//

331 миллион теңге Алматыны түтіннен құтқара ма?

2229 рет қаралды
фото: Караван

«Сұлу, әсем Алматы». Оңтүстік астананы сипаттағанда жиі айтылатын теңеу сөздер осындай еді. Алайда, соңғы кезде Алматының әсемдігінен гөрі, түтіні көзге көбірек түседі. Осы уақытқа дейін бұл проблемаға алаңдаған табиғат қорғау ұйымдары қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, ауаны тазартуға қатысты қала билігіне бірнеше ұсыныс та жасаған болатын. Ал,  коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдайдағы екі ай карантин кезінде, «түтінсіз» Алматының сұлулығына көз тоймады. Ауа сапасының да айтарлықтай жақсарғанын қала тұрғындары анық  байқаған болатын. Оның өзіндік себебі де бар. «Информбюро» сайтының мәліметінше, Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша зерттеу жүргізген “ЭкоСервис-С” ЖШС қала ауасын ластауда автокөліктердің үлесі  басым екенін анықтаған. Көліктер атмосфера құрамындағы зиянды заттардың 65 пайызын таратады екен.
“Таза ауа Алматы” азаматтық бастамасы белсенділерінің дерегінше, мегаполистің ластануының негізгі төрт себебі бар. Олар: автокөліктер, энергетика, жеке тұрғын үй құрылысы, қала құрылысы, яки биік ғимараттар.

Тиісінше, қала басшылығы қазір, осы себептердің әр қайсысын жоюға бағытталған шараларды қолға алған. Көмірмен жылытылатын жеке үйлерді газға көшіруен қатар, қаладағы жылудың және электр энергиясының негізгі көзі саналатын Алматы ЖЭО-2 толығымен газға көшіруге қатысты жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, Алматыдағы Қоғамдық кеңес отырысында қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская Алматыда бірнеше экологиялық жоба жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, Алматыда наурыз-мамыр айларында карантин кезінде жұмыс істеген блокпост тұрған жерлерде экопостар орнатылмақ. Наталья Ливинская «қазір қаланың периметрі бойынша экопостарды орнатуға қажетті құралдарды сатып алу және орнату бойынша тендерлік процедуралар жүріп жатқанын» мәлімдеді. Ал, «Atameken buziness» арнасы Алматы әкімдігі мемлекеттік сатып алулар сайтында шахардағы автокөліктерге экологиялық мониторинг жасау үшін құны  331 706 750 теңге болатын тендер жарияланғанын жазды. Құжаттың техникалық сипаттамасында «жоба мақсаты экопосттардағы автокөліктерден бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемін анықтау» деп жазылыпты. Конкурсқа қатысуға өтініш беру 2 қазан сағат 18:00-де аяқталады екен.

Өз кезегінде,   Наталья Ливинская қалада 19 блокпост болатынын атап өтті. Оның сөзінше, экопостар ереже бұзушыларды анықтайды, сонымен бірге қаладағы көліктердің қозғалысын бақылайтын арнайы жүйе іске қосылады. Жылжымалы зертхана да болады.
«Біз тікелей Полиция департаментімен жұмыс істейміз», деген Ливинская заң бойынша полицейлер көлік иесін тоқтатып, айыппұл салуға құқылы екенін алға тартты. Ал, экопостарда көліктерден шығатын зиянды заттарды өлшеумен айналысатын мамандар, көлік экологиялық талапқа сай келмесе хаттама толтырады. Соның негізінде полиция шара қолдана алады.

Қала әкімшілігі қолға алған бұл шараның Алматының ауа сапасын жақсартуға қаншалықты ықпал етері әзірге белгісіз. Дегенмен, автокөлік иелері енді артық айыппұл төлемес үшін, көлігінен бөлінетін зиянды заттарға да мән бере бастайтын болар?! Ал, ескі көліктердің техникалық мүмкіндіктері экологиялық талаптарға сай келе ме деген сұрақ, өз алдына бөлек әңгіме.

Риза Исаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар