Өткен оқу жылының соңы мен жаңа оқу жылының жылдағыдан өзге үрдісте басталуы ата – ана, оқушылар мен ұстаздарды біраз әбігерге салғаны рас. Қашықтан оқуға бірінің жағдайы жетпесе енді бірінің баласын оқытуға білімі жетпей жатыр. Жаңа оқу жылының басталғанына үш күн өтсе де оқуға дайын емес отбасылардың қарасы көп. Осыдан бір ай бұрын ғана «Мінберге» сұхбат берген төрт баланың анасы Гүлнар Сейдоллақызының жағдайы бәз баяғы қалпында. Қаражаттан да, білім беру жағынан да қиындыққа тап болған көпбалалы ана бұл жолы да жанайқайын жеткізді.
Гүлнар Сейдоллақызы, 4 баланың анасы:
– Мектепке баратын үш баламды бірдей ноутбук, телефонмен қамтамасыз ете алмадым. Мектепте қайырымдылық қоры ашылып, көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға сабаққа қажетті қағаз, қалам, уақытша ноутбукпен қамтасыз етеді деген соң өтініш берген болатынмын. Өтінішім қабылданып ноутбук алдық. Қазір өткен жылғы оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай ZOOM программасымен оқып жатқан жоқпыз. WhatsApp желісінен барлық сабақтардан группалар ашып қойды. Алайда бір телефонда үш баланың сабақтары болса телефон да көтере алмайды екен. Қазір «Bilim Land» программасы бойынша оқып жатырмыз. Әр балаға жеке кабинет ашылған. Және сыныбына байланысты барлық тапсырмаларда сол жерде орналасқан. Орындап өткізу уақыты тежелмеген. Алайда программада қателіктер өте көп. Берілген сұрақтары мен жауаптарында қателіктер толып жатыр. Тіпті бұл бағдарламада берілген мәліметтер мен кітапта берілген мәліметтер бір бірімен сәйкес келмейді. Кей сұрақтарына дұрыс жауап беріп отырсаң қате шығарады. Әр қате жауабыңнан 3 пайыз алып тастап отырады екен. Және ұстаздар да осы жерден алған балл мен бағаға қарап өз журналдарына сол бағаны қояды. Баланың дұрыс жауабына қате деген жауап алып, балы төмен болса оның білімі төмен деген сөз емес қой. Одан да ZOOM арқылы бетпе бет жауап бергендері дұрыс болар еді. Бірінші сыныпқа барған ұлым мектепте барып оқып жүр. Аптасына үш рет екі сағаттан оқиды деп айтқан соң, оның үстіне ол баламызды оқытуға біліміміз жетпейтіндіктен мектепке жібердік. Ал алтыншы және үшінші сыныпта оқитын балаларымның білім жағдайы осылай болып тұр.
Бақыт Ерланқызы, алтыншы сынып оқушысы:
– Онлайн оқу жаңа оқу жылында да жалғасын тапты. Ең қиыны үйде үш бала бірдей сабақ оқитынымыз. Маған да ініме де ноутбук керек. Мектептен алған ноутбукпен оқып отырсам інім жағаласып келеді. Ол да сабақ оқуы керек. Ал анамыздың ұялы телефоны барлық тапсырмаларды жүктеуге шамасы жетпейді. Тіпті берілген тапсырмалар да қиындық туғызып жатыр. Кейбірін түсінбеймін де. Түсінбеген соң анамнан көмек сұраймын. Ол кісі де білгенінше айтады, бірақ жауабы қате болып шығады. Өзінікі қате болып тұрып, маған ұрсады. Ал ұстаздармен онлайн байланысқа шығып түсінбей жатқандығымды айтсам ол кісілерде «былай деп белгілей салшы, дұрыс болса да, болмаса да сол»,- дейді. Кейде осы апайларымның да білімі жетпей кете ме деп ойлаймын. Сұрақ жауабы дұрыс болмағандықтан, балым төмендейді. Негізі мен мектептегі озат оқушылардың бірімін. Онлайн оқу арқылы осы уақытқа дейін оқығандарымның пайдаға аспай қалып жатқандығын түсініп жатырмын. Енді қайтпек керек? Дұрыс жауап беріп отырсам да қате шығарып бере берсе, оқу үздігі деген аттан қағылатыным анық. Себебі ұстаздар сол баллдар арқылы баға қойып отыр. Онлайн оқудың мен үшін қиыншылығы көп. Тезірек мектепке барсақ екен. Күнде осы тілекті тілеймін.
Айғаным Айтақын
Парақшамызға жазылыңыз