////

Жазушы Дидахмет Әшімханұлына ескерткіш қойылды

2917 рет қаралды

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында жазушы Дидахмет Әшімханұлына ескерткіш қойылды. Биыл жазушының туғанына 70 жыл толды. Атаулы мерейтойы туған жерінде өтті. Карантинге байланысты кеңінен тойлауға мұрсат болмаса да, белгі жазушының ұлы Дәулет Әшімхан әке рухын асқақтатып бірнеше шара ұйымдастырды. Суретшілердің арасында Дидахмет Әшімханұлы шығармашылғы бойынша салынған суреттер байқауы өтті. Енді туған жердің төрінде қасқайып қазақтың Дидағасы отыр.

2015 жылы 64 жасында дүниеден озған жазушы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген.

Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған Д.Әшімханұлы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облысы «Коммунизм туы» (1975–1976), «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған. Кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») (1978–1980), «Қазақ әдебиеті» (1980–1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992–1994) газетінде бас редактордың орынбасары, 1994 жылы халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

«Ел-шежіре» қоғамдық  қорының президенті және  «Алаш» баспасының директоры қызметін атқарды.

«Аққабаның толқыны» (1981), «Он бірінші күз» (1987), «Каменная падь» (1990), «Жер аңсағай сары атан» (1998), «Самырсын сазы» (2000), «Әңгіме емес әңгімелер» атты әңгімелер мен повестер жинақтарының авторы.

Шығармалары өзбек, қырғыз, қытай, моңғол, орыс, украин, мари тілдеріне аударылған. Сондай-ақ, А. Курчаткин, Т. Минулмен, А. Аширов, Х. Абдуллин, П. Пурзверу  шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Республикалық «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері атанған.

www.malim.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар