Коронавирус кезінде сіз бен біздің басымыздан өткен қиындықтың себебі неден болса, оған жауапты біреу болуы керек емес пе? Қазақстан қоғамының наурыздан бергі бейнесін кәсіби тұрғыдан бағамдау үшін әлеуметтанушы маман Серік Бейсембаевпен әңгімелескен едік.
ҚОҒАМНЫҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ АРТТЫ
– Қазақстан халқы вирус ушыққан хаос кезеңнен өтті деп айта аламыз ба? Әлеуметтанушы ретінде сол кездегі әлеуметтің сипатын қалай бағалайсыз?
– Қазақстан қоғамының вирусқа қатысты ұстанымын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші – сенбеу кезеңі. Елімізде бірді-екілі адам вирус жұқтырған наурыз-сәуір айларында біздің қоғам бұл аурудың барына сенбеді. Қауіпін мойындамады, сол себепті де еш сақтанған жоқ. Ал екінші кезең – төтенше жағдай аяқталған соң маусым айында басталды. Вирус тез тарап, халық жаппай ауыра бастады. Бұл кезеңді қорқу, үрейлену кезеңі деп атауға негіз бар. Тұрғындар дәрі таба алмай абдырады, ауруханалар науқастарға толып кетті. Дәрігерлер қалай емдерін білмей есі шықты, ел ішін үрей биледі. Үшінші кезеңді, менің ойымша, шілде айының аяғы мен тамыздағы бейімделу кезең деп атасақ болады. Яғни, шілде айындағы вирустың жаппай тарауынан соң тұрғындар бұл ауырудан қалай сақтану керек, қалай емделу керек екенін біліп қалды. Қазір ресми статистика ауырған адам санын 90 мыңның үстінде деп көрсетіп тұр. Шын мәнінде ауырғандар бұдан әлдеқайда көп, сол себепті әлеуметтанушы ретінде статистикаға қарап нақты баға беру қиын.
– Мемлекеттік органдар атқарған істің көзге көрінбеуіне не себеп?
– Мемлекеттік органдардың коронавируспен күрестегі іс-қимылына баға беретін болсақ, ең алдымен, осындай қиын кезеңде басқару жүйесі өзінің тиімсіздігін көрсетіп алғанын баса айту керек. Өкінішке қарай, вирус өршіп тұрған маусым-шілде айларында біздегі орталық басқару жүйесі мен жергілікті билік орындары тоқырап, дер кезінде қажет шешім қабылдай алмай жағдайды ушықтырып алды. Оған алыстан мысал іздеп қажеті жоқ. Қарапайым, дәріханаларда дәрінің болмауы, ауруханалардың науқасқа толып, орын табылмай, қажетті емді жасай алмауы сияқты жайттар толық мысал бола алады. Мұның барлығы көп адамның көз жұмуына әкеп соқты. Менің ойымша, оның басты себебі біздегі қатаң, орталықтандырылған басқару жүйесі. Өйткені, біздегі барлық негізгі шешім орталықта қабылданып, жергілікті әкімдер тек сол шешімдерді орындайды. Олардың белгілі бір мәселеде жауапкершілікті өзіне алып, өз бетінше шешім шығаруға құзіреті жетпейді. Мұны біз СҚ-Фармацияның қызметінен көрдік. Олар қоймадағы дәріні жергілікті әкімшіліктерге жеткізу үшін бірнеше сатыдан өтетін шешім қабылдау керек болған. Шешімдер созылып уақытылы қабылданбаған соң облыстарға қажетті дәрілер жетпей қалды. Бұл біздің қоғамның билікке деген сенімін одан сайын төмендетті. Соңғы екі-үш айдың ішінде халықтың билікке деген наразылығы еселеп артпаса да айтарлықтай күшейді. Оны әлеуметтік желілердегі комментарийлерден анық байқауға болады. Өкінішке қарай, оны нақтылайтын әлеуметтік зерттеулер жасалған жоқ, дегенмен қоғамдық наразылықтың артқаны анық. Және оған атқарушы органдардың өзі кінәлі.
