//

20 миллион теңгеңіз болса мұнай кенішін сатып ала аласыз  

4594 рет қаралды
фото: kaz.caravan.kz

Еліміздегі мемлекеттік мүлік тізілімі сайтында  жер қойнауындағы нысандардың мемлекеттік тізіміне   82 көмірсутегі кен орны енгізіліпті.   Ондағы кен орындарының географиясына қарасаңыз, мұнайлы батыс өлкесінен бөлек болашақта  Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды  облыстарының аумағында мұнай кеніштері  ашылуы ғажап емес.

Мұнай кен орнын электронды сауда алаңы арқылы сатып алғысы келетін тұлғалар (жеке және заңды тұлға, жеке кәсіпкер) нысанды сату бойынша құзырлы орган Энергетика министрлігіне өтініш жасай алады.

Қазіргі таңда ұзын саны 10 мұнай кен орнын сату бойынша аукцион өткізу уақыты белгіленген. Белгіленген бастапқы баға бойынша ең арзаны 20 миллион, ең қымбаты 60 млн теңгеден асады. Аукционға қатысу жарнасы бағасына қарамастан,  барлық кен орындары бойынша 277 800 теңгені құрайды. 10 кен участогы бойынша да сауда-саттық осы жылдың 23-желтоқсанына белгіленіп отыр, қатысуға өтініш беру мерзімі 29-қарашаға дейін. Тек Сағыз кен орны бойынша өтетін аукционға қатысу үшін 3 желтоқсанға дейін өтініш берілуі керек. Барлау жүргізу мерзімі алты жыл. Аукционға заңды тұлғамен қатар, жеке кәсіпкер және жеке тұлға, сонымен қатар шетелдік инвестор да қатыса алады. Оларға жұмыс күшін тарту, әлеуметтік жауапкершілік, мұнай кен орнындағы шикізат көлемі белгілі бір мөлшерден көп болса кеніш маңында мұнай өңдеу зауытын салу және тағы басқа бірқатар талаптар қойылған. Сатылымға шығарылған көмірсутегі учаскелерінің басым көпшілігі еліміздің батыс өңірінде.

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан Қарабау кен орны аукциондағы бастапқы бағасы ең арзанға бағаланған нысан: 20 668 320 т.

Атырау облысындағы Балқұдық кен орнының бастапқы бағасы 32 363 700т. деп бекітіліпті. Осы облыстағы аумағы 2848 шаршы шақырым Қошалақ кен орны бойынша  қол қойылатын бонустың бастапқы мөлшері 33 863 820 т.

Аталған облыс аумағындағы аукционға шығарылған Бегайдар мұнай кен орнының бастапқы бағасы 34 336 080 т. деп белгіленіп отыр. Осы облыста орналасқан Бестерек мұнай кен орнының аукционға шығарылған бағасы 36 502 920т. Атырау облысынан Үштаған мұнай кен орнын да сатылымға шығару туралы шешім қабылданған, бастапқы бағасы: 36 697 380т.

Бастапқы бағасы 38 641 980 теңге деп белгіленген, осы облыстағы Забурунье мұнай кен орны да аукционға шығарылады.  Аталған өңірде орналасқан Сарайшық кен орнының аукциондағы бастапқы бағасы 43 309 020 т.

Сатылатын тағы бір нысан Атырау және Ақтөбе облыстарының аумағында орналасқан Сағызкен орны. Бастапқы бағасы: 60 199 260 т.

Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында орналасқан, аумағы 5 мың шаршы шақырым  Дереш кен орны үшін аукционда ең жоғары бастапқы баға белгіленіпті: 60 560 400 т .

Қатысушыға қойылатын талаптар туралы толығырақ gosreectr.kz  сайтынан білуге болады.

Сондай-ақ, аталған сайтта жарияланған мәлімет бойынша, Қызылорда облысындағы Шығыс Ащысай мұнай кен орны бойынша, Қарағанды және Қызылорда облыстарында орналасқан Құмкөл маңындағы участок бойынша, Атырау облысындағы Прибережное участогы бойынша  және осы облыстағы тағы бір нысан – Қасқырбұлақ кен орны, сондай ақ, аталған облыстағы Биікжал кен орны бойынша аукцион өткізу туралы құзырлы орган – Энергетика министрлігі шешім қабылдаған. Алайда, сауда-саттық уақыты әлі белгіленбепті. Құзырлы орган жылына екі рет Электронды сауда алаңында сауда-саттық өткізу туралы жария етеді.

Риза Исаева.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар