Ақпаннан бері жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген жұмыссыздардың саны 8 есеге артқан. Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов жағдай бұдан әрі ушығуы мүмкін екенін ескертті. «Ақпан-тамыз аралығында жұмыспен қамту орталықтарына ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар саны 8 есе көбейген. Бүгінгі таңда ай сайын 60 мың адам осындай мақсатпен жүгінеді. Олардың ішінде бұрыннан жұмыссыз жүргендер де, пандемия кезінде жұмысын жоғалтқандар да болуы мүмкін. Яғни түрлі санаттың адамдары бар. Бәрін жағдайдың келгенінше «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастырып жатырмыз. Тым болмағанда уақытша жұмысқа кіргіземіз. Ал жалпы жұмыссыздық деңгейіне келетін болсақ, жыл соңына дейін 6,1 пайызға жетуі мүмкін. Бұл шамамен 700 мың адам деген сөз. Бірінші тоқсанда еңбекке жарамды халықтың 4,8 пайызы жұмыссыз болса, қазір ол 5 пайыз көлемінде. Жастар арасындағы жұмыссыздық бірінші тоқсанда 3,8 пайыз болса, қазір 4 пайыз. Мұнда да өсім 0,2 пайыз», – деді Серік Шапкенов.
Сондай-ақ, Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шапкенов атаулы әлеуметтік көмек алатындардың статистикасына сүйене отырып, пандемия кезінде елдегі кедей отбасылардың саны артқанын да ескертті: «Бұған дейін ресми статистикада халықтың 4,5 пайызының тұрмысы кедейлік шегінен төмен шегінен төмен деп көрсетілген болатын. Бұл санатқа атаулы әлеуметтік көмек алатындар жатады. Қазір 130 мың отбасы осы көмекті алады. Биылдан бастап оларға жаңа формат бойынша АӘК мен азық-түлік себетін таратып келеміз. 1 қаңтарда 100,7 мың отбасы АӘК алатын. Пандемия кезінде оларға көмек ұздіксіз көрсетіліп отыр. Осы кезеңде қосымша 29 мың адам АӘК алуға өтініш берді», – деді вице-министр
Серік Шәпкеновке журналистер: «Сіз министрдің орынбасары ретінде 42 500 теңгеге өмір сүріп көруге қалай қарайсыз?деген сауал қойған еді. Дәл осы сұрақ министрлдің орынбасарын біраз абдыратып тастады. Ол өз жауабында: «42 500 теңгеге өмір сүрер ме едіңіз бе деп сұрап отырсыз ғой. Мен мынаны айтар едім. Әр жағдайда еңбекақы көлемін жұмыс беруші белгілейді. Егер маман жоғары талапты болса, неге оған жұмыс беруші 42 500 теңге төлеу керек», – дей отырып, өзіңің мұндай жалақыға лайықты емес екендігін емеурінмен түсіндірді.
«Минималды еңбекақы мөлшерін елдегі орташа еңбекақы деңгейімен теңестіру мүмкін емес. Ол өзі не үшін қажет? Жұмыс берушілер кедейлік шегінен төмен айлық тағайындамау үшін минималды еңбекақы мөлшері белгіленеді. Оны республикалық бюджет 42 500 теңге деп бекіткен. Біздің министрлік еңбек төлеміне мониторинг жасап отырады. Зейнетақы аударымын, басқа да көрсеткіштерді қарап отырамыз. Жұмыс берушілер маман білікті болса, оның айлығын негізсіз төмендетпейді. Керісінше, біздің еңбек нарығында білікті мамандар тапшылығы бар. Пандемия кезеңінде арзан жұмыс күшін әкелу үшін шекараны ашуды сұрап отырған компаниялар көп. Азаматтардың қауіпсіздігін сақтап, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік жұмысшыларға берілетін квота 2 есе азайтылды», – деді Серік Шапкенов.
Парақшамызға жазылыңыз