Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургі Мыңжылқы Бердіқожаевтың пневмонияға шалдыққан жүздеген, мыңдаған науқасты короновируспен ауырғандардың ортақ есебіне енгізу керек деп дабыл қағып жатқанына екі-үш күн болды.
Маманның пікірінше, Қазақстанда ПТР тестілеуі оң нәтиже көрсеткендерді ғана коронавирус жұқтырғандардың есебіне енгізеді.
– Қазіргі мәлімет шынайы жағдаймен үйлеспейді. Компьютер томографиясы және рентген-зерттеуі нәтижесінде дәлелденген атипиялық пневмония жағдайлары тікелей ковидпен байланысты. Оны коронавирустық пневмония деп өзгертіп, әзір тек ПТР сынамасымен ғана расталатын статистиканы қайта қарау қажет.
Қазір еліміздің әр аймағындағы провизорлық орталықтарда емделіп жатқан яки қайтыс болған адамдардың көбі пневмонияға шалдыққан. Пневмонияға шалдыққандарды провизорлық орталықта емдеп жатқан денсаулық сақтау министрлігі пневмонияны ресми түрде ковидпен байланыстырмай отыр.
Алайда, жақында ғана осы министрлік жариялаған коронавирустан қайтыс болған қазақстандық дәрігерлердің тізімінде Алматы облысының Бас санитары Баймұхамбетов Қайрат Қажыманұлы бар.
Бас санитардың қайтыс болғаны жөнінде Алматы облысы әкімдігі таратқан ақпаратта одан коронавирус анықталмады деп анық жазған еді.
Бұл ақпараттардан Денсаулық сақтау министрінің әрекетіндегі қайшылық анық көрініп тұр. Қарапайым халық арасындағы пневмониямен ауырғандар ковид жұқтырғандар санатына қосылмай отырғанда, бірақ пневмониядан қайтыс болған марқұм бас санитар қалайша ковидтен қайтыс болған тізімге еніп, кетті?
Министрліктің бұл әрекетін қалай түсінуге болады?
Біз осы мәселе жөнінде Мыңжылқы Бердіқожаевқа хабарласып, пневмониядан қайтқан бас санитардың ковидтен қайтыс болған дәрігерлер қатарына кіруі қарапайым халықты алалау емес пе, деп сұрадық. Мыңжылқы Бердіқожаев мұны «алдау» деп атады.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріптің уатсабына сағат 10.30 да жазған сауалымызға 16.00 ге дейін жауап ала алмадық.
Ал, осы аралықта түрлі ақпарат құралдары арқылы Денсаулық сақтау министрі Александар Цойдың Үкімет отырысында БАҚ пен әлеуметтік желіде «негатив» материалдарды 10 пайызға азайту керек деп айтқаны жайлы ақпарат тарап жатты.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпарат тарату ісіне емес, пневмония мен ковидтің ара жігін анықтап, халықты адастырмауға күш жұмсағаны жөн еді.
Парақшамызға жазылыңыз