//

Коронавируспен күресте әлем тәжірибесі: Қазақстан неден сабақ алуы керек?

4051 рет қаралды

Соңғы дерек бойынша әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 14.4 миллионға жетті. Оның 603 мыңы  вирустан көз жұмды.

 

Коронавирус індеті жаһандық жүйеге, экономикаға, медицинаға айтарлықтай өзгеріс әкелді. Әлем елдері өз халқын вирустан сақтап қалу мақсатында әр түрлі шараны қолға алды. Әуе, жол қатынастарын тоқтатты. Қатаң шаралар қолданды. Өзге елдерде коронавирус індетімен күрес қалай жүрді? Мемлекет пен халық қандай реакция танытты? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында Польша, Түркия, Моңғолия, Кореядағы отандастарымызбен тілдестік.

Қарлыға, Польша мемлекетінің астанасы Варшава қаласының тұрғыны: 

Карантин кезінде азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы мүлдем өскен жоқ

Пандемия кезінде Еуропадағы өзге мемлекеттер секілді бізде де елден шығуға тыйым салынды. Азық-түлік дүкендері және дәріханадан басқа барлық орындар жабылды. Пандемия кезінде бізде мынандай шектеулер болды:

– адамдар арасында кемі 2 метр арақашықтық сақталуы тиіс;

– 18 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық орындарда тек үлкендермен ғана жүруге рұқсат;

– саябаққа, жағажай және желекжолға (бульвар) кіруге тыйым салынды;

– қоғамдық велосипедтерді қолдануға тыйым;

– косметикалық сән салондары жабылды;

– дүкендерде лимит болды. 1 кассаға ең көбі 3 адам тұруға болады. Мысалы дүкенде 5 касса бар болса, дүкенге келушілердің саны ең көбі 15 адам болды;

– поштада 1 терезеге ең көбі 2 адам кезекке тұрдық;

– базарларда 1 кассада 3 адамнан тұруға рұқсат етілді;

– дүкенге кірерде медициналық қолғап кию міндеттелінді ( дүкен бір реттік қолғап қоюы қажет);

– демалыс күндері құрылыс дүкендері жабылды;

– 10 мен 12 арасында дүкендер мен дәріханалар 65 жастан асқан кісілерге ашық болды;

– әрбір жұмыс орнында дезинфекциялық құралдар;

– барлық қонақ үйлер жабылды;

– сол күннен бастап карантинге жабылғандар жақындарынан 14 күнге оқшауланды. Немесе отбасымен үйде отырамын десе, үй іші түгелімен оқшауланды;

– реабилитациялық процедуалар тоқтады;

– әр дүкенде тұтынушыдан кейін дезинфекция шарасы жасалынды.

Карантин жағдайында көптеген фирмалар қашықтан жұмыс істеуге көшті. Менің жолдасым және біздің достарымыз дәл осы жүйеде жұмыс істегендіктен, мемлекет тарапынан бізге қандай қолдау боларын іздемедік.

Карантин кезінде азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасы мүлдем өскен жоқ. Бірақ бетперде мен антисептик алғашқы кезде жетіспеді және соған сәйкес олардың бағалары да өскен еді. Алайда бір айдан кейін ол мәселе шешілді және біз бұл заттарды кез-келген дәріхана мен дүкеннен таба алатын деңгейде болдық. Карантиннің бастапқы кезінде қалада паника басталды. Көптеген қала тұрғыны дүкендерден  сөре-сөре азық-түлік тасып жатты. Алайда бұл үрей тек 2-3 күнге созылды. Содан кейін бәрі орнына келді. Дәл қазіргі жағдайда бәрі реттеліп жатыр. Адамдар түсініп, арақашықтық сақтап жүр. Көшеде еркін жүріп-тұруға болады, тұрғындар мейрамханаларға, кинотеатрларға, фитнес залдарға және аквапарктерге барып демалып жүр. Алайда барлық жерде делік адам санында шектеу бар. Және қоғамдық орындарда, местрода, дүкендердің кіреберісінде антисептик бар және бетперде киюді міндеттейді.

Көптеген поляк халқы жағдайды өте салмақты қабылдады. Яғни үйде отыр деді ме, үйде отырды, ешқайда шыққан жоқ, арақашықтық сақтады және барлық қажетті шараларды орындады. Әрине арасында талапқа бағынбай, карантин режимін сақтамай жүрген адамдар да болды. Мысалы, сыртқа маңызды себеппен ғана шығу қажет болғанда, саябақта серуендеуге, жүгіруге салынған тыйымдарды елемей, қарсы шыққандар айыппұл төледі.

Жанболат Төлеген

Түркияның Измир қаласында Докуз Эйлюл Университетінде докторант: 

“COVID 19” вирусын жұқтырғандарды университет ауруханалары да қабылдай бастады

COVID-19 пандемиясы кезінде қоғамдық орындар (кафе, ресторан, ойын сауық орталықтары) жабылды. “COVID-19” жұқтырғандар саны күрт көбейген кезде қала іші, қала арасы қатынастары, қоғамдық көліктер тоқтатылды, әуежайлар қызметін тоқтатты.

Мемлекет пандемияға қатысты бірқатар шешімдер қабылдады: жұмыс орындары онлайн режимге ауысты, мектептер, жоғары оқу орындары да онлайн режимге ауыстырылып, студенттер үйлеріне кайтарылды. Мемлекет карантин аймақтарын кұрып, “COVID 19” вирусын жұқтырғандарды университет ауруханалары мен мемлекеттік ауруханаларға қабылдай бастады. Дәріханаларда бетперденің сатылуына тыйым салынып, метро станцияларында аптасына 1 рет 5 бетперде тегін алуға мүмкіндік берді, пошта арқылы бетперде тегін таратылды. Вирустың өршіген кезінде апта ішінде көшеге шығуға тыйым салынып, қозғалыс тоқтатылды. Азық – түліктің белгілі бір түрлерінде біраз бағаның өскені байқалды.

Мемлекет тарапынан әр күн 45-55 мың тест жасалып, тест нәтижесінде вирус жұқтырғандар жедел түрде карантин аймағындағы орталық ауруханаларға жатқызылды. Қазіргі кезде жағдай қалыпты. Вирус жұқтырған адам саны айтарлықтай азайды. Жағдай мемлекет бақылауында. Қала аралық, кала іші қозғалыстар қалпына келтіріліп, мемлекет қалыпты тіршілігіне оралып жатыр. Дегенмен халықтың сақтануын ескертіп денсаулық сақтау министрі, қала әкімдері күн құрғатпай әлеуметтік желі арқылы хабарландыру жасап отырады. Арақашықтық сақтау, бетперде тағып жүру міндетті.

Халық карантиннің өршіген тұсында біраз қиналды. Ауру саны азайып, тыйымдар алынып қалыпты тіршілікке оралған. Қазіргі кезде бұл жағдайға да бойы үйреніп қалды.

Пандемия кезінде вируспен күрескен дәрігерлерге қосымша ақы төленді. Оны сол кезде айтқан қазір де айтып жатыр, бірақ дәл қанша қосқандарын білмеймін. Түркия өз азаматтарына барынша қолдау көрсетті. Шет елде жүрген Түркия азаматтарын өз елдеріне арнайы ұшақтар шығарып бірнеше мәрте алдырды. Әсіресе қажылықта жүргендерді Түркияға келген бойда бірден тест жасап, карантинге алды. Себебі бастапқыда солардан вирус жұқтырғандар көп шықты.

Шет ел азаматтарына да басқалармен бірдей қолдау көрсетілді. Түркияда жүріп көз жұмғандары да болды. Оларды осы жақта жерледі. Түркия әлемнің 30-ға жуық еліне медициналық гуманитарлық көмек көрсетті. Оның ішінде Қазақстанға да дәрі-дәрмек, бетперде, медициналық костюм, көзілдірік қолғаптар жіберілді.

Жұбатгүл Самбууқызы

Моңғолия, Баян-Өлгейдегі қандасымыз: 

Моңғолияда 287 адам ғана індет жұқтырды, қайтыс болған адам жоқ

Моңғолияда пандемия кезінде айырықша орын алған мәселе жоқ. Желтоқсан айында бәріміз білетіндей Қытайда коронавирус инфекциясы шықты деген жаңалық шықты. Пандемия басталған сәтте Моңғолия бірден шұғыл комиссия құрып жиын ашты. Елде карантин жариялады. Мысалы мектептің, балабақшаның, жоғары оқу орындарының оқушы, студенттерін үйлеріне қайтарды. Барлығын қашықтан оқуға ауыстырды. Елдегі тойханаларды, мейрамханаларды, караокелерді, ойын-сауық орталықтарын жауып тастады. Діни орталықтар жабылды. Қытайда вирус шыққан сәтте-ақ Моңғолия осындай іс-шара орнатты. Себебі, Моңғолия Қытайға шекаралас мемлекет болғандықтан қауіптің алдын алды. Сол кезде қойылған қатаң карантин режимі әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Ел ішінде мүлдем ауру тарамады. Моңғолияның көп халқы шет мемлекеттерде. Моңғолия өзге әр елдегі елшілікпен келісіп, сол мемлекеттердегі өз азаматтарын ұшақ жіберіп алдыртты. Ол келген халықты бірден оқшаулады. Арнайы көлік дайындап, жеке карантинге жапты. Сонымен қатар бірден тест алды, сырттан келген 200-ден көп азаматтың 10-20 шақтысы вирус жұқтырған болып шықты. Барлығын 21 күнге карантинге жапты. Бұл уақыт аралығы бітіп, үйіне жіберілгеннен кейін отбасымен тағы 14 күнге оқшаулады. Сонымен 35 күндік сақтық шарасын жасады. Осылайша Моңғолия мемлекеті ішінде ауру тарамады.

Моңғолияның Денсаулық Сақтау Министрлігінің бүгінгі хабары бойынша жалпы елде індет 287 адамда тіркелген. Соның 213-і емделіп шықты, 74 адам емделу үстінде. Моңғолияда Денсаулық Сақтау Министрлігі және жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері күнделікті таңертең ұлттық арнада ақпарат беріп отырады. Моңғолияда коронавирус жағдайын баяндайды. Қандай сақтық шарасын жасауымыз қажет деген хабарландыру да айтылады. Министрліктің айтуынша күзге қарай Моңғолияға бұл ауру келуі мүмкін. Елде қайтыс болған адам жоқ, күзге қарай ұстай алмай қалуымыз мүмкін. Сол себепті жасы үлкен, ауруы бар адамдар ауылдарға барып ағарған ішсін, иммунитет көтерсін деген кеңес беріліп жатыр.

Пандемия кезінде күрделі, ауыр аурулармен ауыратын, медицинаның қарамағындағы адамдарға ай сайын ақша бөлінеді. Пандемия кезінде сол жәрдемақының үстіне 100 мың төгірік қосылды. Кейбір қарттардың зейнетақысына да ақша қосылды. Мемлекеттік қызметкерлердің айлығы дәл сол қалпында.

Қазір елде азаматтығы бар жоғына қарап жатқан жоқ. Алғашқы кезде коронавирус шықты дегенде халық дүр сілкінді. Кейбір азық-түлік, дәрілердің бағасын көтеріп жіберді. Сол сәтте үкіметтен бірден ештеңеге баға қосылмасын деген үкім келді. Егер баға қосылса заң бойынша жауап беріледі деді. Азық-түлікке аздап баға қосылды, себебі қазір шекара жабық сол үшін ғана. Қазір дәрі-дәрмек, маска, антисептик ешқайсынан тапшылық көрген жоқпыз. Барлығы дәріханада толып тұр. Моңғолия халқы бетпердені қолдан тігіп сатты.

Моңғолия халқы заңға, карантинге ерекше бағынады. Ешкім қарсы келмейді. Кез-келген орында, сыртта болсын маскасыз ешкім жүрмейді. Маскасыз жүргендерге қызмет көрсетілмейді. Ел ішінде ауру таралмағандықтан аса үлкен қауіпте отырған жоқпыз.

Қазақстанда лауазымды адамдар, қарапайым халық, әншілер, көпшілік халық коронавирусқа сенбегенін білемін. Бұл саясат, қолдан жасалған дүние деп жатқанын да білемін. Бізде ондай әңгіме жоқ. Біз коронавирус індетінің барына сенеміз, мойындаймыз.

Корея, Ымсон қаласындағы қандасымыз

(Аты-жөнін, суретін шығармауды сұрады)

Бізде карантин Қазақстандағындай болған жоқ. Біз мұнда коронавирустың таралуы жағынан Корея екінші орынға шыққан кезде келген едік. Вирус тарап жатыр деп үрейленіп қайтып кеткендер болды. Алайда, Кореяда карантин мүлдем болмады деп айтсам да болады. Карантиннен халыққа ешқандай ауыртпалық түскен жоқ. Себебі онымен үкімет күресті. Корей халқының жауапкершілігі өте жоғары. Бетперде тағу керек деді ме, барлығы бірден тағып жүреді. Тіпті қоағмдық көлікке де бетпердесіз кіргізбейді, жұмыстың көліктері де бетпердесіз алып кетпейді.

Антисептик барлық жерде орнатылған. Кез-келген мекемеге кірсеңіз антисептик бар.  Сонымен қатар, температураны да өлшейді. Норма 36.6 болса 37-ге дейінгілерді ғана кіргізеді. Азық-түлікке болсын, басқа да тауарларға болсын баға өзгермеді. Дүкендер жабылмады. Жаппай сатылым дегендер де болмады. Карантин еңгізілсе де халыққа аса қатты сезілмеді. Өйткені карантинмен билік күресті. Тіпті біз басқа елдің азаматы болсақ та, емін-еркін көшеде жүре береміз. Ешкім тиіспейді. Биліктің тапсырмасы бойынша, басқа елдің азаматтарына тиіспеңдер делінген. Ауруханаларға қаралуға болады. Халықты үрейлендірмендер депті. Далаға жүруге тыйым салынбады. Ешқандай мекеме, фабрикалар жабылмады, барлығы істеп тұрды. Экономикасы да бір қалыпты болды. Айлықтарын алып жатты.

Кореядағылар бұл ауруға сенбейді. Қазақстандықтар қандай аурумен ауырып жатқанын білмеймін. Бірақ бұл жақта ондай мүлдем жоқ. 60 млн-ға жуық халықтың арасынан ауруды көрмедік. Оның барлығы саясат деп ойлаймын.

Дәл осы уақытта Кореяда болғанымызға Аллаға сансыз шүкір деп отырмыз. Қазақстанда болсақ не болар еді деп ойлаймыз.

Мен өзім саудагермін. Бутик банкрот болып жабылып қалған. Қазақстанда болсақ, қалай күн көрер едік, саудамыз қалай болар еді деп ойлаймын. Несие деген тағы бар…. Корея үкіметі ешқандай қысым жасап жатқан жоқ. Керісінше үкімет халыққа жұмыс жасайды екен. Ойын-сауық орталықтары, кафелер ғана жабылды.

Бетперде қолжетімді бағада сатылып жатыр. Бетперденің жетіспеушілігі мүлдем болмады. Осы күнге дейін “коронавируспен ауырдым” деген ешкімді кездестірген жоқпын. Қазақстандағыдай пневмониямен ауырған адамды да көрмедім. Басында 1-2 адам шықты дегенді естідік, одан кейін білмедім. Қазақстан мен Кореяны салыстыру мүмкін емес. Бұл жақта мемлекет халыққа, халық мемлекетке жұмыс істейді. Дәл осындай сәтте Кореяда болғанымызға шексіз қуаныштымыз.

Бізде ешқандай жұмыс тоқтамағандықтан, мемлекеттен әлеуметтік көмек көрсетілген жоқ. Себебі бізге ондай қажет те емес. Айта кетерлігі халық мемлекеттің айтқанын қалтқысыз орындайды. Әр жердің басшылары қол астындағыларға аурудың алдын алатындай жағдай жасайды. Мысалы біздің пәтеріміздің басшысы аптасына 2 рет келіп дезинфекция шараларын жасап кетеді. Хлор, уксуспен тазалап шығады. Біздің пәтердің дәретханасына дейін тазалап кетеді.  Қазақстанда үйдің басшысы пәтер тұрғындарына тазалаңдар деп айтып кетеді ғой, бұл жақта басшының өзі келіп тазалайды. Мен қатты таңқалдым. Керемет жағдай жасайды екен. Осылайша барлық аурудың алдын алды.

P.S. Бұл өзге елдегі отандастарымыздың сол мемлекеттің жағдайын баяндауы. Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 71.838 адамға жетті. Емделіп шыққандар 43.401 адам. 375 адам қайтыс болды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар