///

Бюджет жыртығын жамау оңай болмай тұр. Қарызды не үшін аламыз?

2245 рет қаралды
фото: Отырар

Бірнеше күн бойы  Қазақстан коронавируспен күреске 1,5 млрд еуро қарыз алады екен деп ішек тарта таңқалып жатырмыз. Өкініштісі сол ел үкіметі бюджеттің жыртығын да осы қарызбен жамайын деп отыр.  Сонымен қатар, бұл кеше-бүгін қабылданған шара емес. Алдағы жылдың бюджет тапшылығын жою туралы мәселе тамыз айында көтерілген болатын.

Ел үкіметі қарыз алу туралы Азия Даму Банкі және Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкімен келісімге келіп, банктердің  пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы бағдарламасы шеңберінде Қазақстан үшін 2020 жылы резервтеліп қойған. Ал, оны неге енді ғана біліп отырмыз десек, 24 қараша күні Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс депутаттарының алдына шығып, осы келісімдерді  ратификациялауды сұрады.

фото: dailynews.kz

Ерұлан Жамаубаевтың сөзіне сенсек, Азия Даму банкінен 908 миллион 596 мың еуро сомасында қарыз туралы келісімге қол қойылды. Қарыз 2021 жылға арналған бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Сонымен қатар, Үкімет  пандемия  салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіруге бағытталған шараларды да осы қаржы арқылы жүзеге асырмақ.

Министр бұл қарыз бойынша өтеу мерзімі екіге бөлінетінін айтты.  454 миллион 298 мың еуро, яғни қарыздың жартысы 10 жыл мерзімге беріледі. Келесі жартысы   5 жыл мерзімге беріледі. Екеуінде де 3 жылдық жеңілдік кезеңі бар.  Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50 пайыз.

Ал, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкінен де қарыз алу туралы келісімге  2020 жылғы 13 тамызда қол қойылған. Қарыз көлемі 661 миллион 800 мың еуро. Бұл борышты да 10 жыл өтеуге тура келеді және оның да 3 жылдық жеңілдік кезеңі бар.

Ең маңыздысы, келісімде белгiленген қаржылық шарттарға сәйкес қарызға қызмет көрсету және теңгеге шаққанда 796 млрд 190 млн теңгеден астам қаржыны өтеу республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын болады, яғни салық төлеушілердің қаражатынан. Сондықтан, үкіметтің бұл қарызы сіз бен біздің де қарызымыз. Осы орайда ашық бюджет мәселесінің өзектілігі бұрынғыдан да арта түсуі тиіс.

Осы орайда. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Atameken buziness» арнасына сұхбат беріп, алдағы жылдың бюджетінде бюджет шығыны 14 трлн теңге болатынын айтты. Соның ішінде тек 7 триллионға жуығы әлеуметтік шығындарға жұмсалатынын айтты.  Яғни, зейнетақы мен жәрдемақыларды индексациялау, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысын көтеруге және өзге де әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға жұмсалады екен. Ал, алдағы үш жылда медициналық қызметкерлер мен білім беру саласының қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге 5 трлн теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр. Осындай шаралардың арқасында, Мәулен Әшімбаевтың айтуынша қазіргі таңда бюджеттің дағдарысқа қарсы үлкен рөлі бар.

Сонымен қатар, Сенат төрағасының сөзіне сенсек, экономиканың нақты секторын – Нұрлы Жер, Нұрлы Жол, Агроөндірістік кешенді дамыту, Бизнестің жол картасы секілді бағдарламаларды қолдау үшін бюджеттен қомақты қаражат – 1 трлн 700 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ақшаны үкімет жолдарды өндеуге, елді мекендерге газ жүргізуге,  жалпы инфрақұрылымды дамытуға көздеп отыр екен.

Ал, осы қаражат қайдан алынады деген мәселеде Мәулен Әшімбаев бұл салықтан жиналған қаражат және Ұлттық қордан трансферттер  және қарызға ақша да алынатынын атап өтті.

Сондықтан, алдағы жылдың бюджеті шетелдік қарызбен ғана емес, Ұлттық қордан да қаржыландырылатын болып тұр. COVID-пен күрес деген, бұл бюджеттің көп пунктінің бірі ғана болып тұр.

фото: abai.kz

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар, елімізге келетін инвесторларға жасалатын жеңілдіктер туралы да айтып өтті. Стратегиялық инвестициялық келісімнің аясында инвесторлар 10 жылға корпоративті табыс салығынан, қосымша құн салығынан, жерге салынатын салықтан және мүлікке салынатын салықтан босатылады. Бұл үшін инвесторлар Қазақстан үкіметі тарапынан қойылған бірқатар шарттарды орындауы керек екен.  Бұл Салық Кодексі алдағы жылы күшіне енеді. Бұл да бюджеттің еншісіндегі қаражат еді. Біздің билік мұндай заңды қабылдауға ниет білдірсе, өздерінің де бір білері бар шығар…

Сонымен қатар, ұялы байланыс операторларына  өңірлерде радиожиіліктер сатып алуға 90 пайыз жеңілдік беріліп отыр. Алайда, бұл қаражатты компаниялар аймақтарда кең жолақты интернет желісін жүргізуге қолдануы тиіс. Алдағы жылы 17 млрд теңге осы мақсатқа жұмсалуы тиіс. Бұл жеңілдікті операторлар алдағы бес жыл бойы қолдана алады. Бұл да бюджет түсімінің есебінен халыққа жасалып отырған игілік, деп түсіндірді Әшімбаев мырза.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар