңді ойлауға шама жоқ. Бар тілек Алладан шипа сұрау!!! Дәл осы кезде әншейінде айтылатын көп сөз де, көрсең қызығатын киім де, барғың келетін жер де, өзіңше білгішсінетін саясат та, тіпті ақша беріп отырған жұмыс та жайына қалады. Фб көз жүгірткенде той тойлап жатқандарды көріп, армансыз сыбап алғың келеді. Саясатты былай қойғанда мынадай ыстық күнде ауа өткізбейтін киімге оранған дәрігерлерге жанымыз ашысыншы, деп жаһанға жар салғың келеді. Бірақ тыңдайтындар аз. Ақыл айтқан кімге  ұнайды. 

Үндемедім. Тек Алладан тест теріс шықса екен, енді өзімізді де өзгені де әуреге салмасақ екен деп тілегеннен басқа шара жоқ. Қоғамға пайдамыз тимесе де зиянымыз тимесінші.

23 маусым тапсырған тестің қорытындысын көп күттік. Күн сайын учаскелік дәрігерге хабарласамыз. Ол кісі дүйсенбі тапсырғандардың да қорытындысы келмей жатқанын айтып, күтіңіздер дейді. Ол аралықта, шүкір, балалардың беті бері қарап, жазылды. Азитромицинді дәрігер айтқан дозамен бердік. Анаферон, витамин с, компот, морс, бердік. Оксалинді ұдайы мұрнына жақтық. Жолдасым екеуміздің де бетіміз бері қарап, тамақтың дәмін сезе бастадық. Дәрігер жазған Ципролеттің көмегі шығар. Алайда, әлсіздік басқанын қоймады. Бір шәй ішкенше әл дәрменіміз құрып қалады. 

КОРОНАВИРУС АНЫҚТАЛМАДЫ, БІРАҚ ПНЕВМОНИЯ БАР ДЕДІ

29 маусым күні көп күткен тест қорытындысы шықты. Вирус жоқ. Учаскелік дәрігер тест солай көрсете беретінін кеудені компютерлік томографияға түсіру керек екенін айтты. Түстік. Ертесі жолдасым екеуміздің де өкпеміз қабынғаны анықталды. 

Дәрігер бірден ауруханаға жатасыздар ма деп сұрады. Дене қызуымыз 38.5 тен жоғары кезде жатпаған едік, енді қажет емес деп санап, үйден емделейік дедік. Цеф 3 антибиотигін жазды, эуфиллин, дексаметазон құю керек деді. Оған қоса витаминдер бар.  Антибиотиктен соң алатын ішек микрофлорасын реттейтін және вирусқа дәрілер тағы бар, рет-ретімен қабылдап жатырмыз. Әлсіздіктен градусник қолымнан түсіп кетіп сындырып алған соң, жаңасын біраз іздедік. Үйге жақын дәріханалардан таппай орталықтағы дәріханалардың бірінен таптық. 

 Адам өз басынан өткермесе ештеңеге сенбейді дегені рас. Ауырып жүргенде туған-туыс, жегжат-жұратқа қыдырмаңыздаршы, ары-бері көп жүрмеңіздерші деп қатты айтқың келеді, бірақ кім тыңдайды?..  Ылайым Алла адамдарды ауыртпасын. 

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар