Мінбер.кз Қазақстан мектептерінің 2020-2021 оқу жылына дайындығын қадағалау мақсатында біраз мәселелерді көтергені белгілі. Соның бірі журналист Айнұр Төлеудің ФБ парақшасындағы жазба негізінде қозғалған Алматы облысы Дегерес ауылындағы интернет мәселесі еді.
«Кселл» ДЕГЕРЕСТЕГІ ұялы байланысты жаңғыртпақ…
Осы мәселені сайтқа жариялаған соң біз Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар ар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Асқар Атагулла мырзаның нұсқауымен осы министрлікке қарасты Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясына 24 тамыз күні екі-үш сауал жолдаған едік. Сауалымызға жауапты бір айға жуық уақытта 21 қыркүйек күні алдық.
– Алматы облысындағы интернеттің жылдамдығына сараптау, талдау жасалды ма?
– Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы келіп түскен өтініштері негізінде Алматы облысының кейбір елді-мекендерінде «Мемлекеттік радиожиілік қызметі» РМК қызметкерлерімен бірге ұялы байланыс қызметі сапасының техникалық параметрлерін өлшеу бойынша іс-шараларды жүргізіп тұрады.
– Жақында ФБ әлеуметтік желісін пайдаланушы азаматша Айнұр Төлеу Алматы облысы Жамбыл ауданы Дегерес ауылында интернет нашар екенін, тек уатсап қана жақсы жұмыс істейтінін, онда да аудио, видео жүктелмейтінін, мұғалімдердің zoom бағдарламасын қолдана алмай отырғанын, ауыл ішінде кабельді интернет тек әкімдік ғимаратында ғана бар екенін, қашықтан оқытуды меңгеріп жүрген мұғалімдер аудан орталығына баратын күре жолға шығып сабақ оқитынын жазған екен. ФБ қолданушысының айтқанына не деп жауап қатқан болар едіңіз?
– Сіздің хатыңызда көрсетілген мекен-жай бойынша интернет сапасы туралы ақпаратты алу үшін Инспекция өз тарапынан ұялы байланыс операторларына және «Қазақтелеком» АҚ филиалы – «Алматытелеком» Өңірлік телекоммуникация дирекциясына сұраныс жасаған.
«Алматытелеком» ӨТД және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС хабарлауы бойынша, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында телекоммуникациялар желілері жоқ екенін баяндады.
«КаР-Тел» ЖШС және «Кселл» АҚ хабарлауы бойынша, жоғарыда көрсетілген мекен-жай 2G стандарттағы ұялы байланыспен қамтамасыз етілген және «Кселл» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС бірге бұл елді мекендегі жабдықты жаңғырту жұмыстарын жоспарлап отырғанын хабарлады.
– Жоғарыдағыдай ауылдарда оқуды ұйымдастыру қалай жүзеге аспақ?
– Бүгінгі күнде, байланыс саласындағы мемлекеттік саясатты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қалыптастырады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы мемлекеттік бағдарламар бойынша сұрақтарды Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолдауыңызды сұраймыз.
Мінбердің сауалына берілген жауап осындай. Байқап отырғандарыңыздай өңіраралық инспекция интернеті жоқ ауылдардағы оқуды ұйымдастыру туралы сауалды Цифрлық даму министрлігіне жолдауымызды өтініпті. Алайда, үш сұрақтың жауабын бір айдан соң алған біз ол сұрақты жолдауды құп көрмедік.
Біздің ұққанымыз, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетінің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясы ұялы байланыс операторларының қызмет сапасын бақылағанымен байланыс саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша сұраққа жауап бере алмайды екен…
Ал біздіңше байланыс саласындағы мемлекеттік саясат пен еліміздегі ұялы байланыс операторларының жұмысы бір бірінен алшақ емес…
Мінбер.кз сайты оқу жылы басталғалы интернет жылдамығының сапасы жайлы басқа да материалдар дайындады. Үлкен қалалардан жырақтағы да оның маңындағы да елді-мекендерде интернет өте нашар. Тіпті екі ауылдың бірі осы мәселеден зардап шегіп отыр.
Ел ішіндегі халық мәселені тиісті орындарға жеткізеді деп журналистерге жүгінеді, журналистер жолданған сауалға бір айдан соң екі-ұшты жауап алады?!.
Міне, оқу жылының бір айы соңына таяды. Интернет сапасы нашар болған соң мұғалімдер уатсаппен білім беруге, оқушылар уатсаппен білім алуға көшкен. Ал уатсаппен алған білім білім емес екені дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!
Парақшамызға жазылыңыз