//

Медицинасы шатқаяқтаған Қазақстан

1815 рет қаралды
Фото: www.azattyq.org

Тығырықтан шығудың жолы қайсы?

Коронавирус эпидемиясы Қазақстанда маусым айында шарықтау шегіне жетті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустан көз жұмғандардың саны – www.coronavirus.kz сайтындағыдай 188 емес,   232 екенін айтты. 

Тек сенбінің өзінде қайтыс болғандардың саны – 18-ге жеткен. Енді қайтыс болғандардың санын бұрынғыдай күн сайын емес, аптасына бір рет жаңалайтын болған. Тағы бір қызығы, Қазақстанда коронавируспен бірге пневмонияның өршіп тұрғаны. Мәселен, 2020 жылдың жарты жылында пневмониямен ауырғандар саны – 98 546-ға жеткен. Ол былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 55,4%-ға артық. Былтыр бұл дертпен ауырғандардың саны – 63436 болған екен. Биыл маусым айында пневмониямен 32724 адам тіркелген, ол былтырғыдан (7964)  төрт есеге артық. Жыл басынан бері пневмониядан қайтыс болғандардың саны – 1772-ге жеткен, оның 628-і маусым айына тиесілі. Дегенмен, пневмониядан қайтыс болғандарды ресми түрде коронавирус инфекциясының құрбандарына қоспай отыр. Өйткені ПЦР тестісі коронавирусты нақтыламай тұр. Десе де, мамандар пневмонияның өршуіне коронавирус пандемиясы ықпал етіп отырғанын айтады. 

Статистиканы қалай жаңаласа да, елдегі жағдай оңып тұрған жоқ. Әлеуметтік желінің беті күйзеліске, қаралы хабарға толып кетті. 

Ауырғандарға ауруханалардан орын жоқ, жедел жәрдем сағаттап келмейді, Денсаулық сақтау министрлігіндегілер ауру белгісі жоқ болса немесе аса ауыр болмаса үйде жатып емделуге кеңес берді. Ал өз проблемаларымен қалған жұрт сабылып дәріханаларды жағалап кетті. Дәрі жоқ, бары қымбат. 

Осы коронавирус эпидемиясымен күресу үшін қаншама қаржы бөлінді. Қаржы министрі Ерлан Жамалбаевтың мәліметі бойынша коронавируспен күреске 153,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 125,3 миллиарды республикалық бюджеттен, 26,6 миллиарды Үкімет резервінен және Білім және ғылым министрлігі 1,5 миллиардын бөлінген. Оның үстіне кешеден бері Грузиядан және Қытайдан гуманитарлық көмектер келіп жатыр. Мұндай жағдайда дәріні тым болмағанда о бастағы бағасымен жеткілікті етіп ұстауға болмас па еді? 

Сонымен бюджеттен бөлінген 125 миллиард теңге қалай жұмсалды? ҚР Қаржы вице-министрі Әлихан Смаиловтың мәліметіне сүйенсек, ақша төмендегідей жоспарланған: 

ҚаржыҚайда жұмсалады
14,8 млрд теңгеНұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 680 орындық үш медициналық кешен салу
30,8 млрд теңгеТөтенше жағдай кезінде тұрғындардың жекелеген категорияларына азық-түлік және тұрмыстық заттар әперу 
8,1 млрд теңгеМедицина мекемелерінің, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне, ұлттық гвардияның жауынгерлеріне сыйақы төлеу
4 млрд тенгеВедомствоаралық ақпараттық жүйелерді байланыс қызметімен қамтамасыз ету
1,3 млрд теңгеБлокпостарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азық түлік және әлеуметтік мүлік cатып алу
225 млн теңгеТепловизорлар сатып алу 
200 млн теңгеАқпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу 

Алайда, өкінішке қарай, Қазақстан эпидемиямен күреске дайын болмай шықты. Өйткені, Қазақстанның ресми билігі коронавируспен ауыратындардың санын 3,5 мың деп болжаған еді. Қазіргі ресми статистика 50 мыңға жақындады. Дегенмен, ПЦР тест тапсырмай ауырып жатқандар қаншама, тапсыра алмай пүшайман боп жүргендер қаншама. Өйткені, айналаңда ауырып жатқандар көп. Оның үстіне пневмонияның қай санатқа жататыны беймәлім. Егер осы жағдайдың бәрін есептесек, онда вирус жұқтырғандар саны еселеп артар еді. Өткен аптада The New York Times басылымы Қазақстанды коронавирус инфекциясының таралуы жағынан әлемде алдыңғы орынға шыққаны туралы мәлімдеді. Дегенмен министр Цойдың пікірінше жағдай ондай ауыр емес. Індет сонша өршіп кеткен жоқ. Тек бұған дейін симптомы барларды жеке, жоқтарды жеке есептеп келген болсақ, қазір бірге есептейміз, соның салдарынан ауырғандар саны да күрт өсіп тұр деген ол, бір екі аптада жағдай реттеліп қалатындығын мәлімдеген. Дегенмен көптеген сарапшылар екі апталық карантиннің берері аз екенін айтады. Жағдайды түзеу үшін әуелі медицина саласындағы жемқорлықты тыю керек, сосын ауруханалардағы төсек санын көбейтіп, дәріханаларды дәрімен толтыру қажет. Қолдан жасалған дәрі тапшылығы мен қымбатшылығына тоқтау қойып, фармацевт нарығын реттеуге үкіметтің өзі араласқаны жөн. Алексей Цой «Атамекен» бизнес каналына берген сұқбатында «Фармацевтика туралы» заңды жыл соңына дейін Парламентке әкелу үшін жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл заңның негізгі мақсаты – дәрі-дәрмектің бағасын реттеу. Демек бұған дейін дәрі дәрмек бағасын реттейтін тетік болмаған.  

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар