Сонымен “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тренингтер сериясының алғашқысы, Павлодар облысының журналистеріне арналған сериясы аяқталды.
“Мінбер” құрылған күннен бергі он жылдан астам уақытта қазақтілді журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында екі жүзден астам семинар-тренинг ұйымдастырды. Әуелде журналистердің технологиялық сауатына көбірек мән берген қоғамдық қор, жылдар өте келе сапалы журналистиканың дамуына әжептәуір үлес қосып келеді. Тренингтердің негізгі бағыты: медиасауат, сыни ойлау негіздері; медиа этика, жаңа медиа құралдары, дата журналистика және іскерлік журналистика негіздері. Қазақ журналистерінің тісі батып бара бермейтін іскерлік сала, экономика проблемалары бүгінгі күннің күн тәртібінде тұрған басты тақырып. Дүниежүзілік пандемия оқырманның сұранысы мен талғамына әжептәуір өзгеріс енгізді. Бұрынғыдай шоу бизнес трендте болатын заман келмеске кетті. Қазіргі оқырман рецессия кезінде ел экономикасындағы трендтер, бюджет қаржысын бақылау, әлемдік қор биржаларындағы ахуалды білу, сондай-ақ ашық деректердегі сан цифрлардың сиқырын білуге ұмтылады. Оқырман сұранысына сай болу үшін қазақ журналистерінің осы саладағы біліктілігін талмай арттыру басты мақсат болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда “Мінбер” орталығы мақсатты түрде жұмыс істеп келеді. Былтыр қазақ журналистері басшылыққа алатын “Іскерлік журналистика” нұсқаулығын дайындап ұсынса, биыл ERG Komek корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” тақырыбында Қазақстанның үш аймағына арналған тренингтер сериясын өткізуді қолға алды. Бес күндік тренингте павлодарлық журналистер жұрт көзінен тасада тұрған, алайда ашық деректер қорындағы деректерді қайдан, қалай іздеуге болатындығын, ірі корпорациялардын есебі негізінде материал дайындаудың амалдарын және датаны іздеп табу сұрыптау, оны визуализациялау жолдарын үйренді. Тың материалдардың қатысушыларға несімен қызық болғандығын төмендегі пікірлерден білуге болады:
Есенбек Санатұлы, “Атамекен бизнес” каналының Павлодар өңіріндегі меншікті тілшісі:
– Павлодарлық БАҚ өкілдеріне арнап “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының бес күн бойы өткізген онлайн тренингісі бизнес тақырыбында ақпарат қорытудың қыр-сырын үйретті. Семинар онлайн өткеніне қарамастан өте қызықты әрі тартымды болды. Әсіресе, бизнес телеарнаға бет бұрған мен үшін таптырмас тәлім болды
Экономика, қаржы тақырыптарына қалам терең тербейтін қазақ тілді журналистер бұған дейін жоқтың қасы еді. Кейінгі жылдары @Atameken Business телеарнасы, @inbusiness.kz сияқты ақпарат құралдары пайда болғалы экономика тақырыбын жазуға қазақ тілді тілшілер де бейімделе бастады. Ал, ол тақырыпта қалам сілтеу анау айтқандай оңай емес. ERG корпорациясының былтырдан бері өткізіп жатқан осындай пайдалы іс шаралары алпауыт кәсіпорынның бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бей жай қарамайтынын көрсетеді. Алған тәжірибе көп. Дата журналистика, деректермен жұмыс жасау, визуализация секілді кейінгі кезде трендке айналып бара жатқан тәсілдерді үйрендік.
Құралай Рахимжанова, “Ertys Media” ЖШС-іне қарасты “Halyk radiosy” журналисі:
– Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз. “Дәмді” ақпарат жазу үшін нақты цифр, нақты дәлел керек. Мақаланы дата тілімен сөйлетудің әдіс-тәсілдерін “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының білікті мамандары үйретіп жатыр. Сандарды «майдан қыл суырғандай» оқиғаға қатыстыра білу жолдарын Асхат Еркімбай қарапайым жолдармен түсіндіріп берді.
Данияр Жұмаділов, “Айқын” газетінің Павлодар өңіріндегі тілшісі:
– Заманға сай журналистика да жаңарып келеді. Сәйкесінше, осы саланың мамандарына қойылатын талап та өзгеше. Жаңаша. Ал оған сай болу үшін үздіксіз білім алып, біліктілікті арттыру маңызды. Әсіресе, аймақтардағы журналист қауымы сусындап қалған. Бұл- бір.
Екіншіден, журналистикадағы көптің тісі бата бермейтін тақырыптардың бірі- экономика. Оны да жете түсінбесең, оқырманға қажетті,түсінікті ақпарат жеткізу қиын.
Міне, осы жолы “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының ұйымдастырған тренингінен осы екі бағытта аса қажетті білім алып, жаңаша әдіс-тәсілдерді үйрендік. Ұйымдастырушылар мен тренингті жүргізген мамандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.