www.minber.kz сайты пендемияның еліміздегі фермерлердің ісіне тигізген әсері туралы білу үшін Қазақстан фермерлерінің қауымдастығының Басқарма төрағасының орынбасары Ермек АБУОВКЕ хабарласып бірқатар сауалдар қойған еді.
– Қазақстандық фермерлер, оның ішінде сіздердің одаққа қарасты фермерлер ісіне пандемия қалай әсер етті?
– Коронавирустың таралуы барлық экономикалық салаға, оның ішінде Қазақстандық фермерлерлердің жұмыс істеуіне қатты әсерін тигізді.
Төтенше жағдай енгізілгеннен бастап блок-бекеттерден өту қиын болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер үшін «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдетілген тәртіп орнатты. Алайда, фермерлердың айтуынша, бұл жеңілдетілген тәртіп барлық жерде бірдей болған жоқ. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровтың атына ЭЦП-ны пайдалана отырып AgroRuqsat электрондық сервисі арқылы, өтінімдерді тіркеуді тоқтата тұру туралы және көктемгі егіс жұмыстарын уақытында өткізу үшін Ауыл шаруашылығы министрігі, Ішкі істер министрлігі және бас санитарлық бөлімшенің бірлескен бұйрығын шығару туралы Қазақстан фермерлер Қауымдастығы атынан хат жолдадық. Сондай-ақ, бұл мәселе Ауыл шаруашылығы министрі деңгейінде өткен видеокеңесте шешілді, онда блок-бекеттерден өту кезіндегі фермерлердің проблемалары туралы Қазақстан фермерлері қауымдастығының Басқарма төрағасы Жигули Молдахалықұлы айтып берді, онда фермерден тек фермерлік шаруашылықтың куәлігі мен жеке куәлік талап ету жеткілікті екенін айтты.
Карантин кезінде ауыл шаруашылығын кредиттеу, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің, жылжымайтын мүлік пен ауыл шаруашылығы техникасының кепіл құнын бағалау мәселесі күрделі болды. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне «ҚазАгро» кепіл саясатын өзгерту, атап айтқанда жылжымайтын мүлік объектілерін және жер учаскелерін кепілге қабылдау тәсілін өзгерту, төмендету коэффициенттерін жою жөнінде ұсыныс жолдадық. Объектілерді кепілге қабылдау кезінде олардың нақты нарықтық құнын ескеру қажет екені айтылды.
Қазіргі уақытта, Үкімет және ауыл шаруашылығына қатысы бар барлық қауымдастықтар, соның ішінде Қазақстан фермерлер Қауымдастығы алдағы егін жинау сәтті өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, ауыл шаруашылығы өнімінің тұтынушыларға кедергісіз жетуіне, ал фермерлік шаруашылықтардың қызметкерлері өз жұмыс орындарына еркін шығуына мүмкіндік беретін жағдайларды қарастырып жатыр.
– Мал шаруашылығы мен егісітік шаруашылығына келген шығындарда айырмашылық қаншалықты?
– Мысал ретінде, Түркістан облысындағы қырыққабатқа қатысты беректерді айтайын. Мұнда 300 000 мың тонна қырыққабаттың 159 200 тоннасының есебі бар да, 140 800 тоннасының есебі жоқ. Себебі қаншама мың тонна қырыққабат егістікте арбаға тиелген күйі іріп-шіріп кеткен. Жетісайлық диқандардың сөзімен айтсақ, өнімнің 60%-ы республика аймақтарына және экспортқа жіберілсе, 20%-ы егістікте қалып, 20%-ы гуманитарлық көмек әкелген көліктерге тегін тиеліп жіберілген.
– Фермерлік шаруашылықты оңтайландыру ісіне пандемияның әсері қандай болды?
– Қалыптасқан экономикалық жағдай белгілі бір шамада сатып алу сұранысының мүмкіндіктеріне әсер етеді. Бұл, әрине, фермерлік шаруашылықтардың қаржылық-экономикалық жағдайына кері әсер етіп өндіріс көлемін азайтты. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін бұл басты жағымсыз фактор. Сондықтан шаруаларды қаржылық қолдау өте маңызды және жергілікті атқарушы билік өнім өндіруде және оны сатуда фермерлерге қолғабыс болғаны жөн.
– Былтырмен салыстырғанда кіріс пен шығыс есебіне мониторинг жасағанда не байқадыңыздар?
– Пандемияның салдарынан туған экономикалық дағдарыс табысты азайтып, халықтың сатып алу қабілетін төмендетті. Дегенмен тығырықтан шығатын жол іздеген фермерлер мен сауда желілері ендігі жерде бұрынғыдан да тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді деп үміттенеміз.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика Комитетінің мәліметіне сәйкес 2020 жылғы қаңтар-маусымда тұтастай республика бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілетін қызметтерінің) жалпы шығарылымы 1 274,9 млрд. теңге болды, бұл өткен жылғыдан 2,4%-ға жоғары.
2020 жылғы қаңтар-маусымда ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі тірі салмақтағы мал мен құстың сойылған көлемінің – 3,5%-ға, шикі сиыр сүті сауымының – 3%-ға өсті.
2020 жылғы қаңтар-маусымда 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің ұлғаюы республиканың 14 өңірінде байқалған.
– Қазір иммунитет көтеру үшін жұрт қой еті мен саумал, қымызды көп сатып ала бастады. Мұның мал шаруашылылығына игі әсері болды ма?
– Қымыз, саумал, қойдың құйрық еті коронавирус пандемиясы кезінде негізгі тағамға айналды. Қымыздың емдік қасиетін бағалаған қазақстандықтар оны пневмония кезінде көп іше бастады. Бүгінгі таңда қымызға деген жергілікті халықтың көзқарасы өзгерді. Қазіргі кезде ол табиғи антисептикке айналды. Қымызды тек ауыл тұрғындары ғана емес, қала тұрғындары да іше бастады. Бұл қуантарлық жағдай. Пандемия кезінде аталған өнімдерге қызығушылық артып, қымыз өндірушілердің табысы көбейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика Комитетінің мәліметі 2020 жылғы 1 шілдедегі өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда шаруа қожалықтарында жылқы саны 11% өсіп 1 599,1 мыңға жетіпті.
Әңгімеңізге рахмет!
Қосымша мәлімет: Қазақстан Фермерлер қауымдастығы 2003 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсіби және қоғамдық принциптері негізінде ерікті түрде бірігуі арқылы құрылды, аграрлық сектордың үкіметтік емес ірі қауымдастығы. Елдің барлық облыстары мен аудандарында өкілдіктер мен филиалдар желісі бар. 50 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді (АШТӨ) біріктіреді.
Парақшамызға жазылыңыз