Саясаткер, журналист, әлі тіркелмеген “Демократиялық партия” жетекшісі Жанболат Мамай бастаған топ Қазақстанның бірнеше қаласында бейбіт шерулер өткізуді көздейтінін хабарлағалы біраз болған. Қыркүйектің 13-інде өтуі тиіс шеру қазір Алматы, Семей, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларында өтіп жатыр. Ұйымдастырушы топтың айтуынша айтылған төрт қаланың әкімшілігіне берілген ескертуге келісімдерін берген. Митингіні “Азаттық радиосының” фейсбуктегі парақшасынан тікелей эфир арқылы бақылағалы бір сағаттан астам уақыт өтті.
Сонымен митингіге шығушылар биліктен нені талап етеді?
Митингіні ұйымдастырушы Жанболат Мамай бейбіт шеруде негізгі мәселе – несие амнистиясына бағытталады деген еді. Дегенмен, митингіде сөз алғандардың дені Қытай экспансиясына қарсы шықты. “Шетелдіктерге жер сатылмасын”, “Қытайға жер жалға берілмесін” деген ұрандар өте көп. Ал, несие амнистиясы, “саяси тұтқындарды” босату секілді ұрандар да көп болды. Митинг сағат 11.00-ден 14.00-ге дейін жалғаспақ.
Бұл “Бейбіт шерулер” туралы жаңа заң қабылданғаннан кейінгі билік рұқсат берген алғашқы бейбіт шеру. Әзірге құқық қорғаушылар жай бақылаушы рөлін атқарып тұр. Шеруге келген 200-ден астам адамның біразы жиында сөз алып, әртүрлі мәселенің басын шалды. Оның ішінде қазір түрмеде отырған Макс Боқаев, Арон Атабектердің түрмеден босатылуы, мемлекеттік тілдің жайы, ең басты мәселе – Қытай экспансиясына қарсылық және несие амнистиясы. Дегенмен, жиналушылардың сөз ләмінен түйгеніміз, қазіргі президент Қ. Тоқаевқа деген ашық қарсылықтарын білдірмеді, керісінше “шал кет” деген сөз көп болды.
Парақшамызға жазылыңыз