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ ВИРУСПЕН КҮРЕСТЕ БИЛІК ОРЫНДАРЫНА ЕМЕС, ӨЗІНЕ СЕНІМ АРТТЫ
– Вирус өршіген кездегі өзге елдердің реакциясы мен біздің ел тұрғындарының реакциясында қандай ұқсастық немесе айырмашылық бар деп ойлайсыз?
– Адамның табиғаты барлық жерде бірдей. Вирус өршіген кезде адамның өзі немесе танысы ауырса адамдар ең бірінші қорқып дүрлігеді.
Біздегі ерекшелік – шілдедегі дәрі табылмай, ауруханалар толып кеткен уақытта біздің қоғам қатты күйзеліске түсті. Оның салдарын біз қазір сезіне қоймаймыз, алайда, бір-екі, үш ай өткен соң халықтың бойына жинаған ашу-ызасы шығады. Мұны ерекшелік деп айтуға бола ма, білмеймін, бірақ біздің халық вируспен күресте билік орындарына емес, өзіне сенім артты. Егер бір адамның жақыны ауырса ол ауруханаға апарудан бұрын дәрігерге сөзі өтетін, ауруханаға жатқыза алатын таныс іздеді. Өйткені, сырқат ауруханаға өз аяғымен немесе еш таныссыз жәдел жәрдеммен барса, оны қабылдамайтынын, қабылдаған күннің өзінде қажетті ем-шара жасалмайтынын білді. Мұндай ресми емес әрекеттер біздің қоғамда бұған дейін де кең тараған құбылыс еді. Ковид жағдайында ол тіпті өршіді. Келесі ерекшелік – ресми ақпаратқа сенбеу. Мысалы, коронавирустың емі мынау деп телеарналардан көрсетілгенмен, халық бұрынғы өзінің білетін ем-домын, әдіс-тәсілін қолданды. Ол – антибиотик алу. Тұрғындардың бұл әдеті бұрыннан бар, ковид кезінде де бұл әдеттен танбады. Бұған қоса халықтық ем-дом ретінде қойдың майы мен хренді қолданды.
– Менің білуімше, біздің елде ковидтің халықтың әлеуметтік жағдайына қалай әсер еткені жөнінде социологиялық зерттеу жасалған жоқ. Оның себебі неде деп ойлайсыз.
– Шынында ковидпен күрес кезінде халықтың әлеуметтік жағдайының қалай өзгергені туралы әлеуметтік зерттеулер туралы мәлімет өте аз болды. Оған қарап зерттеу жасалмады деп айтуға болмайды. Мәселен, Алматыдағы BISAM Central Asia атты орталық үш ай қатарынан коронавирус кезінде халық арасында кең тараған пікір туралы сауалнама жүргізді. Одан бөлек, мемлекеттік органдар мен шағын зерттеу орталықтары жүргізген болуы мүмкін, бірақ олардың мәліметтері көбіне жалпақ жұртқа тыныстырылмайды. Ол тағы да сол бізде қалыптасқан әдетке байланысты жабық күйінде сақталады. Еліміздегі қаншама орталықтағы әлеуметтік зерттеулер сол орталық ішіндегі баяндама ретінде қалып көпшілікке таралмайды.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕДЕЙЛЕР САНЫ 800 МЫҢНАН 2 МЛН-ҒА ДЕЙІН ЖЕТЕДІ ДЕГЕН БОЛЖАМ БАР
– Шетел әлеуметтанушылары ондай зерттеу жасады ма?
– Әрине, шетелде мұндай зерттеулер жасалып жатыр. Көрші Ресейдің өзінде бірнеше зерттеу орталығы ел ішінде сауалнама өткізіп, халық арасында қалыптасқан пікірлер жөніндегі сараптама жасады. Қазақстанда менің білуімше, халықаралық ұйымдар арнайы тапсырыс беріп, кейбір орталықтар зерттеу жүргізіп жатыр. Бірақ ол тапсырыспен жасалғандықтан қалың көпшілікке таралмады. Дүниежүзілік банк бұл тақырыпты зерттеп жатыр, олардың болжауынша, коронавирустың кесірінен елімізде кедейшілік етек алатын көрінеді. Олар Қазақстандағы кедейлер саны 800 мыңнан 2 млн-ға дейін жетеді деп болжап отыр. Бұған себеп халық ең көп жұмыс істейтін сауда-саттық пен қызмет көрсету саласының тоқырауы, онда жұмыс істейтін азаматтардың табысынан айырылуы. Егер жыл аяғына дейін осылай жалғасса бұл болжам шынға айналуы әбден мүмкін.
– Біздің елдің тұрғындары ковидтен кейін қалай өзгеруі мүмкін?
– Қазірдің өзінде тұрғындардың күнделікті өмір сүру салтының өзгергенін байқау қиын емес. Ең алдымен көшеде жүріп-тұрғанда маска тағу мен антисептик қолданудан бастап басқа адамдармен қарым-қатынас жасауда көп өзгеріс бар. Жұрт бірін-бірі қонаққа шақыруды сиретті, алыс-беріс азайды. Бұл адамдардың мінез-құлқына әсер ететіні анық. Бұдан кейін той жасау тәжірибесі қайта қаралып, өзге бір сипатқа ие болатыны сөзсіз. Одан бөлек, барлық салада онлайнға көшу үрдісі жүріп жатыр. Бірнеше айдың ішінде адамдар онлайн жұмыс істеу, онлайн сабақ оқу дағдысын қалыптастырды. Дағды бір қалыптасқан соң ешқайда кетпейді. Онлайн білім алуға әдеттенген студент оның тиімділігін көрген соң сол дағдыны жалғастыра береді. Банкинг қызмет түрлері де, тағамды жеткізіп беру ісі де онлайн жүйеге көшіп жатыр. Яғни, ковид цифрландырудың қарқынын бірнеше есе арттырды. Оның әлеуметтік нәтижесін дәл қазір бағамдау қиын. Дегенмен, біздің адамдар цифрлық тұрғыдан әлдеқайда сауатты бола түседі.
Әрине, құндылықтың өзгеруі өте қиын. Дегенмен бір байқайтынымыз, тұрғындар өзінің денсаулығын нағыз құндылық ретінде бағалай түспек Бұл аурудан кейін адамдар иммунитетті қалай көтеру керек екені жайлы көп біліп қалды әрі денсаулықты күту турасында шындап ойлана бастады. «Бірінші байлық – денсаулық» деп жиі айтылғанмен оны іс жүзіне асыратындар аз еді.
ЕЛ РЕСМИ СТАТИСТИКАҒА ОНША СЕНБЕЙДІ
– Жалпы әлеуметтану ғылымы көбіне ресми статистикамен жұмыс істейді. Өз тәжірибеңізде ресми статистика мен әлеуметтің шын бейнесі бір-біріне қайшы келген кез болды ма?
– Жалпы, ресми статистикаға қатысты медиада көп сын айтылады, ондағы деректердің шынайылығына күмән көп. Бірақ біз әлеуметтанушы ретінде ресми статистика арқылы халықтың жалпы демографиялық құрылымы, әл-ауқаты жөнінде көптеген ақпарат аламыз және ол ақпарат біздің қоғам туралы өте жақсы мағлұмат береді. Ресми статистика – қоғамның құрылымы жөніндегі басты дереккөз. Сондықтан оны мүлдем жоққа шығаруға болмайды. Әлеуметтанушылар зерттеу жасаған кезде көбіне сауалнама мен фокустық топ деген секілді кәсіби тәсілді қолданады. Осы жағынан келгенде статистер мен әлеуметтанушылардың зерттеу тәсілінде өзгешелік бар. Олар бір-біріне қайшы келеді деп айта алмаймыз, керісінше, бірін-бірі толықтырады. Дегенмен, ресми статистикасының бірқатар олқылығы бар, оның біріншісі – қолданушылар үшін ыңғайсыз әрі керек ақпаратты табу қиын. Одан кейін ресми статистикада жиналатын ақпараттың өзекті мәселені қамтымауы. Мәселен, еңбек нарығына қатысты түрлі параметр бойынша жыл сайын жиналатын ақпарат бар, бірақ ол еңбек нарығының тез өзгеретінін ескермейді. Сосын аймақтар бойынша жиналатын ресми ақпараттар кейде бір-біріне қайшы келіп қалады. Бұл ресми статистикаға деген сенімді азайтады. Бірақ жалпы алғанда, салыстырмалы түрде ресми статистика әлеуметтің бейнесіне қатысты зерттеу жасауға мол мүмкіндік береді.
– Ресми статистика мен шын деректің арасын жақындату үшін қандай шара қолға алынуы керек деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, бізде ресми статистиканың сапасын арттыру бойынша мәселе көтерілуі керек. Статистика комитетінің жұмысына ашықтық, жариялылық жетіспейді. Оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы эксперттік талқылаулар керек, статистика комитеті өзінің жұмысына жаңашылдық енгізуі керек секілді, ол да өзге сала секілді өзгерісті талап етеді. Бұған қоса ресми статистика комитетінің өзінің дәстүрлі жолы бар екенін, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтінін ескеру керек.
Сондай-ақ, олардың халықтың көңіл-күйіне қатысты жүргізетін сауалнамаларына да көп сын айтылады. Оның сапасын жақсарту үшін, оған да сын көзбен қарап, ақпаратты қоғам қажеттілігіне қарай қарай қайта қарап, жаңа сұрақтар енгізу керек. Сауалнама жүргізу бағытына басымдық берген жөн. Қазір, халықтың көңіл-күйіне байланысты жүргізілетін сауалнамалар пресс-релиз түрінде таратылады да ондағы ақпаратты әрі қарай жетілдіруге талпыныс байқалмайды.
– Дүниежүзілік банктің болжамын болдырмау үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Бізде соңғы 10-15 жылдың ішінде кедейлікті жеңдік деген саясат басым болды. Расында да 2000-жылдардан кейін халықтың әл-ауқаты артып, кедейлердің үлесі әжептәуір төмендеген еді. Бірақ, қазіргі экономикалық құлдыраудан соң кедейшілік мәселесі тағы алға шықты.
Бұл әлеуметтік саясатты қайта қарауды қажет етеді. Ең бірінші шарт – кедейлікті мәселе ретінде дұрыс танып алуымыз керек. Өкінішке қарай, кедейлік, түрлі әлеуметтік маңызы бар ауру түрлері, жұмыссыздық деген сияқты сезімтал индикаторлар әлемдік имиджімізге әсер етеді. Сол үшін кей жағдайда билік өкілдері осындай индикаторларға келген кезде тым сезімтал болып, олардың санын мейлінше азайтып көрсететіні рас. Бірақ ол біздің дәл сол сезімтал проблемалармен күресуімізге немесе алдын алуымызға кері әсер етеді. Сонықтан, меніңше, бар мәселені бар деп мойындау биліктің жауапкершілігінде. Бұл биліктің коронавирусқа қатысты статистиканы анық айтпай, оны пневманиядан бөлек санап, кейін қосамыз деп қоспай отырғанынан да көрініп тұр. Мұндай манипуляциялар елдің статистикаға деген сенімін де төмендетті. Сондықтан ең алдымен бар проблеманы бар деп мойындап шынайы статистиканы беретін бейтарап шешім керек. Осындай бейтарап шешім қабылданар болса, біздің әлемдік имиджімізге нұқсан келгенімен халықтың билікке деген сенімі сәл де болса артады. Себебі қазіргі ең негізгі мәселе – билік пен халық арасындағы сенім. Сенім төмен болған жерде мемлекеттің бағдарламалары нәтижелі болмайды. Сол үшін статистиканы шынайы жүргізу проблеманы ашық айту, қоғаммен ашық диалог құру жоғалған сенімді қайтаруға жасалған үлкен қадам болар еді.
– Сұхбат бергеніңізге рахмет!
Парақшамызға жазылыңыз