Өткен жұмада ІТ аналитик Тимур Бектұр “Мінберлің” инстаграм парақшасында тікелей эфирге келіп, елдегі интернеттің жағдайы туралы пікір алмасқан едік. “Мінбер” оқырманына Тимур Бектұрмен әңгімеміздің видео нұсқасын ұсынған едік. Дегенмен кей оқырманның видеодан гөрі мәтінді ұнататынын ойлап, сұхбаттың мәтінін оқырманға ұсынуды жөн көріп отырмыз:
– 20 жылдан бері «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асырып келеміз. ІТ аналитик ретінде еліміздегі интернеттің жағдайын қалай сипаттар едіңіз?
– Қазақстандағы интернеттің жағдайы біреуден кейін, біреуден ілгері деп айтуға болады. Біздегі басты мәселе ұялы телефонның станцияларына, сол станция қамтамасыз ететін аймақтағы құрылғылардың санына байланысты. Себебі қаладан қашық, алыс аймақтардағы ауылдарда әлі де интернет желісі дұрыс тартпайды. Алыс ауылдарды айтпай-ақ қаланың іргесінде тұрған кейбір елді-мекендердің өзінде 3G, 4G жоғарғы жылдамдықтағы интернеттің жетіспеушілігі анық байқалады.
– Биылғы оқу жылын да қашықтан оқимыз деп отырмыз. Бұған көз-қарасыңыз қалай?
– Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын қалай ілініп-салынып оқыған болсақ биылғы жылдың бірінші тоқсанында да дәл сол жағдай қайталанады деген ойдамын. Осы жақында ғана тағайындалған вице- министр Бағдат Мусин мырза Президент ашқан жиналыста интернетпен қамту мәселесін көтерген болатын. Интернет деген кезде бірден оның қамтылу жағы айтылады. Ал интернетпен қамту үшін оның жылдамдығын арттыру қажет.
– Төртінші тоқсанда қашықтан оқуға аяқ астынан көштік. Ал төртінші тоқсан аяқталғалы да үш ай өтті. Осы уақыт аралығында интернеттің жылдамдығын арттыру үшін қандай да бір дайындық жүргізілді ме?
– Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Себебі құзырлы ведмстволардың қызметіне жауап та, баға да беру мүмкін емес. Бірақ белгілі бір дәрежеде дайындық жүргізілген болуы керек. Сол дайындық барысын бақылап отырған ІТ маманы ретінде айтар болсам, соншалықты ілгерушілік болды деп айта алмай отырмын. Бұрын қалай болса, қазір де солай. Тіпті алысты айтпай-ақ, Нұр-Cұлтан қаласының іргесіндегі Қосшы деген ауылдың үш ай бұрынғы интернет проблемасы сол күйі тұр. Интернет – инфраструктуралық мәселе. Бұл адами фактор болатын болса шешімін табуға, автоматтандыруға болатын шығар. Бірақ бұл күрделі инфрақұрылымдық, инженерлік-коммуникациялық мәселе болғаннан кейін, бүкіл Қазақстанды жоғарғы сапалы интернетпен үш айдың ішінде қамти салу мүмкін емес.
– Бүгінгі білімнің сапасы тікелей осы интернетпен тығыз байланысты екені айқын. Сонда бізге қайтпек керек?
– Бұл сөзді осы жерде қолдану қаншалықты дұрыс-бұрысын білмеймін, дегенмен «Бұдан жаман күнімізде де тойға бардық», – деп айтайын. Дәл қазір басқа амал да жоқ. Бірақ оқушылар, ұстаздар, ата-аналар, мектеп басшылары жүйелі түрде интернеттің жылдамдығы туралы арыз-шағым жасап отыруы керек деп ойлаймын. Яғни, төменнен қысым жасалуы керек. Біз қазір мобильді интернетті де, кең жолақты интернетті де пайдаланып жатырмыз. Алайда олардың жылдамдығы нашар. Осы мәселені жиі-жиі айта берсек, сонда өкімет тарапынан тиімді жолдар ұсынылады деген ойдамын.
– Кең жолақты интернет пен мобильді интернеттің сапасында немесе жылдамдығында айырмашылық бар ма?
– Әрине бар. Кең жолақты интернеттің жылдамдығы жоғары болады. 4G ұстайтын мобильді интернет те жақсы. Қанша дегенмен көп адамның үйінде кең жолақты интернетпен келетін wi-fi болмауы мүмкін. Бірақ бізде таңдау жоқ. Интернет ұстамайтын ауылдарға барсаңыз «қайсысын болса да бізге интернет беріңізші, баламызды оқытайық, жұмыс істейік», – деп шырылдайды. Болса, екеуін де пайдаланған дұрыс. Бірақ бізде таңдау құқығы да жоқ. Қазақстанда 19 млн халық деп есептесек, соның 10 млн-ы мобильді құрылғымен интернетке кіреді, ал жалпы Қазақстандағы мобильді құрылғылардың саны халықтан бір жарым есеге көп.
– 3G, 4G деп жатырсыз, біздің ел соның қайсысында отыр?
– 4G пайдаланып отырмыз деп нақты айта аламын. Бізде 2G деген жоқ. Бізде 3G немесе 4G ұстайды. Бұл өзі бір қызық құбылыс. Интернет бар, жақсы ұстайды я болмаса мүлде жоқ. Басқа елдің рейтингісіне қарағанда біздің интернет жаман емес. Бұл жердегі мәселе оның таралуында емес, алыс аймақтарды қамтуында болып отыр.
– Қазақтелеком осы сала бойынша монополия. Басқа интернет провайдерлердің пакеттерін, компанияларын сатып алды. Бәсекелестіктің жоқтығы осыған ықпал етіп отырған жоқ па?
– Әбден мүмкін. Бірақ монополия болсын, болмасын мемлекет өзінің халқын интернетсіз қалдырмауы керек. Қазір біз төртінші өндірістік революцияның қарсаңында өмір сүріп жатырмыз. Жалпы әлем өзі жүретін көлік, жасанды интеллект, Марсқа ұшу т.б. нәрселерді ойлап тапты. Ал үшінші өндірістік революцияның басы электр заманы болды. Автомобиль өндірді. Ал аяғы компьютеризацияға келді. Яғни ғылыми-техникалық прогресс дамыған сайын оның өнімдері адам баласының негізгі құқығының бөлшегіне айналады. Мысалға сіз мемлекеттен үй салу үшін жер алғыңыз келсе, оны жүгіріп барып ала салмайсыз, олар да бере салмайды. Яғни оған инженерлік-коммуникациялық желісін жүргізеді. Себебі мемлекет өзінің азаматтарын тұрмыстық қажеттілікпен қамтуға міндетті. Оған ток, су, газ жатады. Бұл үшінші өндірістік революцияның жемісі һәм жеңісі. Себебі бұлар адамзаттың ажырамас бөлігіне айналған. Қазір төртінші өндірістік революцияның кезеңі болған соң интернет те сондай, тиісінше мемлекет азаматтарын интернетпен қамтуы тиіс. Себебі бұл адамдардың құқығы, өміріміздің ажырамас бөлігі.
– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына көп ақша бөлінді ғой. Оның бәрі қалай, қайда жұмсалды?
– Иә, өте көп ақша бөлінді. Дәл осы сұрақты төртінші тоқсанда да маған қойған кезде былай деп жауап берген едім: алдымен төртінші тоқсаннан өтіп алайық. Содан кейін кім жеді, кім кемшілік жіберді, кім кінәлі деген сұрақтарға жауап іздейміз деген едім. Бірақ бұл жоғарыдағылардың орнын ауыстырумен ғана шектелмейді. Біздің қоғам қазір бір жазалаушы қоғамға айналып бара жатыр. Біздің түпкі мақсат жұмыстан босату немесе түрмеге отырғызу емес қой?.. Мәселе кінәлілердің жазаланғанында емес, мәселенің қалай шешілгенінде. Адам ауысты бірақ интернет әлі баяу. Демек біздің құқығымыз әлі қорғалған жоқ. Біз өз құқығымызды біліп қана қоймай, оның орындалуын талап етуіміз керек. Төменнен талап болса, жоғарғы жақтан да қайтарым болар еді…
– Мобильді операторлар «Білім тарифі» дегенді ұсынып жатыр. Бұл мәселені қаншалықты шеше алады?
– Ол тариф мәселені соншалықты оң шешеді деп айта алмаймын. Бірақ қол қусырып қарап отырғанға қарағанда құптарлық іс. Тіпті, қол шапалақтауға тұрарлық. Бағана айтып өткенімдей бізде барлық жерде интернет бар болса оның сапасын арттыру керек, бағасын арзандату қажет деген мәселелер болса онда бұл тариф өте қолайлы еді. Біздегі мәселе басқаша. Интернет бір жерде бар, жылдамдығы да жақсы. Ал бір жерде мүлде жоқ. Интернеті жоқ ауылға «Білім тарифі» түгілі басқа да көмектеспейді. Алайда бұл шешімді жылы, жақсы қабылдадым.
– Қашықтан оқыған төртінші тоқсанда оқушылар мен ата-аналардан бөлек оқытушылардың да ІТ сауаттылығы төмен болғандығы белгілі болды. Яғни мобильді интернетті де қолдана алмайтын ұстаздар бар. Білім министрілігі осыған байланысты ZOOM мен басқа платформалар арқылы жазда түрлі курстар ұйымдастырды. ІТ құзіреттілік туралы қандай да бір аналитика бар ма сізде?
– Аналитика жоқ. Аналитика жасауға уақыт тым жеткіліксіз болып жатыр. Мен және менің қызмет ететін мекемеміз қазір балалардың кәсіби бағытын анықтау бойынша жүйе жасап жатырмыз. Бірақ аналитика жасамасақ та, оқушылар мен оқытушылардың ІТ сауаттылық көңіл көншітерліктей алға жылжи қойды дей алмаймын. Себебі оқушылар демалысқа кетті, ҰБТ болды, мұғалімдер де адам баласы болған соң олардың да бала-шағасы бар, олар да демалу керек. Және мына шілде айы өмір мен өлім арпалысқан ай болды. Аналитика жасауға уақыт жетпеді. Бірақ цифрлық сауат бізге ауадай қажет. Бұл әркімнің мойнына іліп тастауға болмайтын кешенді мәселе. Бұл цифрлы даму министрлігінің де олқылығы болып тұр. Себебі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының соңғы пункті халықтың ІТ сауаттылығын артыру еді. Және 2020-2021 жылдарда халықтың 85 пайызы ІТ сауатты болу керек деген межесі бар. Өкінішке қарай сабақ өту кезінде ZOOM-нан және WhatsApp-тан басқа ештеңе білмедік.
– Біздің Мінбер ақпараттық агенттігіне Білім және ғылым вице министрі Шолпан Каринова сұхбат берді. Сол кезде ол кісі: Барлық мұғалімге Қазақстандағы бар ІТ платформаның бәрін таныстырдық. Ол платформаларда онлайн сабақ, стриминг, кері байланыс мәселелерінің бәрі қамтылған, – деді. Осы қаншалықты рас?
– Жеке көзқарасымды айтсам, біздің елде бір іс «осы болсыншы» деген ниетпен емес «міне осыны жасап жатырмыз, осыны көрсеткіміз келеді» деген пиар мақсатында ғана жасалатын секілді. Мен мұндайды мақұлдамаймын. Менің ойымша, қашықтан оқытуды үйретудің, нақты методикалық кітапшасы болғаны дұрыс. Интернет заманынында өмір сүріп жатқан соң мемлекет тарапынан сайт жасалуы керек еді. Соның ішінде оқушыға да, ұстазға да, ата-анаға да онлайн оқуды түсіндіретін сабақ осылай жүреді, тапсырма осылай беріледі деген PDF нұсқа болуы керек еді. Мен негізі мемлекеттік деңгейдегі жұмысты тікелей эфир арқылы көрсетуді құптамаймын. Ол сол күйі қалады. Оны ары кетсе 100 адам көрер. Оны көрген күннің өзінде одан қорытынды шығарып бірдеңе алып кете ме, кетпей ме белгісіз?.. Олар анаумен оқуға болады, мынаумен оқуға болады деп айтады. Бірақ нақты бір жүйеге келтірмейді, нақты не екенін түсіндірмейді. Скайптың барын, кері байланыстың барын мұғалімнің өзі де біледі. Интернет арқылы оқыту процесінде тест арқылы, аралас оқыту деген түрлері бар. Осындай интернеттің элементтерін қолданысқа шығарса және онлайн білім беруді дұрыс ұйымдастырса бұл өте керемет процесс болар еді.
– WhatsApp арқылы 5G жайында «балаға зиян, 5G қосқанда телефон ұстамаңыздар» деген сынды түрлі әңгімелер қаптап келіп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Оның қандай зияны бар?
– Бұл жайында айтатын болсам, «Құрметті, ата-аналар, Отандастар, достар! Бұндай технологиялық жетістікке ешқашан қарсы болмаңыздар. 5G-дің 4G-ден айырмашылығы антенасында, қателеспесем, 4G де бір антенаға 10 000 адам қосылады және адан артық адам кіре алмайды. Ал 5G-де миллионға дейін адамдар қосыла алады. Сол себепті бұндай «балаға зиян, қоспаңыздар» деген фейк ақпаратқа сенбеңіздер дегім келеді.
Мәтінді түсірген Айғаным Айтақын.
Парақшамызға жазылыңыз