Жаңа оқу жылы мұғалімдерді де, оқушыларды да әбігерге салып отыр. Осы мәселе Қыркүйектің 9-ында өткен Мәжілістің Пленарлық отырысында депутаттардың негізгі әңгіме өзегіне айналды. Үш партияның атынан сөйлеген үш депутат та білім саласының жаңа форматқа дайын емес екендігін, ата-аналар мен оқушылар тарапынан көптеген шағымдар түсіп жатқанын айтқан еді.
Жәмила Нұрманбетова: “1 МИЛЛИОН ОҚУШЫНЫҢ КОМПЬЮТЕРІ ЖОҚ”
Мәселен, «нұротандық» депутат Жәмила Нұрманбетова интернет платформалардың талапқа сай емес екендігін және оқу процесі интернеттің жиі үзілуімен өтіп жатқанын айтып, вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған.
«Бұған дейін көптеген мемлекеттік бағдарламаларда электронды білім беру ресурстарын құруға, педагог мамандарды ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануды үйренуге және ақпараттық-білім беру ресурстарына теңдей қол жеткізуге арналды. Тоғыз жылдың ішінде бұл мақсатқа 72 млрд теңгеден артық қаржы бөлінді, оның 30 млрд теңгесі электронды білім беру платформасы е-learning бағдарламасына бөлінді. Ол бағдарламаны нәтижесіз болды деп айтуға болады. Білім және ғылым министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылары 2020-2021 оқу жылында жеті қазақстандық интернет платформаның қашықтан оқытуға толықтай дайын екенін сеніммен мәлімдегеніне қарамастан қашықтан оқу толықтай құлады», – делінген сауалда.
Оның айтуынша, интернеті жоқ 835 ауылда 55 мың оқушы тұрады әрі 1 миллионнан астам оқушының (барлық оқушының 30%) компьютері жоқ.
Ирина Смирнова: “ДӘСТҮРЛІ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАЙТА ОРАЛАЙЫҚ”
Мәжіліс депутаттары, “Халықтық коммунистер” фракциясының мүшелері, премьер министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдаған. Олар қашықтан оқуды дәстүрлі оқыту жүйесіне көшіруді сұрайды.
“Біздің еліміздің көрмеген құқайы жоқ. Бірақ, соғыс жылдарында да, бұдан да қиын эпидемия кезінде де мектептер жабылмаған. Оқу санитарлық талаптарды сақтай отырып, классикалық түрде өткізіліп келді. Ол кезде жағдай бұдан да қиын еді”, – деген депутат Ирина Смирнова қашықтан оқудың салдарынан:
• білім беру сапасы біршама төмендеді;
•балалардың әлеуметтенуі мен білім берудің тәрбиелік мәні құлдырады;
• балалар мен жастардың білімге қол жеткізудегі теңсіздікті тудырды, қоғамның әртүрлі қабаттарының арасындағы айырмашылықтың өсуіне алып келді;
• Мемлекеттің қазынасын әртүрлі техникалық құралдарды сатып алу арқылы оңды солды шашуға, әртүрлі оқыту платформаларын жүйесіз, ойсыз құруға алып келді;
Дания Еспаева: БІЛІМ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ ЖЕЛГЕ ҰШТЫ
Мәжілістің “Ақжол” фракциясының депутаты Дания Еспаева министрліктің қаржылық қызметін тексеруді талап етті.
“Ақжол” фракциясы Білім министрлігі мен үкіметтің назарын білім беру саласындағы цифрландырудың нашарлығына, көптеген мектепте тұрақты интернет байланысының жоқтығына, білім жобаларының жүзеге аспай құлап қалып жатқанына аударған болатын. Білімді информатизациялау мәселесінің жолға қойылмағандының салдарынан мыңдаған бала білімге қол жеткізе алмады. Біздің мыңдаған ауылда интернеттің жоқ екендігін, мектептердің техникалық жабдықталуы жетіспейтіндігін, ата-аналар мен оқушылардың тау-тасты кезіп, үй шатырларына өрмелеп кеткені туралы қаққан дабылымыз шын болды да, шенеуніктердің бәрін қатырдық деген жауаптарының өтірік екені айқын болды” деген ол көп балалы ата-аналардың балалары дұрыс білім ала алмай жатқанын, бар үйдегі үш төрт баланың біреуінде ғана техника, қалғандарының техникаға қолы жетпей отырғандығын, Алматыдан 24 шақырым жердегі ғана Қаскелеңде және көптеген ауыл аймақтарда интернет байланысы нашар екенін ашына жеткізді.
“Мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы қайда кетті? Біз бұл мәселені шілдеде де министрдің алдына көлденең тартқан едік. 2016 жылдан бері республикалық бюджеттен Т28 млрд теңге білім беру саласына жұмсалды, оның Т12 млрд теңгесіне 6152 мектеп үшін мультимедиялық құрал сатып алуға бағытталған. ”
Т16,5 млрд теңге 7160 мектеп үшін цифрлы білім беру ресурстарын қосу үшін жылдам интернетпен қосуға арналған.
2017 жылы Білім және ғылым министрлігінің бастамасысмен Бүкіләлемдік банктен $67 млн доллар орта білімді модернизациялау үшін қарыз алынған. Жоба мақсаты – ауыл мен қала мектептерінің арасындағы теңсіздікті жою. Барлық мектеп компьютермен қамтамасыз етіледі деп жоспарланды. Ең бастысы, жылдамдығы төмен интернеті бар мектептерді тұрақты сымсыз интернетпен қамтамасыз ету үшін құрал сатып алу жоспарланған. Жобаның үшінші жылы өтсе де, тіпті техникалық тапсырманың өзі жасалған жоқ”, – дейді Еспаева.
Еспаева шілденің 29-ында министрден жауап талап етіп хат жолдаған. Жазылған хатқа бір айдан астам уақыт жауап берілмегендіктен депутаттар Білім және ғылым министрлігінің лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуды талап етті. Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитетіне білім беру саласын цифрландыруға бөлінген қаржының жұмсалу барысын тексеруді тапсыруды талап етті.
Шолпан Каринова, Білім және ғылым вице министрі: Қазақстан мектептері қашықтан оқуға дайын болмады деген өтірік
Білім және ғылым министрлігі Қазақстанда жаңа оқу жылының ұйымдастырылуы дұрыс болмады деген пікірлермен келіспейтіндігін білдірді.
«Жаңа оқу жылы дұрыс ұйымдастырылмады деген мәлімдеме шындыққа еш сәйкеспейді», – деген мәлімдеме жасаған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан КариноваҚыркүйектің 9-ында өткен баспасөз-мәслихатында.
Оның айтуынша барлық мектеп қашықтан оқуға дайын. «Мұғалімдердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды!», – деді ол.
Парақшамызға жазылыңыз
[…] бүгін «Minber.kz» ақпараттық порталы «Депутаттар Аймағамбетовке шүйлікті» атты мақала жариялапты. Онда Мәжілістегі «Ақ жол» […]