///

Covid-19: Әлеуметтің мұңы көбейді

4755 рет қаралды

КӨП БАЛАЛЫ АНА: МЕНІҢ БАЛАЛАРЫМНЫҢ ОҚУЫ ОЙДАҒЫДАЙ БОЛУЫ ҮШІН, ҮЙІМЕ WI-FI, 4 БАЛАМА ТЕХНИКА КЕРЕК


Мемлекеттік көмек 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш білдіріп, қолы жетпеген жанның бірі Алматы облысының тұрғыны Сара ханым (есімі кейіпкердің өтінішімен өзгертілді).  Сара – көп балалы ана. Сара “COVID-19” пандемиясы және карантин көп балалы ананың барлығына ауыртпалық түсірді дейді:

 Қиындықты айтсам шегі бар ма? Мен көпбалалы анамын, 5 бала тәрбиелеп отырмын. Қазіргі жағдайда балаларыма тамақ алып беруге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге дәрменсізбін. Қолымдағы ай сайын алатын үкіметтің 55 мың теңгесі не пәтер ақыға, не азық-түлікке, не дәріге жетпейді. Әлеуметтік көмек 42 500-ге өтініш жібердім, алайда жәрдемақы аласың деп қабылдамады.

Карантинге дейін тойханаларда ыдыс жудым. Қазір барлық мейрамханалар жабылды, сол себепті жұмысымнан айырылдым. Білімің болмағаннан кейін еш жерге жұмысқа алмайды.

Жақында оқу жылы басталады. Менің 4 балам мектепке барады. Олардың барлығы дерлік онлайн білім алады. 4 балаға 1 телефонмен сабақ оқыту өте қиын. Менің телефоным барлығын көтере алмайды. Әр балам үшін 7-8 группада отырамын. Күніне 1000 хат келгеннен кейін телефон көтермейді. Біз ауылдық жерде тұрамыз. Ай сайын тариф құю қажет. Құйған күннің өзінде ауылда дұрыс ұстамайды. Осының барлығын ойласам көзіме еріксіз жас келеді. Қиындықты жіпке тізіп шықсаң өмір сүргің де келмей кетеді.

Екінші қиындық, сабақ офлайн басталса балаларға киім алып беру қажет. Ешқандай дайындығымыз жоқ. Жылда ыдыс жуып, ақша жинап, ішпей-жемей балаларыма киім-кешек, мектепке қажетті құралдар алатынмын. Қазір ол мүмкіндік те жоқ.

Індет те, карантин де пәле болды. Балаларымның бәрі бір рет ауырып шықты. Оның үстіне балаларым кішкентай. Сол себепті де үйде отырмын. Балаларым ауырып қалған кезде бір де бір дәрі ала алмадым. Бағаларын көрсең жағаңды ұстайсың.

Бұл жағдайды айтып та, жазып та жеткізу мүмкін емес. Халықтың басына түскен қиындық осы. Қазір жағдайы жақсы көпбалалы ананы табу қиын.

Мемлекеттен бөлінетін 21 мың теңге екінің біріне беріле бермейді. Мұқтаж болып тұрсаң да, біресе жәрдемақың асып кетеді, біресе табысың асып тұр деп шығады. Төлеу қажет пәтер ақысы бар, азық-түлік бар, айта берсең толассыз. Балаларым таза киім жайлы ұмытты.

Маған қазіргі жағдайда балаларыма техника не WiFi орнатып берсе дегім келеді. Үкімет Атамекен ұйымынан ноутбук береді дегенді естідім, алайда толық түсіне алмадым.

Гүлнара Сейдоллақызы; ҮШ БАЛАМА ҮШ НОУТБУК КЕРЕК

Білім және ғылым министрлігі бірінші тоқсанның қашықтан оқытылатынын айтқалы көптеген ата-ананың уайымы күшейді. Балаларын үйден оқытуға шамасы келмей отырған ата-ана көп. Соның бірі Алматы қаласы Наурызбай ауданы Көксай ауылының тұрғыны Гүлнара Сейдоллақызы. Оның сөзінше карантин мен қашықтан оқу оларды тығырыққа шын тіреп тұр екен. 

Гүлнара Сейдоллақызы, 4 баланың анасы:

– Жұмыссызбын, декретте отырмын. Жолдасым құрылысшы. Өзіңіз де білесіз, құрылыс бірде бар, бірде жоқ. Жалақысы ауылдан қалаға қатынауға және азық-түлігімізге ғана жетеді. Бір ай болды жұмысы тоқтап тұрғасын қарызға кірдік. Карантинге дейін елден қалмай әупірімдеп күн көріп едік, енді жағдай нашарлап кетті. Балалардың оқуы да жақындап келеді, ешқандай дайындығымыз жоқ. Биыл үлкен қызым алтыншы сыныпқа, ұлым үшінші сыныпқа, екінші ұлым бірінші сыныпқа барады. Үшеуіне үш ұялы телефон қажет, қалам, қағаздары тағы бар. Қайта биыл мектеп формасын алғызып жатқан жоқ, әйтпесе оның өзі біраз ақша еді. Алайда телефондары одан екі есе қымбатқа түсіп тұр. Өткен оқу жылындай бір телефонмен оқытатын мүмкіндік болса және мұғалімдер тапсырма орындау уақытын шектемейтін болса жақсы болар еді. Әйтпесе үш баланы бірдей оқытуға жағдайымыз келмей тұр. Оның үстіне емізулі балам қолдан түспей жүргенде бірінші сыныпқа баратын ұлымды оқыту оңай емес. Оқу бағдарламасы да қиындап кеткен, бір тапсырмасын түсінсең, екіншісін түсінбейсің. Өзім түсінбеген соң балаға қалай үйретем?..

Қысқасы, қаражаттан да, білім беру жағынан да тығырыққа тірелдік. Құрбан айт мерекесінде ауыл тұрғындары жағдайлары келгенше ақша жинаған болатын. Ол ақшаны жетім-жесірлер мен жағдайы төмен отбасыларға таратқан, содан 50 мың теңге алдық. Шүкір, сол қаржыға азық-түлігіміз бен балаларға шақтап дәптерлері мен қаламдарын алып қойдық. Оның өзі бір жазғаннан артылмайды- ау. Ел басына күн туған заманда өз бағасынан асырып, қосып сататындар да көбейіпті, қарап тұрып күйінесің…

Жақұт Ерланұлы,  3 сынып оқушысы: КАРАНТИН ДЕГЕННІҢ НЕ ЕКЕНІН ТҮСІНБЕДІМ, АЛ МЕНІҢ МЕКТЕПКЕ БАРҒЫМ КЕЛЕДІ            

– Тағы да үйден оқиды екенбіз ғой… Ал менің мектепке барып оқығым келеді. Себебі үйден оқуға жағдайымыз келмейді. Бір телефонмен үш бала оқимыз. Кейде келген хаттарды көтере алмай телефон істемей қалады. Сонда анам ашуланады. Ал жеке жеке телефон ұстауға тағы да жағдайымыз жоқ. Карантин деген не екенін мүлде түсінбедім. Теледидарда да, көшеге шықсаң үлкен кісілер де карантин жайлы айтады. Тезірек бәрі бітсе екен. Сосын тезірек өссем екен, үлкен болсам ақшам көп болатын еді…

Әр өңірде Жақұт секілді армандайтын бүлдіршіндер аз емес шығар… Періште ғой! Арманы орындалса екен деп тіледік …

Жадыра Жанарбек, 

Айғаным Айтақын

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар