“Мінбер” журналистерді қолдау орталығының үш аптаға жоспарланған “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жазудың ерекшелігі: ERG мысалында” тренингтер сериясы аяқталды. Тренинг онлайн форматта өткеніне қарамастан, жекелеген өңірдің журналистері ғана шақырылды. Әрі жекелеген өңірлердің мысалында бизнес материалдарды дайындаудың ерекшеліктерін сарапқа салдық. Павлодар, Қостанай және Ақтөбе өңірінен 60-қа жуық журналист қатысты. Шараға ERG Komek корпоративтік қоры демеушілік жасады.
Қазіргі кезде ERG секілді ірі алпауыт компаниялар журналистердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған шараларға демеушілік жасайтынын жиі байқаймыз. Бұл да болса жалпы бизнес әлемінің де ақпараттың маңыздылығына бұрынғыдан да мән беріп отырғандығының көрінісі деуге болады.
«Мінбер» журналистерді қолдау орталығының тренингінде журналистің ақпаратқа қол жеткізуі, интернеттегі ашық дереккөздерден, мәселен мемлекеттік сатып алу порталынан, статистика агенттігі сайтынан, Google, Yandex арқылы ақпаратты індете іздеу, мемлекеттік кірістер комитеті сайтынан еліміздің ең ірі салық төлеушілерін табу, www.kase.kz; www.finred.kz сайттары арқылы қор биржасындағы ақпараттарды табу, осы табылған деректерден дата стори жасау, визуализация жасау, басқа да қажетті дүниелер үйрендік. Медиатренерлер Есенгүл Кәпқызына, Асхат Еркімбай, Ербол Азанбек, Баубек Сағындық деген азаматтарға алғысымыз шексіз. Мұндай тренингтердің қазақ журналистерінің, сайып келгенде қазақ журналистикасының, қазіргі жаңа кезеңдегі қазақ журналистикасының кәсіби деңгейін арттыратынына сеніміміз мол.