//

Біраз университет лицензиясынан айырылды, алайда олар министрлік шешімімен келіспей отыр

4855 рет қаралды
фото: Азаттық рухы

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Білім және ғылым министрлігіне диплом тарататын конторға айналған ЖОО-дарына шектеу қойып, қатал шаралар қабылдануы тиіс деген тапсырма берген еді. Осы берілген тапсырманы құптай отырып Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз ЖОО-на деген талапты күшейттік және жоғары білім беру саласын реттеудің жаңа механизмдері енгізілетін болады, – деген. Тапсырма орындауда алдына жан салмай кіріскен билік жылдың басында жемқорлық жайлаған жоғарғы оқу орындарының тізімін жариялап елді дүрліктірген еді, енді білім сапасы нашар деп аты таудай болған университтерді лицензияларынан айырды. Берген лицензияларын қайтарып алуға не себеп болды? Әлде бұның астарында басқа саяси түйін жатыр ма?                                                            

  «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей бұл жердегі ең басты даулы мәселе мынадай болып тұр екен: министрліктің бірнеше тексерісінен кейін оқу орындары не ұстаздар құрамымен, не өндірістік практика базаларымен, не оқу әдістемелік, ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Яғни жоғарғы оқу орны деген атқа сай емес болып шыққан. Сөйтіп өкімет еліміздегі 25 жоғарғы оқу орнының 60 лицензиясын қайтарып алған. Енді лицензияларынан айрылған оқу орындарында «Педагогикалық, гуманитарлық ғылымдар», «Өнер», «Жаратылыстану», «Техника ғылымдары», «Қызмет көрсету» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары оқытылмайтын болды. Ал осы мамандықтарда оқыған студенттерін басқа оқу орындарына алған грантын сақтап, ақылы оқуда болса, ақысына бір теңге қоспай ауыстырады-мыс. Білім министрлігі нақты 25 ЖОО-ның лицензиясы қайтарылып алынды дегенімен нақты атын атап, түсін түстеп қай оқу орындары екендігін айтқан жоқ. Алайда сол оқу орындарында оқитын студенттер мен олардың ата-аналарының әлеуметтік желіде білдірген пікірлерінен-ақ қай оқу орындары екенін білуге болады. Әзірге 17 ЖОО-ның тізімі бар қолымызда. Олар:

  1. «Астана» Университеті;
  2. Қазақстан теңіз университеті;
  3. «Қайнар» Академиясы;
  4. Орталық Азия университеті;
  5. «Алматы» Университеті;
  6. Каспий қоғамдық университеті;
  7. Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы;
  8. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы;
  9. Шет тілдер және іскерлік мансап университеті;
  10. Гуманитарлық-техникалық академия;
  11. Технологиялар және бизнес университеті;
  12. Қазақстан үздіксіз медициналық білім беру университеті;
  13. Қазақстан Инновациялық академиясы;
  14. А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті;
  15. Алматы Экономика және статистика академиясы;
  16. М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті;
  17. Silkway халықаралық университеті.

Байқасаңыздар аталған  оқу орындарының бірнешеуі жекенің иелігінде. Қазақстанда бас-аяғы 132 ЖОО бар. Оның 65-і жекеменшік. Білім саласының сарапшылары арасында университеттерді қысқарту жұмысы алдымен жекеменшік ЖОО-дардан баста­латыны туралы айтылған. Яғни жекеменшік оқу орындарының саны 30-ға дейін қысқартылады деген. Жоғарыда аталған тізім соның бір дәлелі болса керек.

Біздің көзге оттай басылып тұрғаны басқа мәселе. Министрліктің қара тізімінде аты сонау Кеңес өкіметі кезінен белгілі, 1931 жылдан бері келе жатқан М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы жүр. Академияның атын ғаламторға салып іздей қалсаңыз, «ҚазККА қазіргі таңда көлік, коммуникация және экономика саласында бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды. ҚазККАда оқу мен ғылым үрдісін 65%-тан астамы ғылым докторлары мен кандидаттары дәрежелі жоғары білікті профессорлар, доценттер мен оқытушылар іске асырады»,- деген мәлімет жарқырап шыға келеді. Ал осындай дәрежелі академия қалайша бас лицензиясынан айрылуы мүмкін деген ой туып, миыңызда жарылыс болары анық. Ол, ол ма күні кеше ғана осы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы министрлікпен соттасуға бел буыпты. Себебі комитет атаған кемшіліктерді негізсіз деп отыр. Осы төңірегінде академия оқытушыларымен және басшыларымен тілдесуге тырысып көріп едік, ат тондарын ала қашты. Сұхбат бермейміз дейді. Содан не керек осы академияны бітіріп кеткен түлек пен осында екі жыл оқып, академия лицензиясынан айрылған соң басқа университетке ауысуға мәжбүр болған студентпен тілдестік. Екеуі де есімдерін айтпауымызды сұрады.

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында оқып, басқа университетке ауысқан студент:                                                  – 2018 жылы өзімнің қалауым бойынша осы академияға оқуға түскен болатынмын. Биыл 3 курс оқуым керек еді, мен оқып жатқан мамандықты лицензиясын айырып, ондағы студенттер жан-жаққа шашырады. Онлайн оқып жатқандықтан, университет ауыстырғанымыз бізге қиыншылық тудырды. Академия жайлы айтар болсам, практика былай тұрсын жаттап алар теорияны жарытып алып шыға алмайсыз. Шынымды айтсам осы академияға түсем деп армандағаным үшін, және түскенім үшін өкіндім.  Кафедралар арасында ең соңғы орында біздің мамандық тұратын. Техникалық оқу орындарында техникалық жабдықтар қамтылмаған. Ғылыми әдебиеттер деген нәрселерді оқытушылардың аузынан естігенімізбен қолымызбен ұстап көрмедік. Кітапхана да жоқ. Онлайн оқу басталғалы ұстаздар қауымы сабақты тіпті дұрыс өтпейтін болған. Оған өткен оқу жылымыздың төртінші семестрі дәлел.

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген түлек:                                                                        – Академияны осыдан үш жыл бұрын бітірдім. Ата-анамның қалауы бойынша және осы жерге грант бұйырып тұрған соң осы оқу орнына түсуге тура келді. Алайда менің жаным басқа мамандықты, басқа саланы, басқа оқу орнын қалаған еді.  Министрлік биыл дәл мен бітірген мамандық бойынша лицензиясын қайтарып алған екен. Бір жағынан дұрыс болды деп ойлаймын. Біз тобымызда 15 бала бітірдік. Бітіре салған жылы мамандық бойынша тек 5 бала ғана жұмысқа орналасты. Ал қалған  10-ы басқа салаларды жағалап кетті. Білім сапасы өте нашар емес. Алайда «академия» деп атауға да келмейді.  Кейде сессияларымызды ақшамен  шешетінбіз. Ол енді біздің елдегі ең басты проблема ғой. Және кез-келген оқу орнында бар деп ойлаймын.

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деп ұлы ойшыл Әл-Фараби бекер айтпаса керек. Біздің жастарға білімнен бұрын тәрбие беру керек секілді. Себебі «ақшамен шешетінбіз. Ол барлық жерде бар ғой» деу өте үлкен қателік. Ал біз өскелең ұрпаққа бәрін тек «ақша шешеді» деп түсіндіретін сияқтымыз.  Әрине президенттің бастамасы дұрыс. Білім сапасы нашар, баланың уақытын ұрлайтын, дипломдық жұмысты ақшаға сататын, өтірік оқу орындарын жапқаны құптарлық іс. Алайда бұл жерде біздің екінші сұхбат берген кейіпкеріміз секілді ата-анасының қалауымен түскен, бірақ өз ішінде басқа саланың маманы болғым келеді, бірақ грант үшін осы жерде оқып жүрмін деген жастар қаншама? Өзі қаламаған оқуға түскен соң, сол оқу орнының деңгейін ол баланың көтере қоюы екіталай ғой. Кейде ол оқу орнының  сапасы нашар деуге осындай жағдайдың әсер ететіні де сөзсіз. Тіпті сол жерде сабақ беріп жүрген ұстаздарда да сондай көзбояушылық болуы бек мүмкін. Ал бұл жағдайда бірінші сұхбат берген кейіпкер сияқты жастарымыз зардап шегеді. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді бұл мәселені зерттеуде, шешуде министрлік пен ЖОО-дарының талай жерге баратыны анық…    

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар