///

Шолпан Айтенова, экономист: 2,2 млрд теңге дегеніңіз алты мектептің бір жылдық бюджеті. Біздің Үкімет шетелдік іссапарларға осындай қаржы жоспарлап отыр

3214 рет қаралды

Жақында Zertteu Research Institute  қоғамдық қорының бастамасымен «Salemdeputat.kz» жобасы қолға алынды. Бұл депутат пен сайлаушының арасында байланыс орнатуға бағытталған бірегей жоба. Сонымен қатар, аталған ұйым бюджет ашықтығы бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Осы жобалардың маңызы және алдағы үш жылға қабылданған бюджет жайы мен қарапайым азаматтар бюджет туралы не білуі тиіс деген сұрақтар бойынша «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Айтенованы сөзге тартқан едік.

«SALEMDEPUTAT.KZ» ЖОБАСЫНЫҢ МАҚСАТЫ – САЙЛАНУШЫ МЕН САЙЛАУШЫНЫҢ АРАСЫНДАҒЫ КОММУНИКАЦИЯ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ

«Salemdeputat.kz» жобасы туралы айтып берсеңіз, жалпы бұл идея қайдан келді?

– Дамыған елдерде мұндай жобалар бар. Сондықтан бұл біздің идея емес. Мысалы АҚШ-та «Конгрессменге ашықхат жолда» деген, Еуропа елдерінде де түрлі тақырыптар бойынша осындай жобалар бар. Жақында vlast.kz сайтының негізін қалаушы Вячеслав Абрамов Telegram каналында «Өз округіңнен сайланған Мәслихат депутатын білесің бе?» деген сауалнама жүргізді. Сұраққа жауап бергендердің 83%-і «жоқ» деп жауап берді. Ал, 11%-і  тіпті «Мәслихат деген не?» деген сауал тастаған. Халық арасында өз округінен сайланған депутаттарды білмейтіндер жиі кездеседі. Осындай кезде «онда адамдар кімге дауыс берді?», тіпті «дауыс беруге барды ма?», ал осы «депутаттардың бюджетті бекітетінін көпшілік біле ме?» деген сауал туады. Ал, депутаттар бекіткен бюджет біздің күнделікті өміріміз үшін маңызды.  «Қай көшеде асфальт төселеді», «қай көшеде бордюрлар ауыстырылады», «оқушылардың ыстық тамағы үшін қанша қаражат бөлінеді», осы мәселелердің барлығы бюджетте бекітіледі және ол біздің күнделікті өмірімізге ықпал етеді. Ал, ең күрделісі сол – адамдар бюджеттің өздерінің күнделікті өміріне әсер ететінін білмейді. Дүниеге келген сәттен бастап, егер дәулетті адам болмасаңыз, мемлекеттік перзентханада дүниеге келесіз. Сізге туу туралы куәлікті мемлекеттік мекеме – ХҚКО береді. Осы орталықтан көрсетілген қызметтің сапасы да бюджеттен бөлінген қаражатқа байланысты.  Мемлекеттік мектепте білім алсаңыз, ЖОО-на грантқа түссеңіз – мұның барлығы да бюджеттің қаржысы. Егер ол жерлерде жемқорлық болатын болса, онда мемлекеттік қызметтің сапасы нашарлайды, сонымен бірге біздің өміріміздің сапасы да нашарлайды. Адамдар осыны түсіне бермейді және «бізге қатысы жоқ, бізге керек емес» деп ойлайды.  Шағын бизнес болса, табатын табысына ғана алаңдайды. Ал, шағын бизнестің өзі салық төлейтінін, ал Салық департаментінде немесе басқа мемлекеттік мекемелерде оларға нашар қызмет көрсетілсе, бұл олардың салығына келген қызмет екенін ескере бермейді. Осы аралықтағы байланысты көрмейді.

Ал, «Salemdeputat» сайтының міндеті қарапайым халықтың өз депутаттарын білуіне жағдай жасау. Біз бұл сайтта барлық облыстардағы облыстық 530 және республикалық маңызы бар үш қаладағы қалалық мәслихат депутаттары және 100-ден аса Мәжіліс депутаты туралы ақпарат орналастырдық. Яғни, сайтта 630 депутаттың аты-жөні бар, соларға хат жазуға болады және хат жазған адам, кері байланыс құралы ретінде өз электронды поштасын қалдыруы керек. Алайда, депутат жауап бере ме деген мәселе біршама күрделі, олардың жауап беруін біз бақылауда ұстай алмаймыз. Өйткені, олар мемлекеттік қызметкер емес, сондықтан олардың сауалға жауап беруі заңмен міндеттелмеген. Дегенмен, біздің мақсатымыз міндетті түрде депутаттан жауап алу емес. Өйткені, депутаттар мұндай хаттарды елеусіз қалдыруы әбден мүмкін. Ал, көпшілік өз сауалдарын сайт арқылы депутатқа жолдаса, яғни қоғам тарапынан жолданған сауалдар көбейген сайын, депутат та қоғам алдында жауап беруге тиіс екенін, өз міндетін сезінеді. Әр депутат ең болмағанда 50-100 ашық хат алған кезде Мәжілісте 5 жыл немесе маслихатта 4 жыл үндемей отыруға болмайтынын түсінеді. Ал, біздің мақсатымыз осылайша сайланушы мен сайлаушының арасындағы коммуникация мәдениетін дамыту.

БІЗДІҢ ЕЛІМІЗДЕ БЮДЖЕТТІ ТАЛҚЫЛАУ БАРЫСЫ ЕЛЕУСІЗ КҮЙДЕ ӨТЕДІ

– Шетелдердегі тәжірибе туралы айттыңыз. Шетелдерде мұндай жоба қаншалықты сәтті жүзеге асуда?

– Дәл қазір менің қолымда ол туралы ақпарат жоқ. Бұл кеңінен қолданылатын тәжірибе. Бір білетінім, шетелде халық өзінің кімге дауыс бергенін біледі. Сонымен қатар, бұл жобадан саяси астар іздеудің де қажеті жоқ. Біздің ұйымымыз бюджет ашықтығына қатысты жобалармен айналысатындықтан, бұл сайт та негізінен бюджет мәселесіне арналған. Бастысы адамдар бюджетке қатысты сауалдарды жолдаса, яғни «бюджет ақшасы қалай және қайда жұмсалуда? Алдағы жылдың бюджеті қалай қалыптасады?» деген секілді. Ал шетел тәжірибесіне келетін болсақ, бүкіл әлемде бюджет талқыланғанда теледебаттар өтіп жатады. Депутаттар өз ұсынысын айтады, әкімшілік мекемелер өз позицияларын қорғайды. Немесе түрлі фракция депутаттары теледебаттарда түрлі пікір-таластарға түсіп жатады. Ал, біздің елімізде бюджетті талқылау барысы өте елеусіз күйде өтеді. Тек қандай да бір басылымда, оның өзі әкімшілікке қарасты газетте «Мәслихат бүгін 2021 жылға арналған бюджетті талқылады» деген шағын хабарламаны көруіңіз мүмкін. Жалпы бюджет төрт кезеңнен тұрады. Ал, бюджетт қарау мен бекіту кезеңі өте жабық әрі іш пыстырарлық, өйткені оның солай болуына депутаттардың өздері де, халық та, әкімшіліктер де өз үлесін қосты.

– Мүмкін, әкімшіліктер үшін бұл ыңғайлы да шығар? «Жалпы, мәслихаттар әкімшілік шешімін заңдастырып қана отырады. Олар тіпті қарсы дау айтып, пікір-таласқа да түспейді» деген де пікірлер бар… Zertteu Research Institute үкіметтік емес ұйымының жұмысы туралы айтып өтсеңіз.

– Біздің жұмысымыз негізінен бюджеттің айналасында өрбиді. Бұл бюджетке қатысты білім беру бағдарламалары, бюджетті сараптау, бюджетті зерттеу және біздің ұйым мемлекеттік органдарға, Парламентке бюджеттің ашықтығын қамтамасыз ету үшін не істеу керек екені жөнінде кеңестер береді. Бюджет процесінде халықтың пікірі ескерілуіне қатысты ұсыныстар жасайды.

– Байқап отырсақ, коронавирус пандемиясымен бірге халық бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты мәселеге жіті назар аудара бастады. Бұрын-соңды қоғамда мұндай үрдіс жоқтың қасы еді.

– Дәл байқадыңыз. Бұрын біздің “бюджеттің орындалуы туралы есеп жарияланды, бюджет жобасы жарияланды” деген хабарламамызды ешкім елемейтін. Әкімшіліктің сайттарына ешкім де кіріп, бюджет жобасын оқымайтын. Ал қандай да бір «жұлдыз» Insta-парақшасында мынадай сөмке сатып алдым деп жазса, оған миллион лайк басылып, 150 пікір жазылар еді. Адамдарға осы анағұрлым қызығырақ еді. Өйткені, салыстырмалы түрде адамдардың жағдайы жақсы болатын. Ал, пандемия кезінде жеке клиникалар науқастарды емдеген жоқ. Шекара жабық болды. Ауруханаларда орын жоқ, дәріханаларда дәрі жоқ, бай да, кедей де бір деңгейде шарасыз қалған кезде, адамдар өздерінің әлсіз екенін түсінді. Олар мемлекеттің жұмыс істеу сапасына, мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне тәуелді екенін түсінді. Адамдар дәрінің, ИВЛ аппаратының болу-болмауы, түрлі қайғылы оқиғалардың көбеюі, осының барлығы тікелей бюджетке байланысты екенін түсінді. Қоғамдағы әлеуметтік мәртебең қандай болса да, мемлекеттік жүйенің дұрыс, сапалы жұмыс істеуі маңызды екені айқын болды.

Дәл осы тұста біздің ұйым, онлайн түрде  әлеуметтік желілерде «коронасатып алу» деген айдар жүргізді. Мемлекеттік сатып алулар порталында ковидпен күрес үшін сатып алынып жатқан құрал-жабдықтарды бақылауға алдық. Осылайша, 4 сатып алу бойынша 183  млн теңгенің келісім-шартын бұзуға ықпал еттік. Мысалы, Түркістан облысында маска сатып алуға жарияланған байқауда Астанада гүл букетін сатумен айналысатын компания жеңіске жеткен. Біз осы ақпаратты жариялағанда, адамдар да бұл хабарламаға реакция танытып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті белгілеген. Осылайша Түркістан облыстық сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл іске араласып, бір жақты түрде бұл тендерге байланысты келісім-шарт үзілді. Өйткені тендер өткізуде заң бұзылған.

Сонымен қатар, Алматы полиция департаменті қорғаныш костюмдерін сатып алуға тендер жариялады. Онда белгіленген баға нарықтағы бағадан анағұрлым жоғары болды. Біз осы туралы жазғаннан кейін, бұл ақпарат көптеген басылымдарда жарық көрді және полиция департаменті де бұл сатып алудан бас тартты. Осылайша, бюджет ақшасының мақсатсыз жұмсалмауына өз үлесімізді қостық деп есептейміз және бұл тек біздің еңбегіміз емес. Біз мұндай ақпараттарды бұрын да жариялап отыратынбыз. Бұл – бюджет ақшасының қайда жұмсалып жатқанына қызығушылық танытып, белсенді түрде бөліскен әлеуметтік желі қолданушылардың арқасы, солардың да еңбегі.

2,2 МЛРД ТЕҢГЕ ДЕГЕНІҢІЗ АЛТЫ МЕКТЕПТІҢ БІР ЖЫЛДЫҚ БЮДЖЕТІ

– Соңғы уақытта елімізде бюджет 3 жылға бірақ қабылданады. Оған сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Қазақта «Жақсы әйел бір күндігін ойласа, жақсы еркек бір жылдығын ойлайды» деген сөз бар ғой. Бұл алдағы уақытта қандай шығындар болуы мүмкін екенін жоспарлауға, яғни жоспарлау мақсатында өте қолайлы әдіс. Әсіресе ұзақ мерзімді инвестициялық жоспарларды жобалағанда мұндай бюджет қолайлы болады.

– Жақын күндері ғана Сенат алдағы 3 жылдың бюджетін мақұлдады. Осы бюджет жобасына қатысты талдау жасадыңыздар ма?

– Иә, жақында біз бюджет жобасы бойынша цифрларды жариялаған болатынбыз. Мысалы, бюджет жобасында Сыртқы істер министрлігі шетелдік іссапарларға деп 2,2 млрд қарастырған еді. Қазір пандемия жағдайы және оның қанша уақытқа созылатынын ешкім білмейді, осындай жағдайда шетелдік іссапарларға 2 млрд теңге қарастыру қаншалықты дұрыс? Мысалы Қорғаныс министрі өзі басқаратын ведомствода барлық шетелдік іссапарларды шектейтінін мәлімдеді. Бұл қисынды шешім. Сонымен қатар, алдағы үш жылдың бюджет жобасында туризмді дамытуға, шетелдік көрмелерге 842 миллион теңге жұмсау көзделді. Бұл да қаншалықты орынды шешім? Жалпы, бюджеттің шығысы 14 трлн теңге, оның 50%-тен астамы әлеуметтік салаға жұмсалады –  зейнетақы, жәрдемақы, денсаулық сақтау, білім т.б. 4 трлн – аймақтарға бөлінетін трансферт. Ал, қалған шығыстар да қажеттілігі мен тиімділігі жағынан өте мұқият қарастырылуы тиіс. Өйткені 2 млрд, 1 млрд деген аз сома болып естілуі мүмкін. Алайда, 2,2 млрд теңге дегеніңіз алты мектептің бір жылдық бюджеті. Сондықтан, тиімділік басты орында болуы тиіс. Жыл сайын бюджет, өткен жылғы бюджеттің негізінде дайындалады. Сонымен қатар, биыл бюджет өте тез мақұлданды. Қазан айы аяқталмай жатып, Мәжілістің бюджетті мақұлдауы өте сирек кездеседі. Сонымен қатар, БАҚ-та депутаттар бюджет жобасына қатысты мынадай сауал жолдады деген  мәселелер аса көп жазыла да қойған жоқ. Мәжілістің бұлай пассив болуына алаңдап та отырмын, неге? Өйткені пандемия жағдайында бәрі өзгеріп жатыр, мектептер онлайн білім беруде, пандемия салдарынан қазынаға 1 трлн теңге түспей қалды. Ал бюджет жобасында осы    өзгерістер қаншалықты ескерілді?

– Жалпы, талқыланып жатқан бюджет жобасы туралы БАҚ-та айтыла ма, ол туралы жарияланымдарға көңіліңіз тола ма?

– Жоқ, мүлде көңілім толмайды. Жалпы бюджет процесі төрт кезеңнен тұрады. Бірінші жобаны әзірлеу – онымен мемлекеттік органдар, әкімшіліктер және Қаржы министрлігі айналысады. Екіншісі Маслихаттар мен Мәжілісте бюджетті талқылау және бекіту процесі. Үшінші кезең жыл бойы бюджетті игеру мен қаражатты жұмсау процесі, төртінші кезең бұл есеп беру кезеңі. Есеп комитеті жасайтын бюджетті игеру есебі. Осылардың арасындағы ең жабық кезең, ол – бюджетті талқылау мен бекіту кезеңі. Ол туралы БАҚ-та өте аз жазылады. Тек ресми ақпарат құралдарында ғана «Парламент бюджет жобасын талқылауды бастады, бюджеттің параметрлері мынадай, бюджетте мынадай сома бекітілді» деген секілді жалаң ақпарат қана беріледі. Бірақ, депутаттардың қызу пікірталасқа түскенін, Министрлікке ресми сауал жолдағанын көрмейсіз. Өкінішке орай, бюджет жобасы қоғамда да аса көп талқылана бермейді. Қоғамда талқыланбайды, өйткені әкімшіліктер, министрлік, мәслихат пен Мәжіліс болсын, ешбірі мұндай мәдениетті қалыптастырған жоқ. Кейде, қоғамда бұл мәселе бойынша сарапшылар жоқ деген пікірлер айтылады. Әрине, қоғам өкілдері бюджет жөніндегі сарапшылар емес, алайда олар қоғамның мұқтаждығынан хабардар және ол ескерілуі тиіс.

– Қалай ойлайсыз, мұндай мәдениетті қалай қалыптастыру керек?

– Бұл мәдениеттің қоғамның өз ішінде қалыптасуына мүмкіндік жасай алмадық. Сондықтан әкімшіліктер, министрліктер бұл мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Олар бюджет бойынша білім беру алаңдарын ұйымдастыруы керек. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бар. Осы тапсырыс аясында бюджет бойынша телебағдарламаларға, газет бетіндегі талқылауларға тапсырыс берілуі керек. Осылайша бұл мәдениетті жасанды түрде енгізу керек, сосын бірте-бірте халықтың да қызығушылығы оянады.

– Мүмкін бюджет жөніндегі мәселелерге селқос қараған журналистердің де кінәсі бар шығар?

