///

Коронавируспен күрес те, бюджеттен ақша жеудің тиімді жолына айналды ма?

2306 рет қаралды
26 миллионға бағаланған savina-300 осы

Наурыз айында коронавирус ел есігін қаққанда ауруханаларда өкпеге ауа жіберу аппараттары (ИВЛ) жетіспейтініне биліктің де, халықтың да көз жеткізгені белгілі.  Сәуір айынан бастап, шілде айына дейін Қазақстанның медмекемелері мен Денсаулық сақтау басқармалары коронавирус пандемиясы кезінде 6,2 млрд теңгеге 356 өкпеге ауа жіберу аппараттарын сатып алғанын да жазған болатынбыз. Бұл мақалада өндірушісі мен маркасы бірдей аппараттарды түрлі мекеме әртүрлі бағада сатып алғаны да айтылған еді. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі назар аударып, тексеру жүргізді деген ақпарат болмады. Десе де, шикілік шықса бюджеттің орындалуын бақылайтын есеп комитеті ескерусіз қалдырмас деп те үміттеніп қоямыз.

Үмітімізге сәуле түсірген сенатор Нұрлан Қылышбаевтың мәлімдемесі болды.

фото: Уикипедия

Ол бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталғанын мәлімдеп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа отандық өндірушіден 1500 өкпеге жасанды ауа жіберу аппаратын салып алғанын, алайда елдегі барлық денсаулық сақтау ұйымы іс жүзінде тек 831 аппаратты ғана қабылдағанын мәлімдеді.

Шілде айының ортасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов 3 мың дана өкпеге жасанды ауа жіберу аппараты керек екенін мәлімдеген болатын. Сол кезде ол Елордалық «Барк Текнолоджи» ЖШС және «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС айына 550 дана құрылғы шығаруы керек екенін мәлімдеген еді.

Осы аталған екі компания туралы мәлімет іздедік.  «Барк Текнолоджи» ЖШС 2011 жылы құрылған. Медициналық құрал-жабдықтарды өндірумен және жеткізумен, сондай-ақ, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеумен, әлеуметтік нысандар құрылысын салу және емдеу-профилактикалық мекемелерін құрал-жабдықпен қамту және технологиялық тұрғыда жабдықтаумен айналысатын компания екен. Сондай-ақ, бұл компания әлемдегі жетекші медициналық техника өндірушілерінің серіктесі, эксклюзивті/авторизацияланған жеткізушісі екен. Содан да болар, компания сайтында жарияланған өнімдер тізімінен олардың елімізде өндірілгеніне қатысты ақпарат таба алмадық.

Ал, сенатор сөз еткен отандық аппаратты «Қазақстан Аселсан инжиниринг» компаниясы мен “Тыныс” АҚ өндіретін болар деп топшыладық. Өйткені  шілде айының басында әр түрлі салаларға арналған өндірістік-техникалық мақсаттағы 100-ден астам тауар түрін шығаратын «Тыныс» компаниясы  “КОКЧЕТАВ-4п” өкпені жасанды желдету аппараттарын да өндіре бастағаны хабарланған еді. “КОКЧЕТАВ-4п” – бұл жедел жәрдем машиналарында, дала жағдайында, сондай-ақ хирургияның, реанимацияның клиникалық бөлімшелерінде, қарқынды терапия палаталарында өкпені оттегі-ауа қоспасымен жасанды желдету және оттегі ингаляциясын жүргізуге арналған жинақы, шусыз, автономды аппарат екен. Сол кезде тараған ақпаратқа сенсек, компания 81 осындай аппаратты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне тегін беріпті, ал 245 аппаратты Қарағанды, Алматы, Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарына жөнелтіліпті.

фото: www.inbusiness.kz

Ал, сенатордың шағымына жауап беру кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі  Талғат Жанжүменов 1 қарашадағы жағдай бойынша мың жарым өкпені жасанды желдету аппараты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізілгенін баяндады. Вице-министрдің сөзіне сенсек, қазіргі уақытта 140 аппарат қолданыста, қалғандары резервте тұр.  Мың жарым аппараттың тек 140-ы қолданыста болса да, Жанжүменов мырза барлық аппарат жұмысына шағым-ескерту түспегенін мәлімдепті. Дегенмен, Семейде бір компрессордың аздаған ақауы болған екен, бір тәулікте бұл компрессор ауыстырылыпты.

Талғат Жанжүменовтың айтып отырған аппараты «Қазақстан Аселсан инжиниринг» компаниясында өндірілген екен. Компания 2011 жылы ақпан айында  «Самұрық-Қазына Қазақстан Инжиниринг» АҚ және ASELSAN Elektronik Sanayi ve Ticaret A.Ş. (Түркия Республикасы) компаниялары арасында серіктестік туралы келісім шартқа қол қойылғаны нәтижесінде құрылған. Яғни, түрік компанияларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан компания. Сондықтан, өкпеге жасанды ауа жіберу аппаратын өндіруде де түріктердің тәжірибесіне сүйеніп, «реаниматология және анестезия талаптарына анағұрлым сай келетін “BIYOVENT” түрік ӨЖЖ аппараты таңдалып алыныпты». Сонымен қатар, компания сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «Нұр-сұлтан қаласында 2011 жылдан бері “Қазақстан Аселсан Инжиниринг” ЖШС Қазақстан-Түркия қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорны жұмыс істеп тұрғандықтан, шілде айының соңына қарай Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша ӨЖЖ аппараттарын өндіру бойынша жұмыстар жедел іске қосылды».

Осылайша, мың жарым аппаратты да жеткізіп берген, осы «Қазақстан Аселсан инжиниринг» компаниясы екенін анықтадық. Бір өкпені жасанды жеделдету аппаратының құны 9 миллион теңгенің шамасында. Осылайша, Ұлттық компанияның еншілес ұйымы шығарған мың жарым аппаратты сатып алуға қазынадан шамамен 13 500 000 000 (13 миллард 500 миллион)  теңге бөлініпті. Бұл ақшаға көктемде сатып алған 356 аппаратқа жұмсалған 6 миллардтан астам қаражатын қосыңыз. 18 миллардтан асып жығылады.  Бұл тек біз санаған өкпеге жасанды ауа жіберу аппараттарының құны ғана. Коронавируспен күрес қымбатқа түсіп барады. Тек, нәтижелі болса екен. болмаса коронавируспен күрес те, бюджеттен ақша жеудің тиімді жолына айналды ма, деген ойға қаласың…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар