////

Ербол Мәндібек, журналист: БАҚ саласы үлкен реформаны қажет етеді

4135 рет қаралды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен, Мәндібек Ербол Алашыбайұлы. Тәуелсіз журналист ретінде сіздің назарыңызға мемлекеттік БАҚ төңірегінде қордаланған бірнеше мәселені ашық жеткізгім келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызы Балаева ханым, менің көтерген мәселелеріме мүлде мән бермей отыр.
Мемлекеттік БАҚ-тың басшылары мен жұмыс тәртібіне қатысты сұрақтарым сол күйі жауапсыз қалды. Керісінше, соңғы кездері әртүрлі амалдар арқылы маған қарсы «шабуылдар» басталды. Өзіңіз үнемі айтатын, халықтың үнін еститін мемлекет қағидаты журналистерге келгенде жүрмей қалады.
Мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасында бірнеше жыл жұмыс істедім. Атқарушы биліктің экономикадағы епсіздігін әрі әлеуметтік проблемаларды шешудегі әлсіздігін желіде ашық жазғаным үшін сөгіс те алдым. Мемлекеттік телеарна менің сөз бостандығыма ішкі ережелерімен шектеу қойды. Осындай келеңсіз жәйттерге шыдам таусылып екіжақты келісімен жұмыстан «мәдениетті түрде қуылдым». Менің пікірлерімді, ұсыныстарымды қоғамда мыңдаған адам қолдап тұр. Бірақ, жауапты мемлекеттік органдар мән берер емес. Басқа амалдың жоқтығынан, сізге үндеу жолдауға мәжбүр болдым.
Мемлекеттік БАҚ қоғам алдындағы маңыздылығын жоғалтты. Осы салаға жауапы медиа менеджерлер мәселені ашық мойындағысы келмейді. Сізге тікелей айтар бірнеше ұсынысым бар. Мүмкін болса уақыт тауып, жеке қабылдауыңызды сұраймын!!!
Ұсыныстарымның алғы реті мынандай:
-БАҚ туралы қолданыстағы заң заман талабына сай емес, оны өзгерту керек. БАҚ туралы заңды шенеуніктер емес, белсенді журналистер жазуы тиіс деп есептеймін.
-Журналистердің этикасы туралы кодекстің күшін жою қажет. Себебі, мұндай ереже демократиялық мемлекеттің қағидаларына қайшы.
-Мемлекеттік БАҚ-тың шығындары шамадан тыс. Халықтың есебінен қаржыландырылатын газет, телеарна, радио, сайттардың саны тым артық. Басшылық құрамның жалақысы мен сыйақысы күллі жұмысты атқаратын қатардағы тілшіден бірнеше есе көп. Бұл әділетсіздік.
-Мемлекеттік БАҚ-ға тәуелсіз аудиторлық тексеріс жүргізуді тапсырыңыз және барлық мемлекеттік БАҚ-тағы сөз бостандығын шектейтін ережелерді алып тастауды тапсырыңыз!
-Мемлекеттік БАҚ-ты 70 % қысқартуды ұсынамын. Жыл сайын 70-80 млрд теңге жұмсалуда. Өзіңіз басы артық шығындардан арылуды жиі айтасыз. Мемлекеттік БАҚ-тың саны азайса, басқа бәсекелестік орта автоматты түрде пайда болады.
-Журналист-жер мен көктің арасындағы мамандық болып тұр. Дәрігер, полиция, мұғалім, әскери қызметші мемлекеттен жеңілдіктер мен әлеуметтік пакет алады. Ал, қатардағы қарапайым тілшілер «мәдениетті қайыршының» нақ өзі. Сондықтан журналистердің мәртебесін заңмен айқындап беруіңізді сұраймын.
Биыл өз атыңыздан, ақпараттық саланы дамытуға қосқан үлесім үшін арнайы алғыс хат жолдапсыз! Алдым, ол үшін көп рақмет айтамын! Сізбен Президенттік пулда жүріп соңғы рет Ресейдің Омбы қаласында және Германияның Мюнхен қаласында іссапарда болдым.
15 жыл көлемінде мемлекеттік ақпараттық саясатқа атсалыстым. Бірақ, мемлекеттік БАҚ бүгінде бюджетке үлкен шығын әкеліп, қоғамның алдындағы маңыздылығын жоғалтты. Сондықтан, бұл сала үлкен реформаны қажет етіп тұр. Қолдауыңызды сұраймын!!
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар