//

2021 жылы Президент әкімшілігінің көлік шығындары қандай болмақ?

4329 рет қаралды

Әдеттегідей, мемлекеттік сатып алу порталын ақтарып отырып, қызық дерек таптық. Президент әкімшілігі Нұр-Сұлтандағы және Алматыдағы резиденциялары үшін автокөлікпен қамту бойынша 2021 жылға сауда-саттықты аяқтапты.

Алдағы жылы Нұр-Cұлтан қаласы бойынша Президент әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалардың жұмыс кестесіне сәйкес  кем дегенде 14 автокөлік  қызмет көрсетпек. Он көлікке шығарылған жылы бойынша, 2013 жылдан ерте емес болуы тиіс деген талап қойылса, төртеуінің шығарылған жылы 2010 жылдан кем болмауы тиіс.  Автомобильдер өкілдік және бизнес санатқа сәйкес болуы тиіс – седан және жолсызда жүре алатын автокөлік; KZ, QR, UD сериялы арнаулы мемлекеттік нөмірлерімен жабдықталған; қозғалтқыштың жұмыс көлемі – 2400 текше сантиметр және одан жоғары; отыратын орындардың саны – 4/5 орындық; артқы орындықта орналасқан жолаушыларға арналған қауіпсіздік жастықтары болуы тиіс; қауіпсіз тежеу жүйесі және орнықтылық және тұрақтандыру курс жүйесі болуы тиіс; автомат немесе механика, круиз контроль және  борт компьютері, штаттық аудио жүйе болуы тиіс.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қызметтік және кезекші автомобильдер деген тапсырыс бойынша, тәулік бойы өтінімдерге сәйкес  – 24 көлік қызмет көрсетеді.  Бұл көліктерден де  жоғарыдағы төрт көлікке қойылған талап сұралыпты.

Бұдан бөлек, Президент әкімшілігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қонақтарға арналған 25-тен кем емес автомобильдерге тапсырыс беріп отыр. Бұл көліктер де тәулік бойы өтінімдерге сәйкес қызмет көрсетпек. Бұл көліктерге алғашқы 10 автомашинаға қойылған талап жүктеледі.

Қызметкерлерді автобустармен және микроавтобустармен тасымалдау үшін 4 автокөлік қажет болады.  Сағ.06.00-22.00 дейін қызмет көрсететін  автобустар, микроавтобустардың шығарылған мерзімі 2010 жылдан кем болмауы керек.

Сонымен қатар, тапсырыс берушіге (Нұр-Сұлтан қ., Ақорда резиденциясы, Парламент, Үкімет үйі, Министрліктер үйі) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына қызмет көрсету үшін сапалы, қауіпсіз және үздіксіз жеңіл автокөліктерді, автобустарды, микроавтобустарды ұсыну, жұмыстан тыс уақытта оларды шақыртуға мүмкіндігі бар болуын қамтамасыз ету және автокөлік жүргізушісі мен автокөліктің техникалық қажеттіліктеріне сай бірқатар талап қойылған.  Сондай ақ, бұл көліктерде стратегиялық және айрықша маңызды мемлекеттік нысандардың территориясына кіруге рұқсат болуы керек.

Ал, Алматы қаласы бойынша тәулік бойы өтінімдерге сәйкес қызмет көрсететін, қызметтік және кезекші 7 автомобиль қажет болады екен.  Алматы қаласы  үшін 2012 жылы шығарылған седан көлігі де жарайтын көрінеді.

Техникалық талапта көрсетілгендей, автокөлік қызметтерін көрсетудің жалпы сомасына барлық ілеспе шығындар яғни, көліктің техникалық қызмет көрсету құны, жөндеуі, қосалқы бөлшектері, сақтандыру куәліктері, техникалық байқау, жанар-жағар майдың құны, жүргізушілерді дәрігерлік тексеруден өткізу құны, жүргізушілердің, техникалық және басқа да қызметкерлердің  еңбекақылары  және басқа да шығындар кіреді.

Сонымен, бұл байқауда «Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Автошаруашылығы” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жеңіске жеткен. Тендер ойнатылды деген аты ғана болмаса, Президент іс басқармасына қарасты мекеме екен. Президент әкімшілігіне Президенттің іс басқармасының қызмет көрсетуі қалыпты дүние дерсіз. Біз де солай ойладық. Мүмкін, қаражатқа қатысты ашықтық қажет болғандықтан, осылай тендер өткізілген шығар. Есесіне енді мұндай қызметтің 2021 жылғы құнын білетін боламыз.

Тиісінше сауда саттықтың құны – 311 миллион 423 мың  214.29 теңге. Аз ба, көп пе ол жағын өзіңіз бағамдаңыз.

Айтпақшы, шаруашылық жүргізу құқындағы «ҚР Президент істері басқармасы, Президент әкімшілігі және Үкімет әкімшілік ғимаратының дирекциясы» Республикалық  мемлекеттік кәсіпорны жалпы құны

1 785 714.29 болатын тендер жариялады. Өтініштер қабылдау 25-ші желтоқсанға дейін жалғасады.

Қызмет көрсету мерзімі 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап, 2021 жылдың 30 желтоқсанына дейін. Байқау Қаржы министрлігі мен Үкімет үйінің ғимараттарын көрсетілген мерзім аралығында мерекелік безендіру үшін өткізілмек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар