“Правовый медиа центр” қоғамдық ұйымының директоры Диана Окремова талай жылдан бері бюджет қаржысының ашықтығы үшін күресіп келеді. Жақында ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу жариялап, бюджетке қатысты ақпаратты құпияландыруға жол бермеуін сұрады. Біз Диана Окремоваға хабарласып, оның сырын сұраған едік.
– Жақында Сіз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Үндеу жариялап, бюджетке қатысты ақпаратты құпияландыруға жол бермеуін сұрадыңыз. Мұндай Үндеу жариялауға не түрткі болды?
– Бұған түрткі болған мәселе – «қызмет бабы үшін пайдалануға арналған» ақпаратқа қатысты жағымсыз практика. «Қызмет бабы үшін пайдалануға арналған» ақпаратқа қатысты мәселе өте көп, өйткені шенеуніктердің ешқандай негізсіз ақпаратқа осындай белгі салған кездері көп болды. Ал олар бұны заңды жолмен жасап отыр ма, жоқ па, бұны тексерудің мүмкіндігі де жоқ. Соңғы алты айда, пандемия мен карантин кезінде қоғам шынайы әрі нақты ақпаратқа зәру болды, ал шенеуніктер қолдағы билігін асыра пайдаланып, ақпараттың қызметтік құпияға айналуына көп тер төгуде. Мемлекеттік органдар әуелі бюджеттен коронавирусқа қарсы күрес үшін бөлінген қаржыны құпия ақпарат қатарына жатқызды, сосын депутаттардың айлығының көлемін жасыруды жөн деп тапты. Демек, бюджетке қатысты шығындардың бәрі құпия ақпаратқа айналып шыға келді.
– Ақпаратты қызметтік құпия қатарына жатқызуды кім шешеді? Оның қандай да бір критерийлері бар ма немесе ақпаратты иеленушілер өздері шеше ме?
– Иә, әрине, «Мәліметті қызметтік құпияға енгізудің және онымен жұмыс істеудің Ережесі» бар. Онда мәліметтерді қандай жағдайда қызметтік құпияға айналдыруға болатындығы жазылған. Мәселен, қызметтік ақпарат мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіретін болса; жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделеріне қайшы келетін болса; ведомствоаралық және ведомство ішіндегі хат алмасулар туралы ақпарат тарап кететін болса, онда мұндай ақпарат құпия ақпарат қатарына енуі керек. Сондай-ақ, мәлімет шет мемлекеттерден немесе халықаралық ұйымдардан алынып, онда оны жариялаудың өзара келісімі қабылданбаса, ақпарат көзден таса болуы мүмкін. Дәл осы «құқығы мен мүддесіне қайшы келсе» деген пункт шенеуніктердің ақпаратты жасыруына мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бюджет қаржысына қатысты ақпарат құпия мәліметтер қатарына еніп кеткен, алайда оның қандай себеппен мұндай ақпараттардың қатарына енгізіліп отырғаны туралы нақты әрі толық түсініктеме жоқ. Оның үстіне «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы заңның 6 бабында бюджет қаржысы туралы ақпарат шектеулі ақпарат қатарына жатқызылмайды деп анық жазылған. Егер, ақпарат қызметтік құпиялар қатарына енгізілсе, олар заң аясынан шығады. Яғни, біз бұза алмайтындай тығырыққа тірелеміз.
– Сіздер мемлекеттік ақпараттық саясатқа қатысты анализ жасадыңыздар, бүгінде бұл ақпарат құпия ақпарат қатарына жатады. Сіздің Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігімен соттасқаныңыз да есімде. Қазір министр ауысты, бұл салада қандай да бір алға жылжу бар ма?
– Өкінішке қарай, ешқандай өзгеріс жоқ. Жақында біз Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне тағы да сауал жолдаған едік. Жауап бұрынғыдай, ақпарат қызмет бабы үшін пайдалануға арналған мәліметтер қатарына жатқызылған.
– Сіз «мемлекеттік ақпараттық саясаттың дағдарысы тым тереңдеп барады» деген екенсіз. Олай ойлауыңыздың себебі неде? Бұл саясатты қалай тиімді жүргізуге болады?
– Мемлекеттік ақпараттық саясаттағы басты проблема оның не үшін қажет екенін және қалай жүзеге асырылуы тиіс екенін ешкім түсінбейді. Бұл саясат әу баста Президент әкімшілігінде жасалып, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі тарапынан қолдау тапқан еді. Ол кездегі мақсаты айқын секілді болатын. Алайда, бұл идеяны жүзеге асырудың нақты критерйінің болмауының ақыры аталған саясатты тығырыққа тіреп отыр. Тек есеп беру мақсатында жазылған журналистиканың талабына жауап бермейтін материалдар мен ойдан құрастырылған тақырыптар оқырмандардың күлкісін тудыруда. Оларды сөз санымен, минутпен және газет бетіндегі көлемімен бағалайды. Ал азаматтардың дүниетанымымен кім санасады? Сонымен қоса, мұнда жемқорлық мәселесі де бар. Егер бір облыс әкімінің имиджін жақсарту мақсатында бөлінген 70 млн теңгенің мақсаты айқын болмаса, нақты нәтижесін бағалаудың критериі болмаса, қандай мемлекеттік ақпараттық саясат туралы сөз қозғауға болады. Жүйені толығымен өзгерту керек.
– Сіз «Біздің мақсатымыз – БАҚ-қа қатысты мемлекеттік тапсырысты болдырмау, яғни ақпараттық саясатқа бөлінетін қаржыны тоқтатуға қол жеткізу» деген екенсіз. Біздің жағдайда ол қаншалықты мүмкін?
– Әрине, қазір бұның қол жетпес арман екенін білемін. Сол себепті де біздің қазіргі мақсатымыз, мүмкін болғанынша мәліметтердің ашықтығына қол жеткізу. Жыл сайын ақпараттық саясатқа яғни үгіт насихатқа 50 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Сол себепті осы қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқанын бақылау, қадағалау, әрі оның қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын талдау маңызды болып отыр. Сол үшін мемлекеттік ақпараттық саясатқа бөлінген қаржы ашық болуы керек. Өйткені, былайғы жұрт салықтарының қайда жұмсалып жатқанынан хабардар болуы тиіс.
– «Ақпаратқа қол жеткізу» және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» туралы заңдар мемлекеттік сатып алулар туралы мәліметті алуға және талдауға мүмкіндік береді. Бұл заңдардың қандай артықшылықтары мен кемшілігі бар? Неге бұл заңдар қоғамдық белсенділер тарапынан жиі сынға ұшырайды?
– Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңның басты кемшілігі – қызмет бабы үшін қолданылатын ақпараттың заң аясынан шығарылғандығы. Яғни, ақпаратты құпия ақпарат санатына жатқызған шенеуніктің әрекетіне орай шағымдану мүмкін емес. Сондай-ақ, ақпаратты мерзімінде бермегендер үшін, жауап бермегендер мен берілген жауаптың толық болмағандығы үшін нақты қандай жауапкершілік жүктейтіндігі белгісіз.
Мемлекеттік сатып алулар туралы заңның да қайта қарайтын тұстары аз емес. Мәселен, қосымша келісімшарттар арқылы бұған дейін жасалған келісімнің сомасын ұлғайту немесе «бір сатып алушымен» келісім жасау арқылы нақты бәсекелестікті тұншықтыру, ашық конкурстың болмауы коррупцияға жол ашып отыр. Дегенмен, портал ашық, біз мемлекеттік сатып алудың барлық процедурасын көре алып отырмыз. Бұл зерттеу журналистикасы үшін жақсы мүмкіндік.
– minber.kz сайты мемлекеттік сатып алулар порталындағы ақпаратты пайдаланып, мемлекеттік сатып алуларды сарапқа салып жүр. Мен түсінбейтін бір мәселе – бір аймақтың сатып алуларын порталдан тапсақ, екінші аймақтың сатып алуларын таба алмаймыз. Мәселен, облыстық Білім басқармаларының техниканы сатып алуын сарапқа салу барысында Маңғыстау облысы туралы ақпаратты таппадық. Мұның сыры неде?
– Бәлкім, бұл шенеуніктердің Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнан толық хабардар еместігінен шығар. Сол себепті де олар оны орындауға асықпайды. Сонымен қатар, кез келген шенеунік ақпаратты қызметтік құпияға жатқыза алатындығы да осыған ықпал етуі мүмкін. Дегенмен, мемлекеттік сатып алулар туралы мәлімет ашық ресурста болуы тиіс.
– Ақпаратты мейлінше ашық ету үшін не істеу керек?
– Әуелі бейғамдық танытпау керек. Өз құқығынды қорғай білу, шағымдану, сотқа арыз бере отырып, заңның бар екенін, оның жұмыс істейтінін дәлелдей білу керек. Меніңше, егер мұндай дүниелер бұқаралық сипат алса, мәселен, журналистер, ҮЕҰ, белсенді азаматтар атсалысып, ақпаратқа қол жеткізуге қатысты проблемалар бар екенін және оны шешу керек екенін дәлелдей алса, қандай да бір нәтижеге қол жеткізуіміз мүмкін. Біздің мұңымызды ешкім мұңдамайды. Біз белсенділік танытпасақ, ештеңе өзгермейді.
Парақшамызға жазылыңыз