Соңғы бір екі күнде әлеуметтік желіде тараған «Борат сыңарлары» атты флешмоб видеосы ел ішін біраз шулатты. «Борат -2» фильмі премьерасының қарсаңында өткен флешмобта Бораттың шашы секілді парик пен маскини (медициналық маска түріндегі манкини) киген 40 ер адам йога сеансын өткізді. Аталған орында Қазақстанның туы байқалады. Бұл көрініс Қазақстандық кейбір азаматтардың наразылығын тудырып, «Намыс» қозғалысының мүшелері Саша Барон Коэннің режиссерлігімен түсірілген кино нәсілшілдікті насихаттайды және белгілі бір ұлтты дөрекі түрде қорлайды деп есептейтінін айтып, 45 адам қол қойған петицияны Америка Құрама Штаттарының дипломаттарына табыс етті. Ал әлеуметтік желіде «мен туымды мақтан етемін» деген акция басталды.
Осы оқиғадан соң Мінбер.кз сайты Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану, орнату, орналастыру ережелерін тағы бір қарап көрді. 2007 жылы 2 қазан күні ҚР Үкіметінің №873 Қаулысымен бекітілген Ережеде Туды Мемлекеттік орындар мен мемлекеттің іс-шараларда орнату, орналастыру тәртіптері жазылған.
Осы Ережеге 2015 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің №1187 Қаулысына сәйкес енгізілген өзгертулер мен толықтыруларда туды жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы жайлы мынадай тәртіп бекітілген екен:
«Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын патриоттық сезімін білдіру, қазақстандық бірегейлікті, көпшілік іс-шаралар және жеке іс-әрекеттер аясында елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалануы (орнатуы, орналастыруы) мүмкін.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, оның көлеміне қарамастан, ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын ұлттық стандарттардың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды».
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес белгіленген тәртіп осылай десе Мемлекеттік туды дайындау тәртібі туралы Уикипедия ашық энциклопедиясында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын дайындау ҚР СТ 988-2007 мемлекеттік стандарты бойынша орындалады. Мемлекеттік туды жасап шығару арнайы қызмет болғандықтан, лицензияның болуын талап етеді», – деп жазылған.
Бір таңғаларлығы Мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесінде «Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын қорлау нысанасы ретінде пайдалана алмайды», – деп жазылғанмен «қорлау» сөзіне заңдық тұрғыда анықтама берілмеген. Ал бұл шу тудырған видеоның еліміздің туын қорлап тұрғанын дәлелдеуге кедергі болуы мүмкін.
Ал туды дайындау туралы тәртіпті ескерсек, соншама ту шетелге қалай шықты, егер ол тулар сол елде дайындалса лицензияны қалай алды деген сұрақ өз-өзінен туындайды…
Парақшамызға жазылыңыз