– Иә, ақпарат құралдарының да жауапкершілігі бар. Олар, бюджет тақырыбына қызықпайды және оны күн тәртібіне көтермейді. Өйткені, бұл мәселені күн тәртібіне шығаратын журналистер ғой. Алайда, екінші жағынан бюджет техникалық құжат. Оны жіліктеу керек, оған уақыт керек. Ал, журналист тек бюджет тақырыбын ғана көтеретін болса, оған еңбекақы төлене ме? Бұл өте қызық сұрақ.

– Мемлекеттік ақпараттық тапсырыста да бюджет тақырыбына қатысты тапсырыс аз бөлінген секілді, қалай ойлайсыз?

– Тіпті бөлінбеген деуге болады. Ол бойынша тек мақұлданған бюджетті газеттерге жариялауға ғана қаражат қарастырылған. Бірақ, халыққа ақпарат беру, түрлі пікірталастар ұйымдастыруға қатысты қаражат бөлінбеген. Дегенмен, мемлекет тарапынан да бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, бірнеше жыл болды «ашық үкімет» жобасы аясында «ашық бюджет» порталы жұмыс істеп тұр. Алайда мұнда да техникалық құжат жарияланады. Оны қалың көпшілік ашып көре бермейді. Оны негізінен сарапшылар қарайды. Ал, негізінде қарапайым азаматтар сайтқа кіріп, өз қалаларының, мектебінің бюджеті туралы ақпаратты қарауы тиіс болатын. Ал, Зәуреш Батталова құрған «Парламентаризмді дамыту институты» ұйымы «publicbudget.kz» деген сайт ашқан. Мұнда аймақтардағы мектеп, ауруханалардың бюджеті туралы ақпарат бар.  Негізінде еліміздегі кез-келген мектеп, балабақша, аурухананың бюджеті туралы ақпарат интернетте жариялануы тиіс. Алайда, ол қазір жүйеленбеген, кейбір мекемелер жариялайды, кей мекемелер жарияламайды.

– «Zertteu Research Institute» үкіметтік емес ұйымы журналистерге арналған тренингтер ұйымдастырады, солар туралы айтып беріңізші.

– Біз бюджет бойынша білім беру бағдарламаларын өткіземіз. «Open budget fellowship» бағдарламасы. Оны біз үш жыл бойы өткіздік. Бұл бағдарламада 5 тренинг сериясы бар. Оған қатысқан жандар бюджетке қатысты ақпаратты табуды, талдауды, оны дұрыс, сауатты беруді үйренеді. Сондай-ақ журналистерге арналған «Мемлекеттік сатып алулар жөнінде мектеп» ұйымдастырамыз. Осы шараның арқасында қазір БАҚ-та мемлекеттік сатып алуларға қатысты көптеген материалдар жариялана бастады. Өте жақсы материалдар жариялануда. Ақпарат құралдарында мемлекеттік сатып алуларға қатысты материалдардың көптеп жариялануы жемқорлықтың алдын-алуға да ықпал етеді. Ал, өзінің әрекетін журналистің, қоғамның бақылап отырғанын байқаған мемлекеттік қызметкер, жемқорлық әрекетке бармас бұрын 100 рет ойланады.  Осылайша қоғамда жемқорлық азаяды. Сондықтан, бұл мәселеде журналистің алатын орны ерекше.

– Қарапайым адам бюджет туралы қандай ақпарат білуі тиіс?

– Ең алдымен өзі қандай салық төлейтінін білуі керек. Көлігі болса көлік салығын, жері болса жер салығын, үйі болса мүлік салығын төлейді ғой. Осы салықтың барлығы кейін, денсаулыққа, білім беруге жұмсалады. Сондай-ақ, адамдар бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты мәселеге немқұрайлы қарамауы керек. Мысалы, күндіз көше шамдары жанып тұрса, өз басым оны суретке түсіріп, әкімшіліктің аккаунтына жіберем. Өйткені, көше шамдарына жыл сайын көптеген қаржы бөлінеді. Ол қаржы біздің төлеген салығымыздан жиналған қаражат есебінен бөлінеді. Жыл сайын бордюр ауысып жатса, жыл сайын бүлінбеген жолды қайта жөндеп жатса, яғни жөнсіз шығын шығып жатқанын көрген жан бейқамдық танытпауы керек. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын өз қаржысындай көруі тиіс, өйткені ол расында да өз қаржысы, оның төлеген салығы есебінен бөлінген ақша.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар