Жазира Әкімбайқызы – 3 баланың анасы. 1978 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда Талғар ауданы, Өзтемір ауылының тұрғыны. Жолдасы Қытайда қалып қойғанына 5 жыл болған. Сол кезден бастап қандай жағдайда жүргенін Жазира ханым баяндап берді.
КӨП ЖЫЛ ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРДЫМ. ТУЫСҚАНДАРЫМ ҚИНАЛҒАНЫМЫЗДЫ КӨРІП ШАҒЫН ҮЙ АЛЫП БЕРДІ
Біз отбасымызбен 2011 жылы Қытайдан Қазақстанға көшіп келгенбіз. Жолдасымның жұмысы Қытайда. Қазақстанға 2015 жылға дейін келіп тұрды. Сол жылдары бәрі жақсы еді, күйеуім келіп, қайта жұмысына кетіп қалатын. Ең соңғы рет 2015 жылы, қаңтар айында келді. Одан кейін келе алмады. Себебі ол жылдары Қытайдың саясаты күрделеніп, ауыр боп кетті. Қазір күйеуім Қытайда, ал мен Қазақстанда 3 баламмен тұрып жатырмын. Қытайға соңғы рет 2017 жылы бардым. Жолдасымның келмегеніне 5 жыл болды. Қытайдың аласапыраны аяқталғанда, карантин басталып кетті.
Қазір жұмыс істеймін. Үлкен балам 14-те, кенжем 6-да. Балаларым кішкентай болса да жұмысқа шығып жүрмін. Жұмыс істемесем тағы болмайды. Балаларға азық-түлік, киім-кешек қажет. Ауырып қалған кезімізде қатты қысылдық. Қаражат жағынан проблема туындаған соң, жұмыс істеуіме тура келді. Балаларымды Аллаға аманат деп үйге қалдырып кетсем де, күні бойы ойлап шығамын. Карантин кезінде 2-3 рет ауырып қалдым. Маған қарайтын ешкім жоқ, балаларым кішкентай, олар ауырғанда бір өзім емдедім. Ауырғанымда тұрып 1 кесе ыстық су ішудің өзі қиын болды. Жалғыз өзің болған дәл осындай қиын-қыстау кезде жаныңа батады. Одан бөлек, басымда несием бар. Айлығымның жартысын несиеме құямын, қалғаны пәтерге, азық-түлікке жұмсалады. Бір Алланың көмегімен ғана келе жатырмыз.
Карантин басталғалы қатты қиналып кеттім
Карантиннен бұрын да, карантин кезінде де әлеуметтік көмек алған жоқпын. Жергілікті әкімшілікке бардым, шарт толық орындалмаған, қабылданбайды деді.
Қазір мектеп әлеуметтік көмек беріп жатыр деп естідім. Мектеп формасы, ноутбукпен қамтамасыз етеді деді. Алайда қолыма тимеді. Жағдайымды түсіндіріп едім, түсінбеді. Тағы да құжат, шарт толмаған, толық емес деді.
Қиналамын, бірақ сыртқа көрсетпеуге тырысамын. Жылаймын, бірақ балаларыма білдіртпеймін. Мен де еркелеп өскен қыз едім. Ұрысып-қырылыспай отбасымызбен екіге бөлінеміз деп ойламадық. Балаларым “әкеміз қашан келеді?” деумен жүр. Тірі әкесін көре алмаған қандай ауыр екенін білесіз бе? Қанша жерден бой алдырмаймын, берілмеймін десем де болмайды, жегідей жеп жібереді екен.
Біздің ауылда WiFi жоқ, интернет жоқ. WiFi орнатса да дұрыс ұстамайды. Үш балама 1 телефон, ноутбук мүлдем жоқ. Жаңа оқу жылы басталғалы жатыр, мен жұмыстамын, балаларым қалай сабақ оқиды, айтыңызшы? Қытайдың оқыту ережесі басқаша, Қазақстандікіне әлі үйренген жоқпыз. Үлкенім биыл 8 сыныпқа барады. Оның да сабағы қиын. Ол екінші балаға, кенжеме пәндерін оқытады. Бір ғана интернетсіз телефонымызды қайда жеткізерімізді білмей басымыз қатты. Қазақстанға балаларымыз қазақша үйренсін деп келдік. Қытайда жағдайымыз жақсы болған еді…
Парақшамызға жазылыңыз