Бүгін 1-Қыркүйек, білім күні. Биылғы оқу жылдағыдан өзгерек. Бүкіл Қазақстанның 80-90 пайызы онлайн оқуға дайындалып жатыр. Тек 3G жетпеді-ау деген шалғай ауылдар мен шағын мектептерде ғана дәстүрлі оқу. “Мінбер” сайты Қазақстан өңірлерінің қашықтан оқуға дайындығы жайында жиі мәселе көтеріп келеді. Оқырмандарымызды 1-қыркүйекпен құттықтай отырып, Алматы облысындағы интернет проблемаларын тағы да сөз еткіміз келеді.
Алматы облысында 777 ауыл бар. Бұл ауылдардың хал-ахуалы әртүрлі. Алматы облысындағы бірнеше ауыл тұрғынымен сұхбаттасып, ауылдағы интернет жағдайын білдік.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылының тұрғыны Айжан Ермекқызы ауылдағы мәселе тек интернеттің әлсіздігі емес дейді:
– Біздің ауылда интернет желісі өте нашар. Ауылдың орталығында Теле2, шет жағында Beeline жақсы ұстайды. Яғни әрбір жерінде әртүрлі байланыс қолданылады. Бұл тұрғындар үшін тиімсіз. Себебі ауылдың әр жерінде болсаң әртүрлі нөмірмен жүруің керек болады. Екіншіден қаржы жағынан да қиындық тудыртады. Нөмірді қайта-қайта ауыстыру, тарифті өзгерту шынымды айтсам өте тиімсіз. Біздің ауылдың тағы бір үлкен мәселесі сол шағын алаңға ғана таратылып тұрған байланысты үзіп, оны ұрлап өзгеге сататын ұрылар да кездеседі. Байланыстың тоқтары, аппараттары қолды болатын жағдайдал көп кездеседі.
– WiFi-ға келер болсақ, әр 20-30 үйге орнатады. Жеке үйге қоспайды. Үйлерінде WiFi орнатылмаған оқушылар ай сайын тариф қосуы қажет. Біздің ауылда көбіне әр отбасыда 5-6 баладан бар. Яғни көпбалалы отбасылар көп. Ол баланың кем дегенде үш-төртеуі мектепке барады. Олардың барлығына телефон, ноутбук жетеді деп айта алмаймын. Ай сайын құятын тарифы тағы бар. Әр тариф айына 2-2.5 мың теңге. Бұл көпбалалы отбасы үшін айтарлықтай қаражат. Менің ойымша оқушылардың онлайн оқуы осындай қиындық туғызады. Сабақ барысында қолданып отырған платформа қатып қалады, бала дұрыс қабылдамайды. Офлайн оқуда баланың зейіні ашылып, білімді толық ала алады, ал онлайн оқуда ішкі, техникалық, моральдық мәселелер кедергі болады.
ҮЙ ТАПСЫРМАСЫН ЖІБЕРУ ҮШІН ТАҢҒЫ 5-ТЕ ТҰРАМЫЗ
Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Шаған ауылының тұрғыны Азамат Жанатұлы.
– Ауылымда интернет бұрыннан жоқ, болмаған. Beeline бір ғана сызықша көрсетіп тұрады. Оның баяулығы соншалық, 1 әнді көшіріп болғаныңша шашың ағарады. WhatsApp желісіне хаттардың келуі өте баяу. Zoom туралы айтпай-ақ қояйын. Wi-fi орнатқан үйлер де бар, бірақ WiFi деген аты ғана, оның да жылдамдығы көңіл көншітерлік емес. Көктемде онлайн сабақтар WhatsApp арқылы өтіпті-мыс. Қарындастарым үй тапсырмасын орындап қойып, таңғы бесте оянып, ұстазына жіберетін. Себебі, таңғы бесте жіберген суретім барады-ау дегенге үміт басым. Ол уакытта желі бостау болса керек.
– Енді, мұндай жағдайда онлайн білім алу жайлы сөз қозғау күлкілі. Өзім мектеп оқушысы болған кезде сабақтар онлайн болған жоқ, алайда қосымша іздену, материалдар табу, қосымша білім алу жағынан қиналатынмын. Мен қосымша білім ала алмадым, ал қазіргі жағдайда оқушылар негізгі, қажетті білімді ала алмай қалатыны сөзсіз. Жалпы, ол жөнінде бәрі біледі ғой, біздің ауыл ғана емес, Қазақстанның 50-60 % ауылында интернет нашар.
– Біздің ауылды билік (мемлекеттік, жергілікті) ұмытып кеткен сияқты негізі. Тізімде жоқпыз-ау. Су жоқ, интернет жоқ, жол жоқ. Тым болмаса жарық бар… 90-жылдардан бері ауылымда әкімшілік тарапынан жаңа нәрсе салынғанын көрмеппін. Наурыз, Жеңіс күні секілді мерекелерді де өзіміз ұйымдастырамыз. Ауыл үлкендері ұйымдастырайық дейді, тұрғындар кім қанша ақша бере алады, соны жинап, мерекелік концерт, спорттық жарыс т. б. жасай береміз .
Үмбетәлі Кәрібаев ауылының тұрғыны Гаухар ханым ауылдың не себепті онлайн оқуға дайын еместігін баяндады:
– Мен Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі Кәрібаев ауылында тұрамын. Біздің ауылда қарапайым телефонмен сөйлесудің өзінде тау, тасты аралап кетеміз. Себебі сеть ұстамайды. Сол үшін WiFi болмаса өте қиын. Үмбетәліде онлайн білім алу жағдайы мүлдем жоқ. Біріншіден бізде байланыс әлсіз болғандықтан, барлығы WiFi орнатқысы келеді. Алайда бір отбасының WiFi қосуға шамасы келсе, өзгенікі келмейді. Екіншіден, бала телефонға 5-6 сағат бойы үңіліп отырады, интернеттің нашарлығы сабақтың қиындығынан асып түседі. Солай шаршатады. Осы мәселелер шешіліп, карантин тезірек бітсе деп тілеймін.
Парақшамызға жазылыңыз