Қытайдағы саяси лагерьлерде зардап шеккен қазақтардың арасынан Қазақстанға қашып келіп, пана сұраған қазақтардың саны алтыға жетті. Қазақстан үкіметі бұл қазақтарды қалай қабылдап жатыр? Атажұртынан пана тапсам деген үміті орындалды ма? Бір жылдан бері пана іздеуші тұлға мәртебесінде жүрген Қастер мен Мұрагерге “босқын” мәртебесі берілді. Олардың арықарайғы тағдыры не болады? Қазақ азаматы атану үшін енді қандай өткелектерден өтуі керек? Осы және өзге де өзекті мәселелердің жауабын білгіңіз келсе, заңгер Ләззат Ахатовамен болған сұхбатымызға назар аударыңыздар.
– Соңғы жылдары Қазақстанға Қытайдан қашып келген этникалық қазақтар жайлы көп естілетін болып жүр. Сіз де бұл адамдардың бір-екеуіне адвокат болдыңыз. Жалпы мұндай адамдар көп пе?
– Көп деп айта алмаймын. Осы күнге дейін Қытайдан қашып келіп жатқан қандастарымыз алтау. Ел арасында жасырын келіп жатқандары бар дейді. Алайда ресми ақпарат бойынша тек қана алтау.
– Қазақстан билігі бұл адамдарды қалай қабылдап жатыр?
– Ел болып көріп отырғанымыздай, көкірегінен итеріп, қолын байлап кері қайтарып жатқан жағдай кездесіп жатқан жоқ. Жаман қабылдап жатыр деп айта алмаймын. Саяси тұлғалар аузынан бұған қатысты артық айтылған әңгімелер болды. Бірақ саясат деген біз түсінбейтін қатпары мол әлем, кішкене мүлт кетсе елге қауіп төнуі мүмкін. Саяси қарым-қатынас та маңызды. Бұл жағдайда нақты жауап беру қиын.
– Этникалық қазақтар елге келген соң, келесі қадамы не болуы керек? Бірінші қайда барғаны жөн?
– Өзге елден қиындық көріп, саяси қыспақ көрген адамдар елге қашып келіп, шекара бұзып елге келгенде 1 күннен 5 күнге дейін көші-қон басқармасына барып арыз жазу керек. Заң нормалары орындалуы керек. Өзім жүргізген істе де жігіттер бір екі апта жасырынып жүрген. Ақыры қашып келген соң, кері қайтарып жібереді деп қорқатын болуы керек, көбі заң орындарынан бой тасалап жүре тұрғанды жөн көреді. Бастысы заң талаптары сақталуы керек.
– Жақында былтыр Қытайдан қашып келген Қастер мен Мұрагерге «босқын» мәртебесі берілгендігі туралы ақпарат тарап жатыр. Біз бұл мәселенің оң шешілгеніне қуаныштымыз. Қастер www.malim.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан азаматы болғым келеді депті. Азамат атануы үшін ол енді не істеуі керек? Қандай процедуралары бар?
– Басқа елден келген азаматтар Қазақстан азаматтығын алу үшін өзінің ережелері бар. Ол үшін Қазақстан аумағында кемінде 5 жыл тұруы керек. Немесе Қазақстан азаматтығы бар адаммен 3 жыл некеде болуы керек. Қазақстанда ертерек келіп қоныстанған туысы болса ол адамдар азаматтықты жеңілдікпен тезірек ала алады. Қастер мен Мұрагерде босқын куәлігі бар, сол себепті олар жеңілдікпен азаматтық алуға толық негіз бар. Ең бірінші босқын мәртебесі берген органға заң тәртібімен өтініш жазып, тиісті құжаттарды тіркеуіқажет.
– Ел арасында Қазақстан Қытайдағы этникалық қазақтарға көмектесе алмайды, көмектессе бұл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым қатынасқа сызат түседі деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас пікір?
– Бұл істі жүргізу барысында көп этникалық қазақпен сұхбаттастым. Өте қиын жағдай. Өрімдей жастар 5 жылға, 10 жылға сотталып кетті. Жала жабылып, нақақтан нақақ сотталды.
Әрине, осындай жағдайда қазақтар атамекенінен пана іздейді. Дегенмен, біздің мемлекетіміз де екі оттың ортасында қалған сынды. Нақты фактімен нақты көмек сұраса мемлекет көмектеседі деп ойлаймын. Қазақстанның билік орындары үнсіз отырған жоқ. Көмек көрсетіліп жатыр, тіпті бір-екі рет қарсылық нотасын да жолдаған. Сонда түрмеде отырған біраз азаматтың босап шығуына да жәрдемдесіпті.
– Қытайдағы этникалық қазақтарға қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Қазақтардың Қазақстанға қашып келіп жатқаны соның дәлелі емес пе? Қазақстан осы мәселеде неге үнсіз деп ойлайсыз?
– Қазақстан бұл жағдайда үнсіз отырған жоқ. Қысым көрсетіліп жатыр. Алайда бұл мәселе 2 жылдан бері ғана ашық айтылып келе жатқандықтан, барлығы енді-енді өзгеріп келе жатыр. Әлемдік деңгейде араласып жатқандықтан және Қазақстан оның бір бөлшегі екенін ескерсек, қазір бұл мәселелер шешілуде. Нәтиже бар. Мысалы Сайрагүл Сауытбай кезінде енді айтылып, енді шығып жатқан жағдай болғандықтан ол босқын мәртебесін ала алмады. Қазір олай емес, бүгін босқын болды, ертең азаматтық алады. Сайрагүл Сауытбайға қанша қазақ, ел ағалары қорған болды. Бірге жылады, бірге қуанды, қорған болды. Қазақстан кеудесінен итеріп жатқанын байқаған жоқпын. Ашық қолдамаса да жасырын қолдауы әбден мүмкін. Бізге басқаша көрінген нәрсе, анығында мүлдем басқаша болуы мүмкін.
– Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау үшін Қазақстан бұл жағдайды шешу үшін не істеуі керек?
– Заңгер ретінде айтарым, заң жүзінде дұрыс шешіледі, шешіліп те жатыр. Сол себепті қазіргі бағытымыз дұрыс деп ойлаймын. Осы позициямен жүруіміз қажет.
* Бұл видео Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Видеоның мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
Парақшамызға жазылыңыз