Вирусты пневмонияны жұқтырған немесе сол аурудан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік өтемақы төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің 22 шілдедегі бірлескен бұйрығында айтылды.
Министрліктер енгізген жаңа өзгертулері бойынша, COVID-19 инфекциясына қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері “коронавирус” және “вирусты пневмонияны” жұқтырған немесе сол аурулардан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлем жүргізіледі.
Біржолғы әлеуметтік төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленбек.
- COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған, вирусты пневмониямен сырқаттанған жағдайда екі миллион теңге мөлшерінде, ал қайтыс болған жағдайда олардың отбасыларына он миллион теңге мөлшерінде жүзеге асырылады.
Біржолғы әлеуметтік төлем денсаулық сақтау қызметкерлерінің COVID-19 инфекциясын немесе вирусты пневмонияны жұқтырған келесі қызметкерлеріне беріледі:
1) реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың және COVID-19 коронавирус инфекциясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін айқындалған басқа да стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне;
2) провизорлық стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне, жедел медициналық көмектің, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлерге, сондай-ақ санитариялық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлеріне;
3) карантиндік стационарлардың дәрігерлеріне, орта және кіші медицина қызметкерлеріне, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілеріне, сондай-ақ зертхана мамандарына, санитариялық-эпидемияға қарсы қызметтің қызметкерлеріне, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шаралармен байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған жедел стационарлардың және медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары қабылдау бөлімдерінің қызметкерлеріне, сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ қызметкер жұқтыру (сырқаттану) салдарынан қайтыс болған жағдайда оның отбасына жүзеге асырылады.
Әлеуметтік төлемдер медицина қызметкерінен СOVID-19 коронавирустық инфекциясын, вирустық пневмония ауруын жұқтыру фактісі анықталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Бұйрықтың толық мәтіні мына сілтемеде. https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/documents/details/52250?lang=kk
Парақшамызға жазылыңыз