//

Алматыда саяси реформаны талап еткен митинг өтті (видео)

2891 рет қаралды

31 қазан күні Алматы қаласында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында билік мақұлдаған митинг өтті. Митингті Liberty қорының президенті Ғалым Ағелеуов пен “Ар.Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі Бақытжан Төреғожина ұйымдастырды.

Митингті ұйымдастырушылар алғашқы минөтте әртүрлі қалаларда ұсталған ондаған адамның, түрмеде отырған және құпия жағдайда қайтыс болғандардың аты-жөнін атады.

Оппозиция белсендісі Ермұрат Бапи митинг қарсаңында белсенділердің қудалауға тап болғанын сөз етті.

“Кеше ғана болған астанадағы белсенділердің үйін тінту, белсенділерді қудалау – биліктің біздің “реформа керек” деген талабымызға жауабы. Бізде бәрі – құқығымыз, сайлау құқығымыз, жеріміздің асты мен үстіндегі байлығы тоналды. Біз реформаны елдегі қауіпсіздік кеңесін толық өзгертіп қана жасай аламыз” деді Бапи.

Митингіде экономист Айман Тұрсынхан да сөз сөйлеп: “Мен саясаткер емеспін, мен жағдайды бақылап, нақты реформалар ұсынатын адаммын. Жер тура бір жарым айдан кейін сатылады. Шаруалар жерсіз қалады. Жер неге сатылды? Өйткені мемлекет толық дефолтта. Біз заң жүзінде жүйені өзгерте алмаймыз. Оған мен де тырысып көрдім. Сондықтан баршаңызды алдағы сайлауда бақылаушы болуға шақырамын!” деді.

Оралдық журналист Лұқпан Ахмедьяров митингіде аты аталған саяси тұтқындарға жаны ашитынын айтты.

“Осындай әділетсіз жүйенің қысымына ұшырап, олардың жапа шегіп жатқандары өкінішті. Тұтқындар қандай да бір қылмыс істеп емес, өз ойларын ашық айтқандары үшін кінәлі болып шықты. Қазіргі билік режимінің ең үлкен қылмысы осы. Қазір билікте отырғандар, Нұрсұлтан Назарбаев болсын, басқасы болсын саяси тұтқындар үшін заң алдында жауап береді деп сенемін. Қазақстанның азат ел болуы үшін, жұрттың бәрі заң алдында тең болатындай елге айналамыз деп сенемін!” деді Ахмедьяров.

Үлескерлердің құқығын қорғап жүрген нұр-сұлтандық белсенді Қанағат Тәкеева “реформа талап еткеніміз үшін, біз де билік тарапынан қысымға ұшырап жатырмыз, біз сөз бостандығын қалаймыз, биліктің халыққа берілгенін қалаймыз! Біз бүгін аз ғана адам жиналдық, бірақ келесі жолы тағы келеміз!” деп айтты.

31 қазанға жоспарланған митинг қарсаңында Нұр-Сұлтанда полиция кейбір белсенділердің үйін тінтіп, кем дегенде екі белсендіні “рұқсат етілмеген митингіге шақырды” деп 10-15 тәулікке қамады.

Қазақстанда жұрт бейбіт митингіге шығу үшін жергілікті билікке алдын ала ескертуі керек я рұқсат алуы тиіс. Ескертілмеген митингінің бәрі заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталып жазаланады.

Биыл елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде билік жаңа Бейбіт туралы заң қабылдаған. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Бейбіт митинг туралы жаңа заңда шектеулер мен жазалау сақталып қалды деп сынайды. Жаңа заңға сай, митингіге шығатындар билікке алдын ала ескерту керек және митингіні билік белгілеген жерде ғана өткізе алады. Қалаған жерінде, қалаған уақытында бейбіт наразылық өткізуге тыйым салынған. Бұл ережені бұзған ұйымдастырушылар мен қатысушыларға айыппұл салынады я қамалады. Шетелдіктер, босқындар, азаматтығы жоқ адамдар наразылыққа шыға алмайды.

www.centralasian.org

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар