Құрметті оқырмандар, біз Моңғолия елінің азаматтары Қазақстаннан карантинге байланысты қайта алмағаны жайлы жазған едік. Жақсы жаңалық барын хабарлаймыз. Қазақстанда жүрген Монғолия азаматтарын елге қайтару үшін Монғолия Үкіметі Қазақстанға ұшақ жіберетінін ресми мәлімдеді.
Жақында Монғолияда өткен Парламент сайлауында жеңіске жеткен қандасымыз – Монғолия Парламентінің мүшесі Тілеуханұлы Әубәкір тамыздың 4-күні Монғолия Үкіметі басшысының орынбасары Я.Содбаатармен кездесті.
Парламент мүшесі Тілеуханұлы Әубәкір карантинге байланысты Қазақстанда қалып қойған отандастарын Монғолияға қайтару жөніндегі депутаттық сауалын Мемлекеттік төтенше комиссияға 7-шілде күні берген болатын. Кездесуде осы ресми хаттың жауабы сұралды. Сонымен қатар Қазақстанға тағы да ұшақ ұшыру жөніндегі азаматтардың өтініш талаптары жеткізілді.
Монғолия үкімет басшысының орынбасары Монғол елі әлем елдеріндегі өз азаматтарын елге әкеліп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Және де тамыздың 22-нен Қазақстанға тағы бір рет ұшақ ұшыратынын ресми мәлімдеді.
Т.Әубәкірдің Facebook парақшасынан алынды.
Парақшамызға жазылыңыз